You are here

ҚЫЛМЫСТЫҚ КОДЕКСТІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТҚА САЙ БОЛҒАНЫ МАҢЫЗДЫ

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Алматыда Конституциялық кеңес, Бас прокуратура және бірқатар халықаралық ұйымдардың бастамасымен «Жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексі және қылмыстық сот ісін жүргізуді жаңғыртудың негізгі бағыттары» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысына Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Қ.Қожамжаров, Конституциялық кеңестің төрағасы И.Рогов, Жоғарғы Сот төрағасы Қ.Мәми, Парламент депутаттары, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.Шәкіров, Әділет министрі Б.Имашев, Бас прокурордың бірінші орынбасары И.Меркель, сондай-ақ, Еуропалық Кеңестің Венециандық комиссиясының, халықаралық, үкіметтік емес, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, шетелдік және қазақстандық құқықтанушы ғалымдар қатысты.

Өткен жылдың аяғында Мәжілістің қоржынына төрт бірдей кодекстің жобасы жіберіліп, осы кодекстер төңірегінде қарқынды жұмыстар жүргізіліп, Мәжілістің бірінші оқылымында оның тұжырымдамалық мәселесі мен негізгі ережелері мақұлданған-ды. Алдағы сәуір айының аяғына дейін осы кодекстерді Сенатқа өткізу мәселесі тұр. Бүгінде практиктер мен ғалымдар арасында пікірталас туғызып жүрген оншақты мәселе, атап айтқанда, біркелкі тіркеу реестрі, тергеу судьясы, қамауға алу, үй қамағына алу, экстрадициялау, мәйіттерді ашып алу, адамды уақытша қызметтік лауазымынан босату, процессуалдық прокурор, қылмыстық әрекет, соттың үкіміне дейін мүлікті тәркілеу, процессуалдық құжаттарды қысқартып, тұжырымдап беру керектігі бұл басқосудың да талқысына айналды.

Халықаралық басқосуда қылмыстық процесті оңайлату және оның тиімділігін арттыруға бағытталған Қылмыстық іс жүргізу кодексін жетілдірудің маңызды қырлары жан-жақты талқыланды. Ұсынылып отырған жайттар тергеу органдары жұмысын едәуір жеңілдетуді және жылдамдатуды, қылмыстық іс жүргізу заңын көпшілік мақұлдаған халықаралық стандарттарға барынша жақындатуды, қылмыстық іс жүргізу барысына қатысушы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалу кепілдігін күшейтуді көздейді. Талқылау барысында қылмыстық іс жүргізу заңнамасының тиімділігін арттырудың, қылмыстық іс жүргізу тәжірибесіне түбегейлі жаңа ережелер енгізудің, қылмыстық-құқықтық дауды соттан тыс шешу тетіктерін жетілдірудің негізгі аспектілеріне Латвия Республикасы Конституциялық сотының экс-төрағасы, Еуропа Кеңесінің Венециан сарапшысы Гунарс Кутрисаса қызығушылықпен қолдау танытты. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, қылмыстық іс бойынша айғақтарды жинауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізу, қылмыстық іс жүргізуге медиация рәсімін және қылмыстық іс жүргізуге тергеу судьясы тұлғасын енгізу мәселелері төңірегінде қызу пікірталас туындады. Бұған қоса, қылмыстық процеске қатысушылар құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, қылмыстық іс жүргізудегі адвокаттың рөлін арттыру, сондай-ақ, қалпына келтіру соты төрелігінің қағидаларын қамтамасыз ету, қылмыстан зардап шеккен адамдардың құқықтарын қорғау проблемалары талқыланып, ойлар айтылды. Басқосу соңында құқық қорғау органы басшылары мен сарапшылар, ғалымдар құқықтық тетіктерді жетілдіру мәселелері туралы өз пікірлерін айтып, алдағы уақытта тиімді нәтижеге қол жеткізуге ықпал ету жайын талқылап, тарасты.

Қайрат Мәми, ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы:

– Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасы өте қажет. Оны талқылау одан да маңызды. Өйткені, екі жылдан бері осы жаңа жоба арнайы дайындалды. Және ол жоба бірнеше рет тыңдаудан өтті. Бүгін Парламент Мәжілісінде жатыр. Сондықтан, ол жобаға деген қызығушылық тек заңгерлер арасынан ғана емес, жалпы қоғамнан байқалады. Өйткені, Қылмыстық іс жүргізу кодексі азаматтардың Конституциялық құқықтарын қорғайтын бірден-бір заңнама. Сол себепті, шетелдік мамандардың, үкіметтік емес ұйымдардың, Мәжіліс депутаттарының қатысуы жаңа Қылмыстық кодексімізді одан әрі жетілдіруге ықпал етеді. Жиынға халықаралық сарапшылардың арнайы шақырылуының да мәні бар. Себебі, біз үшін жаңа қабылданатын Қылмыстық кодексіміздің халықаралық стандартқа сай болғаны аса қажет. Ал, шетелдік әріптестер біздің құқықтық құжаттың халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін мойындап отыр.

Иоган Меркель, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары:

– Қазақстандық құқықты жаңғырту ісінде ауқымды жұмыс осыған дейін де атқарылған. Отандық құқықтық жүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсу үшін қолданыстағы заңнаманы жүйелеу, заңнама салалары бөлігінде одан әрі топтастыру, оны ескірген нормалардан арылту, Конституцияға сәйкес заңнамалық актілер қабылдана алатын мәселелер аясында тікелей қолданылатын заңдарды қабылдау практикасын кеңейту жөніндегі жұмыстар әлі де жалғасуда. Дегенмен, жоғарыда айтып өткен он мәселенің бірі – процессуалдық прокурор лауазымының енгізілуі үлкен жаңалық. Яғни, ол қылмыстық іс қозғалғаннан бастап, сол қылмыстық іс бойынша соттың үкімі шығып, заңды күшіне енгенге дейін соны бақылап отыратын тұлға. Бұл да қарастырылып жатқан жайт.

Рамазан Сарпеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бүгінгі тәртіп бойынша қылмыстық істі қозғау үшін қылмыстық іс қозғау туралы арнайы қаулы жазу қажет. Ал, енді, жаңа ұсынылып отырған жоба бойынша қазір біркелкі тіркеу реестрі енгізілмекші. Ол прокуратура органдарында жасалады. Қазақстанда бес құқық қорғау органы бар. Солардың мекемелеріне келіп түскен хаттамалар, өтініштер, ауызша өтініштердің барлығының дұрыс тіркелуі, қылмыстың жасырылып қалмауы, оның дер кезінде ашылуы осы шарада қарастырылмақшы. Және оны жетілдірудің тетіктері пысықталады. Сонымен қатар, тергеу амалдарының, прокурордың, басқа да лауазымды тұлғалардың тергеу жүргізген кездегі заңсыз әрекеттерін қарайтын тергеу судьясы деген лауазым енгізілмек. Яғни, сот тарапынан бақылау болады деген сөз. Бұған дейін ол мәселелер жалпы соттарға жіберілетін.

Автор: Алтынай ЖОЛДЫБЕКОВА

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.