Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бөтеннің мүлкін ұрлағанды халық ұнатпайды. Жалпы ұрыны ешкім де жақсы көре қоймайды. Алайда бюджет қаражатын жалмап жатқандарды жұрт жетік білсе де, үнсіз жүре береді. «Менің ақшамды алып жатқан жоқ қой», дейді. Осылайша біреулер үшін мемлекеттің қаржысы қолына би­лік тиген әлдебір пысықайлар үшін ғана алтын қамауға айналған секілді. Әйтсе де сыбайласқан жем­қорлардың бюджеттің ақшасын жымқыру арқылы кімнің еңбегіне және кімнің қалтасына қол сұғып жатқанын анықтау аса қиын емес. Мәселен, қай мемлекетте болмасын, елдің экономикасын, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін, ең алдымен, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қажет. Бұл туралы Елбасы Жолдауларында үнемі айтып келе жатқаны және белгілі. Алайда, амал не, әсіресе адал қызмет еткенге, озық кәсіпкерлікке қашанда кедергі көп. Неліктен? Өйткені, еш жасыратыны жоқ, адал кәсіпкерлердің үстінен күн көретін арамтамақтар көп. Мәселе, кәсіпкерлердің жан алқымынан алып, оның тапқан табысына ортақтасатын, яғни халыққа заңды қызмет ет деп берілген қолындағы лауазымын теріс пайдаланатын адамдар туралы болып отыр.

2010 жылы жеке кәсіпкерлікті қолдау үшін «Бизнестің жол кар­­тасы-2020» бағдарламасы қабыл­данды. Осы бағдарламаның шеңбе­рінде кәсіпкерлікті алғаш бас­тап жүрген адамдарды гранттық қар­жы­ландыру, заемдар бойынша сый­­ақы мөлшерлемелерінің бөлігін субсидиялау, несиелерге кепілдік беру, кәсіпкерлерді оқыту және бизнес жүргізуді сервистік қолдау жүзеге асырылды. Мұндай игілігі бар жұмыстарды атқару үшін соңғы үш жылда бюджеттен 54 млрд. теңгеден астам қар­жы бөлінді, 3,5 мыңнан астам кә­сіпкерге қаржылай қолдау көр­се­тілді. Сөйтіп, осындай кең ауқымды шаралардың ар­қа­­­­­­­­сында елімізде кәсіпкерлік жан­­да­нып, қай салада болмасын мол­шылықтың астында қалуымыз керек еді. Бірақ, кәсіпкерлік жағдай біз ойлағандай емес екен. Елдің, халықтың, ұрпағының болашағына арналған қаржыға сол елдің қайсыбір атқамінерлері ауыз салады деп кім ойлаған?

Сондықтан мәселенің ма­ңыз­ды­лығын ескере отырып, прокуратура органдары атал­ған бағдарламаның жүзеге асы­рылуының заңдылығына тексеру жүргізіп көрді. Сөйтсе, жо­­ғарыда айтқанымыздай, құзыр­лы орган тексеріс нәтижелері көп­те­­ген заң бұзушылықтарға жол бе­­­ріл­генін айғақтап отыр. Атап айт­қанда, бірқатар жағдайларда өңірлік үйлестіру кеңестері бюджет қара­жаттарын тиімсіз жұмсауға әкеп соқтырған шешімдер қабылданған. Мәселен, Қызылорда облысында 2010 жылы өңірлік үйлестіру кеңесімен құрылысы басталмаған цемент зауытына құны 1,1 млрд. теңге тұратын сыртқы инженерлік жүйелердің құрылысын салу келі­сілген, оның 463 млн. теңгесі игеріл­ген. Ал қалған ақша қайда десе, оны тексеру көрсеткендей, мердігер 284 млн. теңгені қалтаға басып қалған. Дәл осылайша Жамбыл (325 млн. теңге) және Қарағанды (623,8 млн. теңге) облыстарында әлі құрылысы аяқталмаған өндірістік нысандарын жетіспейтін инфрақұрылымдарын жүргізу үшін қаржы бөлінген.

Сондай-ақ, бағдарламаны іс­ке асыру кезеңінен бүгінгі күн­ге дейін әрекет етпейтін неме­се пайдалануға берілмеген нысан­дардың инфрақұрылымын жасауға 380 млн. теңгеден астам қаражат беріліпті. Мәселен, 2011 жылы Шы­ғыс Қазақстан облысының Ше­монаиха қаласында шекара­лық әріп­тестікке арналған логис­тикалық орталыққа құны 157,6 млн. теңгені құрайтын өндірістік инфрақұрылым жүргізілген. Алайда, орталық әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген.

Жалпы, елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы үшін деп бөлінген қаржыға қол сұғушылар барлық мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысады. Со­лар­дың бірі ретінде кәсіпкерлерге кеңес беру үшін бөлінген қаржыны сервистік компаниялардың ұрлау деректері де анықталған. Атап айт­қанда, «Нейстон» ЖШС (Астана қаласы) 160 жеке кәсіпкерлік субъек­тілеріне сервистік қолдау көрсету жөнінде жалған есептер жасай отырып, 14,9 млн. теңгені иеленіп кеткен. Бірақ елдің қарғысы қоя ма, прокуратура алаяқтық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғап, аталған компанияның басшысы сотталды.

Дәл осындай қылмыстық істер Алматы қаласы, Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша да қозғалды. Мұндай заңсыз іс-әрекеттермен мемлекетке 80 млн. теңгеден астам шығын келтірілді. Енді оның орнын кім толтырады? Ұйымдасқандар аларын алды, жегенін жеді. Сонда байқасаңыз, әлгі тексеру барысы көрсеткендей, кәсіпкерлік субъек­тілері қаржыландыру жөнінде өтініш білдірген кезде олардың өті­німдерін қанағаттандырудан заңсыз бас тарту немесе оларды қарау ке­зінде сөзбұйдаға салу секілді заң бұзушылықтарға өте көп жол беріл­ген. Бұл орайда Бас прокуратура бағдарламаның жүзеге асырылуын талдау барысында елдің алты аймағында кәсіпкерлердің арасында сауалнама жүргізіпті, оның нәтижесі сұрау салынғандардың жартысынан көбі мемлекет көрсететін көмек жөнінде білмейтіндіктерін айқындап берген.

Кәсіпкерлердің бағдарлама жө­нінде білмеуі аталған бағ­дар­ламаның бизнес үшін қолже­тім­ділігіне ай­тар­лықтай әсер етеді, сондай-ақ мақсатты топтар ақпараттық-на­си­хат жұмыстарын жеткіліксіз жүргі­зетіндігін дәлел­деп отыр. Сондықтан осы тек­серудің нәтижелері бойынша Бас прокуратура Премьер-Министрдің атына заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізді, оған сәйкес Үкі­­мет бағдарламаны жүзеге асы­руға бақылауды күшейту жә­не қаржыландыруды алуға кәсіп­керлердің қолжетімділігін оңайлату мақсатында шаралар қабылдамақ. Осылайша халықтың, яғни мем­лекеттің қаржысын талан-таражға салуға тосқауыл қоюға алғы шарттар жасалады деп сенгіміз келеді.

Александр ТАСБОЛАТОВ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.