You are here

Қылмыс жасырылмай, ақиқат айқындалуда

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Кеше Орталық коммуникациялар қызметіне келген Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрайымы Сәуле Айтпаева  Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары қызметінің басты бағыттарына тоқталды.

Ағымдағы жылдың өткен уақыты ішінде елімізде 168 мың қылмыс тіркелген, бұл былтырғы осындай кезеңнен сәл ғана кем екен. «1997 жылдан 2010 жылға дейін қылмыстылықтың 162 мыңнан артпағанын көреміз, яғни ол 135-140 мың аралығында қолдан тежеліп тұрған. Бірақ бүгінгі шынайы көрсеткіш қоғамымызда қылмыс күрт артып кетті дегенді білдірмейді. Бұл Президент Әкімшілігі мен Бас прокуратураның қылмыстың ашылуы мен жалған көрсеткіш қумай, қылмыстылықтың толық та шынайы көрінісін көрсету жөніндегі нұсқауын жүзеге асыру жолындағы барлық құқық қорғау органдарының бірлескен  жұмысының игі жемісі», деді С.Айтпаева.

Мәселен, қылмыстылықты жасыру негізінен кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша жасалатын, әдетте, ол зардап шегушіні үгіттеп, арызын  алдырып тастауға  болатын ұрлық сияқты қылмыстар төңірегінде жүзеге асырылды. Ал жасалған қылмыстардың негізгі бөлігін осы орта дәрежелі қылмыстар құрайтыны белгілі. Сондықтан да, комитет қылмыстарды тіркеуге электронды технология енгізісімен 2011 жылдан бастап ұрлық, тонау және бұзақылық сияқты бұрынғы жасырып қалуға оңтайлы қылмыстар көрсеткіші өсіп шыға келді. Бұлар еліміздегі қылмыстылықтың 70 пайызын құрайды.

Қылмыстарды электронды тіркеу бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқандықтан қылмыстың төмендеуі де байқала бастады. Мәселен, аталмыш мерзімде ұрлық – 3,1, бұзақылық – 16,3, тонау 27,9 пайыз төмендеп отыр. 3,3 пайызға өсіп отырған тек алаяқтық қана. Ал кісі өлтіру, қарақшылық сияқты аса ауыр және ауыр қылмыстарды жасыру қашанда қиындау болды. Сондықтан, олар жылдан жылға төмендеп келеді екен. Ендеше, комитет басшысының сөзіне қарасақ, қоғамымызда қылмыстылық артты деп айта алмаймыз. Биылғы жылы кісі өлтіру – 22,6 пайыз, қарақшылық – 49 пайыз, ал тонау 27,9 пайыз төмендеді. Кәмелетке толмағандар қылмысы да 14 пайызға азайғаны қуантады.

Жалпы, Алматы қаласы, Алматы, Батыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарынан басқа еліміздің барлық өңірлерінде қылмыстылық төмендеп отыр екен. Қылмыстық қудалау органдары жұмыстарының тиімділігінің артуына Бас прокуратура енгізген электронды технология оң ықпал еткен көрінеді. Мәселен, полицияға арыз беру үшін енді бұрынғыдай оған барып қажеті жоқ, ол үшін Интернет желісі арқылы Комитет сайтына енсе болды. Онда «Ақпарат сервизі» бөліміне кіресіз де қылмыстар туралы арыз беру терезесін таңдайсыз. Одан кейінгі қадамдар белгілі, арыз комитет тіркеу базасына автоматты түрде түседі де, полиция қызметкерлерінің қолына тиеді. Оның қаралу барысын бақылап отыру мүмкіндігі де жасалған. Сөйтіп, азаматтар қылмыстық қудалау органдарының жұмысына да өз бағасын бере алады. Ал «Қылмыстылық қартасы» арқылы әркім әр көше мен ғимараттардағы қылмыстылық туралы мәліметтер ала алады. Ең бастысы, бұл қарта арқылы құқық қорғау органдары талдау жасап, алдын алу шараларын ұйымдастыра алады. Сол сияқты ірі сауда орталықтарында да алдын алу шаралары жүзеге асырылып, жұртшылықтың қауіпсіздігі арта түсті.

