You are here

Қызылмия тағдыры қыл үстінде

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Сырдың бойындағы емдік қасиеттері елге ертеден белгілі мия деген өсімдік бар. Жергілікті жұртшылық оны ешбір жан-жануар аузына салмайтын ащылы-сортаң «есекмия» деген өсімдіктен ажыратып әрі әспеттеп көрсету үшін «қызылмия» деп ерекше екшелеп айтады.

Шынында да бұршақ тұқымдасына жататын «мия» атты бұл көпжылдық шөптесіннің түрлі дәрі-дәрмек жасауда таптырмас орны бар. Әдетте, фармацевтер қызылмия мен оның миятамыр деген түрлерінің тамырларынан гликозид, сахароза, эфир майы, органикалық   қышқылдар, минерал тұздары секілді заттарды түзіп алады. Соның арқасында аталмыш өсімдіктің дәрілік элементтері медицинада, темекі және тамақ өнеркәсібінде қолданады. Бұған қоса, жапырағы мен сабағы қой малы үшін таптырмас азық қоры болып саналады. Бұл көпжылдық шөп тектес өсімдіктің биіктігі 100-130 сантиметрге дейін жетеді. Ол негізінен өзен бойларында, сулы атыраптарда, арық-жаптың жағасында, топырақты аймақтарда өсетіндігімен ерекшеленеді.

Адамдар мияның тәтті тамырларының адам денсаулығы үшін шипасы мол екенін ежелгі замандардан жақсы білген. Айталық, гректің біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда өмір сүрген атақты тарихшысы Геродот мия тамырының мың-сан сырқатқа ем болатынын дөп басып, жазып кеткен екен. Ол өзінің 9 томнан тұратын әйгілі «Тарихының» бірнеше жерінде осы тақырыпқа қайта оралып отырған. Ал ертедегі Қытайда мияның тамырларынан жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге қызмет ететін дәрумендер жасалған. Қазір де мия инсулин іспеттес дәрі-дәрмек дайындауға кеңінен пайдаланылады.

Бүгінгі кең-байтақ Қазақстанның шөл-шөлейтті және далалы аймақтарында өсетін мияның 5 түрі өсетін болса, солардың барлығы да Қызылорда облысының аумағында танап таратқан. Және олар облыстың барлық аудандары жерлерінде кездеседі. Ал өңіріміздің өміршең шөбі, өскелең өркені болып табылатын, қазір «Сырдың алтын тамыры» деген лайықты атауға ие болып отырған сол мияның өзімен қоса тамырын көздің қарашығындай қорғап, оларды сақтап қалу қазір барған сайын қиындап барады. Себебі, осындай бағалы шөптің бәсіресін базардан көріп, оны көтере сатып алып кетуге құмарлар мен ынтықтар соңғы кездері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келеді. Соның ішінде көне кезеңдерден халықтық медицинасы қатты дамыған Қытай жерінде бұл шөпке деген сұраныс өте көп. Сол сұраныстың дүмпуі мен дүрмегі мұнда оңай жерден табысқа кенелуде салмаққа құштар біраз ағайынды отырған орындарынан шалт тұрғызып, біраз қопаңдатып қойған сияқты. Оңай табысқа кенелуді көздеген кейбір азаматтар кетпендеп, күректеп қазып емес, ауыр техникалардың күшімен тереңдігі жарты метрден астам қопарып жинап, туған жеріміздің табиғатына аяусыз нұқсан келтіруде. Осының өзі бүгінгі таңда қызылмия тағдырының қыл үстінде тұрғанын көрсетеді.

Қызылмия – Сыр өңірінің барлық атырабында да жеткілікті. Дегенмен, ол суы мен нуы көп, суармалы егіншілігі кеңірек етек жайған Сырдария ауданы ауқымында бәрінен де көбірек. Сондықтан біздің инициативамызбен жақында осы ауданда «Сырдың алтын тамырын қорғайық!» тақырыбында акция өткізілді. Бұған жергілікті жерлерде әлгіндегідей жабайы тірліктерге қарсы қойылып отырған тосқауылдың кемдігі себеп болды. Өкініштісі, мұндай заңсыздықтарды көре тұра көз жұма қарап отырған жергілікті ауыл әкімдері мен ішкі істер органдарының қызметкерлері жоқ емес. Бұған дәлел, мия тамырларын жабайы түрде жинау фактілерін анықтау мақсатында аудандық прокуратура үстіміздегі жылдың тамыз айының 18-21 күндері аралығында әр елді мекенді аралап, халықпен кездесу жүргізу барысында Жетікөл ауылының тұсында белгісіз азаматтардың 14 гектар жердің миясы тамырларын жабайы түрде заңсыз жинағаны анықталған. Ең қызығы, аталған деректер сол ауылдың мектеп оқушысынан бастап қариясына дейін белгілі болып отырғанда, ауылдың әкімі мен учаскелік инспекторы бұдан бейхабар жандардың кейіптерін танытқан. Қазір уәкілетті органдар осы оқиғадан шығатын өсімдікті заңсыз жинау фактісі бойынша тексеру шараларын жүргізуде. Облыстық прокуратурада дәрілік құралдар өндірісі үшін шикізат болып табылатын мия өсімдігі тамырларын заңсыз жинаудың жай-күйі талданды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2014 жылы облыс аумағында қызылмияны заңсыз алудың, қазудың 23 фактісі тіркелген.

