You are here

ҚЫЛМЫСТЫҚ САЯСАТ ІЗГІЛЕНДІРІЛЕДІ

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Астанада өткен халықаралық конференцияда Батыстан және орталықазиялық көршілерімізден келген саясаткерлер мен саяси сарапшылар егемендігін жойған мемлекеттің қандай аянышты күй кешетіндігі жөнінде ойларымен бөлісті.

Қазақстан өз Тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтап, қызғыштай қоруы керек. Астанада өткен халықаралық конференцияда Батыстан және орталықазиялық көршілерімізден келген саясаткерлер мен саяси сарапшылар егемендігін жойған мемлекеттің қандай аянышты күй кешетіндігі жөнінде ойларымен бөлісті. Мысалға, тікелей Мәскеуге бағынған, еліміздегі бар саясатты нән сағатты Кремль шешкен заманнан елімізге аса ауыр «мұра» қалыпты, Қазақстан оның зардабын әлі жою үстінде екен.

Негізі, 200-дей қонақ қатысқан бұл жиын Қазақстан мен Орталық Азиядағы қылмыстық-атқару заңнамасын реформалауға арналған болатын.

– Аузы-мұрнына шыға толған түрмелер, сотталғандарды отрядтық-баракты жағдайда ұстау, лайықсыз гигиена, бас бостандығынан айыру орындарындағы жоғары өлім-жітім – Қазақстанға өз Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында осындай проблемаларды шешуге тура келді, – деп еске алды Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов. – 80-жылдардың ортасында 100 мың қазақстандыққа 676 сотталушыдан келді. Бұл қазіргі уақыттағыдан 2,5 еседен арттыққа көп!

Ол төбе шашты тік тұрғызған бір мәлімет келтірді: 90-жылдар басталғанда күні санаулы қалған Кеңес Одағында барлығы 700 мың сотталғандар болыпты. Соның 100 мыңы, яғни әрбір жетіншісі біздің елімізде орналасқан колонияларда жазасын өтеп жатқан!

«1996 жылы «түрме тұрғындары» индексі бойынша Қазақстан бүкіл әлем бойынша АҚШ пен Ресейден кейінгі үшінші орында тұрды. Шынын айтқанда, кеңестік репрессия саясаты біздің республикамызға «лагерьлер елі» «қамытын» кигізді» деп ашығын айтты Бас прокурордың орынбасары. Тәуелсіздіктің 20 жылдан астам уақыты ішінде Қазақстан «түрме индексі» жаһандық рейтингінде 3-тұғырдан 35-орынға дейін түсіп, жағдайын жақсарта алды. «Бұл үшін ондаған заң қабылданды, 7 рақымшылық жасалды. Яғни Қазақстанда қылмыстық саясатты ізгілендіру үрдісі енді жеткілікті түрде орнықты» деп мәлім етті Жақып Қажманұлы.

Батыстан келген мәртебелі меймандар да Қазақ елінің жетістіктеріне, дамыған әлеммен бірге қозғалысына қуанатындарын жеткізді.

– Қазақстанда соңғы жылдары қолайлы саяси жағдай қалыптасты, – деп жоғары бағалады Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Орталығының басшысы, елші Наталья Зарудна. – Біз жақсы өзгерістердің дәл осы қазақ елінде жүзеге асқандығына қуаныштымыз. Бұл мемлекеттің жоғарғы басшылығы қылмыстық-түзеу жүйесіндегі жағдайға, сот реформасы және қылмыстық саясат проблемаларына баса көңіл бөлуде. Көптеген мәселелер ендігі шешілді.

ЕҚЫҰ Орталығының басшысы қазақстандық түзеу мекемелерінің құқық қорғаушылар мен ақпарат құралдары үшін барынша ашық бола бастағандығын атап көрсетті: бұлар осы орындарды аралайтын қоғамдық-бақылаушы комиссиялар құрамына қосылған екен.

Жиын кезінде белгілі болғанындай, Қазақстанның Жоғарғы соты, Бас прокуратурасы, Ішкі істер министрлігі және «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңес «Түрме тұрғындарын» азайту бойынша 10 шара» жобасының тұжырымдамасын түзіпті. Оның мәтіні кітапша түрінде шетелдік қонақтарға таратылды.

Кеше Қазақстан бұл салада да дамыған елдердің биігіне қарай бұлтармай ілгерілей беретіндігін нықтады. «Қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту бойынша арнайы бағдарлама бар. Оны жүзеге асыруға 140 миллион доллар бөлінді. Бұл қаржыға алдағы жылдары 4,5 мың орынға арналған, камералық ұстап тұруды қарастыратын 3 жаңа колония салынатын болады. Екі ай бұрын 900 орындық осындай колонияны біз Қызылорда қаласында аштық. Биылғы жылы біз камералық ұстап тұруға арналған мың орындық колонияны Оралда ашуды жоспарлап отырмыз» деді Бас прокурордың орынбасары.

Ж.Асановтың мәліметінше, 2014 жылдың екі айында ғана соттар сотталушыларды «шартты-мерзімінен бұрын» 15 пайызға көп шығара бастады: «Жазаның өтелмеген бөлігін жазаның анағұрлым жеңіл түрімен 10 пайызға көп ауыстыруда. Екі ай ішінде «кепілге шығару» тіпті бүкіл өткен жылдағы көлемнен де 15 пайызға көп қолданылды. Демек, сотқа дейін, тергеу кезінде тұтқынға алынған тұлғалардың саны елеулі түрде азайды».

Оның үстіне Қазақстан жаңа қылмыстық кодекстерді қабылдауға кірісті. Барлық төрт кодекстің жобасын Парламент қарауда. Олар қабылданған соң, қылмыстардың көпшілігі бойынша жаза жеңілдейді, түрмеге отырғызу орнына айыппұл салу, қоғамдық, түзеу жұмыстарына тарту, бостандығын шектеу секілді қамауды қарастырмайтын жауапкершілік түрлері кеңінен қолданыла бастайды. Нәтижесінде көптеген қылмыскерлер еркіндікке шығады.

– Әрине, «түрме тұрғындарының» санын кеміту – басты мақсат емес, – деді Бас прокурордың орынбасары Ж.Асанов. – Біз халыққа қауіп төндіретін кісі өлтірушілерді, зорлық-зомбылықшылдарды, канибалдарды жазадан босатуды ұсынып отырған жоқпыз. «Түрмедегілердің» қатарын азайту бойынша шаралар қоғамдық тәртіпті әлсіретпеуге, азаматтардың құқықтарының қорғалуы деңгейін және қоғам қауіпсіздігін төмендетпеуге тиіс!

Айхан ШӘРІП

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.