Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Парламент Сенатында кеше «Қылмыстық құқық пен процестің конституциялық-құқықтық проблемалары» тақырыбында конференция болып өтті. Аталған шара Қылмыстық және Қылмыстық-іс жүргізу кодекстерінің жобаларын Парламентте қараудың алдында ұйымдастырылып отыр.

Конференция жұмысына қос палата депутаттарынан өзге Конституциялық Кеңес, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Әділет және Ішкі істер министрліктері мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ғалымдар қатысты. Шараны кіріспе сөзбен ашқан Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қылмыстық құқықты ізгілендіру мен қоғамда кез келген құқық бұзушылыққа төзбеушілікті қалыптастыру көріністері арасында ортақ вектор жасалуы тиістігін айтты. Төраға орынбасары осы ретте заңдылықтың, адам құқықтары мен бостандығының мінсіз сақталуын, негізсіз айыпталу мен кінәлаудан, бостандығын заңсыз шектелуінен қорғауды қамтамасыз ету өзекті мәселе болып отырғандығын ерекше атап көрсетті. Және де қылмыс үдерістеріндегі тараптардың айыпталуы мен қорғалуындағы тартыстық негізді одан әрі дамыту, сотқа дейінгі тергеу және сот талқысы рәсімдерін оңайлату мен жетілдіру жөніндегі шараларды қабылдау қажеттігіне конференцияға қатысушылардың назарын аударды.

Отырысты жүргізген пала­таның Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай ішкі саяси-әлеуметтік, құқықтық реформалар қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын түзету енгізуді талап етіп отыр дегенді баса айтты. Тарқатып айтқанда, қылмыстық және қылмыстық-іс жүргізу заңнамасындағы жекелеген ережелердің қазіргі жағ­дайларға сәйкес келмеуі, оны өзгерген нақты жағдайға бейім­­деуге талпыныстар, қыл­мыс­­тық заңнамаға ауқымды түзету жасау жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-іс жүргізу кодекстерін әзірлеу және оны қабылдау қажеттігін туындатқан. Сонымен бірге, конференция барысында Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель Қылмыстық және Қылмыстық-іс жүргізу кодекстерінің жаңа жобаларындағы негізгі мәселелері бойынша баяндама жасады.

И.Меркельдің мәліметіне қа­рағанда, Қылмыстық кодекстің жаңа жобасы 467 баптан тұрады. Ал қолданыстағы кодексте 422 бап бар. Халықаралық тәжірибеге сәйкес қылмыстық жазаға тар­тудың екібөліктік жүйесі, яғни қылмыс және қылмыстық теріс қылық әрекеттері енгізіліп отыр. Қылмыстық теріс қылықтары үшін жазаны жұмсарту түрлері, ең алдымен қоғамдық және тү­зету жұмыстары, сондай-ақ соттылығы жоқтығына байланысты қылмыстық мерзімінің қысқаруы көзделеді. Әсіресе, бас бостандығынан айырудың орнына ірі көлемде айыппұл төлету немесе қоғамдық жұмыстарға жұмылдыру мәселесі кеңінен қолданылады деп күтілуде. Мұн­дай айыппұл тек адам өліміне алып келмеген үлкен емес немесе орташа ауыр қылмыс жасағандарға қолданылатын болады.

Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасағандарды және оларға қатысты жыныстық қылмыстарға барғандарды өмір бойы балалармен жұмыс жасауы­на тыйым салу да назардан тыс қалмаған. Медициналық қылмыстарға ден қойылып отыр, әсіресе, заңсыз дәрі-дәрмек айналымымен айналысқандарды жазалау күшейтілген. Кибер­қылмыспен күрес те жобада көрініс тапқан. Кейбір жағ­дайларда сот шешімінсіз мүлікті тәркілеу шарасы да енгізілген. Онда да бұл шара тек заңсыз жолмен алынған мүлікке қатысты жүргізілетін болады. Көлікпен жасалған қылмыстар үшін жаза да қатайып, мас күйінде көлік жүргізген азаматтар үшін жүр­гізушілік құқынан айыру мерзімі 10 жылға дейін ұзартылып отыр. Бұдан басқа жобада есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты норма да күшейтілген. Сол сияқты экстремизм мен терроризм және радикалдық идеология таратқандар үшін жаза да өте қатаң болады деп күтілуде.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.