Бұл жерде Қазақстан Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулысымен бекітілген өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiне мия өсімдігінің енгізілмеуі кінәлі тұлғаларды тиісті жауаптылыққа тартуда кедергі келтіріп тұрғанын да айта кетуіміз керек. Үкіметтің 2011 жылғы 1 қарашадағы №1268 қаулысымен «Мемлекеттік орман қоры аумағында орманды жанама пайдалану» қағидасы бекітілген. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде қысқа мерзімді орман пайдалану құқығы орман билетінің негізінде туындайды (Орман кодексінің 29-бабы 2-бөлігі). Ал облыстық мәслихаттың 2013 жылғы 10 шілдедегі №122 шешімімен мемлекеттік орман қорының және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарындағы учаскелерде орман пайдалану үшін төлем ставкалары (мия тамырлары – 1 кг. 200 теңге) бекітілген. Осылайша, Орман қоры учаскелерінен өсімдіктерді пайдалану тәртібі, пайдалануға рұқсат беру негіздері және төлем ставкалары бекітілгендіктен, сәйкесінше ондағы нысандарды заңсыз пайдаланғаны үшін тиісті әкімшілік жауаптылық қаралған. Орман қорынан тыс жерден өсімдіктер дүниесі нысандарын (мия тамырын жинау) алуға рұқсат беру тәртібі қолданыстағы заңнамамен реттелмегені, мия тамырларын жабайы түрде жинауға қолайлы жағдай туғызуда. Осыған орай, Орман қорынан тыс жерден өсімдіктер дүниесі объектілерін (мия тамырын жинау) алуға рұқсат беру тәртібі қолданыстағы заңнамамен реттелмегендіктен, заңнамаларға өзгерістер енгізу жөнінде Бас прокуратураға қызметтік хат жолданды. Өз кезегінде Бас прокуратура қызметтік хатта көрсетілген мәселелер қолдауын тауып, бүгінгі күні мемлекеттік уәкілетті органдармен қызылмия тамырын Қазақстан Республикасына әкелуге және одан тысқары жерлерге әкетуге рұқсаттар беру қағидалары әзірленуде.

Облыстағы прокуратура органдары ішкі істер және уәкілетті органдарға орман қорының жай-күйiне, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейтуге бағытталған нұсқаулар берді. Шаруа қожалықтардың жерлерінен (орман қорынан тыс жерден) мия тамырлары алынған жағдайда, қожалық басшыларын жердi нысаналы мақсатында пайдаланбағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тарту мәселелерін шешу жөнінде төменгі тұрған прокурорларға тапсырмалар жолданып, уәкілетті органдар бағытталды. Ал Сырдария аудандық прокуратурасының қолға алуымен ауданда мия тамырларының заңсыз алынуына тосқауыл қою, бұл бағыттағы жұмыстарға жергілікті тұрғындарды, үкіметтік емес ұйымдарды тарту мақсатында өткізілген жоғарыдағы акцияға жергілікті әкімдер, құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық және ардагерлер кеңесінің төрағалары, уәкілетті органдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Іс-шара кезінде қатысушылар сұрақтарына жауап беріліп, мия тамырларын заңсыз жинауды болдырмаудың алдын алу жайы талқыланды. Сонымен қатар, аудандық прокуратура «Сізге мия тамырының қазылу деректері белгілі болса…» тақырыбында жадынамалар таратты.

Бұл аса маңызды шарадан облыстық әкімдік те тыс қалған жоқ. Облыс әкімдігінде арнайы жұмыс тобы құрылып, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып жатыр. Табиғат ана байлығы баршамызға ортақ болғаннан кейін, оны қорғап, қастерлеуде баршамыздың парызымыз деп білемін. Егер осындай заңсыздықтармен бірігіп, бір жұдырықтай ел болып, қарсы тұратын болсақ, мұндай заңсыз әрекеттерге тегеурінді тосқауыл қоя алар едік. Сонда ғана қазір тағдыры қыл үстінде тұрған қызылмияны сақтап қалатын боламыз.

Сапарбек НҰРПЕЙІСОВ,

Қызылорда облысының прокуроры.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.