«Жол апаты қартасында» да дәл осындай тетік қолданылған. Онда жол-көлік апаты мен зардап шеккендер туралы мәліметтер автоматты түрде көрініп тұрады. Бұл деректер, яғни, әкімшілік құқық бұзушылық туралы біраз ақпараттар қоры жинақталған. Онда елімізде анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтар мен оларды жасаған адамдар, айыппұлдардың төлену жайы мен басқа да қызғылықты ақпараттар бар. Мәселен, 2014 жылдың 1-жартыжылдығында Қазақстанда 1 млн. 307 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген екен. Сол сияқты, қоғамдық қауіпсіздікке және халықтың денсаулығына қауіп төндіретін әкімшілік құқық бұзушылық саны  42 пайызға, жеке және отбасылық қатынастар саласында құқық бұзушылық 35 пайызға, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану саласында құқық бұзушылық 30 пайызға азайды. Ал 80 пайызға өсу белгісі  сауда және қаржы саласында жасалған  құқық бұзушылықтарда байқалады. Сол сияқты қоғамдық жерлерде шылым шегу  саны артты. Сондықтан мұндай ұсақ бұзақылық үшін 35 мың адам жазаға тартылды және тыныштықты бұзғаны үшін 22 мың адамға айып салынды.

Құқық бұзушылардың айыппұлдарды төлеуі үшін прокурорлар әкімшілік полиция қызметкерлерімен және сот орындаушыларымен бірлесе борышкерлердің жұмыс орындарын аралаған. Мысалы, Астанада мұндай топ  қаланың 17 кәсіпорнында болып, онда 11 млн. теңге сомасында әкімшілік айыппұлды төлеу туралы ескертулер берілген. Осындай бірлескен шаралардың нәтижесі бойынша еліміздің бюджеті  248 млн. теңгеден астам сомаға толыққан, бұл дегеніміз, қандай да бір балабақшаның құрылысына бөлінетін қаражатқа мөлшерлес келеді екен.

«Азаматтар өтініштерінің қаралу мерзімдерінің және тәртіптің бұзылуын болдырмау үшін, біз кезең-кезеңімен «Айқын» электрондық бақылау жүйесін енгізудеміз. Адамның өзі келіп тапсырған өтінішке мемлекеттік орган немесе әкімдік нөмірі бар үзбелі талон береді. Өтініш беруші бұл нөмірді комитет сайтындағы арнайы терезеге енгізеді де, өтінішті кім қарап жатқанын, қай кезеңнен тұрғандығын, жауаптың берілгендігі немесе қайда жолданғандығы туралы толық ақпаратты алады. Ағымдағы жылдың өзінде 265 мың талон берілген, оның 263 мыңын облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдар берсе, сол бойынша 56 мыңнан астам адам сайтқа жүгінген» дейді ведомство басшысы.

Сонымен, 2013 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда  ағымдағы жылы тіркелген тексерістер саны 85 мыңға немесе 60 пайызға  азайып отыр. Ал ағымдағы жылдың 2 сәуірінен бастап шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий енгізілгеннен кейін тіркелген тексерістер саны күрт азайды. Кәсіпкерлерге қатысты заңсыз, сондай-ақ, негізсіз тағайындалған  623 тексеріс анықталған, олар бойынша 500 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке, соның ішіне   35-і әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

Қазірдің өзінде жылына 360 мыңнан астам қылмыс туралы айтылса, келесі жылдан бастап ол миллионға дейін немесе одан көп тіркелетін болады екен. Алайда, жаңа мәліметтер елдегі криминогенді жағдайдың нашарлауына және қоғамда қылмыстың артуын білдірмейді. Демек, 2015 жылы қылмыстылық туралы статистикалық деректер өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырылмайтын болады. Яғни, өткен жылдары қозғалған қылмыстық істердің санын  және сотқа дейінгі бірыңғай тізілімге енген қылмыстық іс жүргізудің санын салыстыруға болмайды.

Александр ТАСБОЛАТОВ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.