Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Құқықтық тәртіпке құрмет керек. Себебі, заңды білмеу ешкімді де заңның зауалынан құтқара алмайды. Жақында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы прокуратурасының қызметкерлері жергілікті тұрғындар арасында ұйымдастырған «Халқым, заңды біл» атты құқықтық шараcы осыны түсіндіруге арналды.

Айта кету керек, аталмыш акция азаматтарды жеке қабылдау түрінде емес, жұртшылықпен кездесу сипатында жүргізілді. Прокуратура қызметкерлері белгіленген екі апта мерзім ішінде «Нұр Отан» партиясы, құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы, уәкілетті органдар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен ауданның барлық елді мекендерін аралап шығып, жергілікті тұрғындар арасында аталмыш акцияны өткізіп қайтты.

Акция «Сунақата» ауылынан басталды. Жиынды ауылдық округ әкімі Әзия Қыстаубаева ашып, оның мақсатын қысқаша түсіндіріп өтті. Содан кейін аудан прокуроры Мұрат Досмағанбетов сөз алып, адам құқықтары мен міндеттері жайлы жан-жақты әңгіме қозғады.

– Әрбір адам өзінің құқықтарын қорғай білетін болуы керек. Бұл үшін оған заңды білудің маңызы ерекше, – деді ол. – Бізде көп жағдайда азаматтардың заңды білмеушіліктері, сол арқылы құқықтарын қорғауда қабілетсіздік танытатындары олардың өзіне тиесілі нәрсенің өзіне қол жеткізе алмауларына апарып соқтырады. Ал қазіргі кезде біздің қоғамда жұрт еңбек құқығына байланысты көптеген қиындықтарға тап болып жатады.

Аудан прокуроры өз сөзінде сондай-ақ жүкті және 3 баласы бар әйелдерді жұмыстан қысқартуға болмайтынын айтты. Алимент алу мәселесінде де көп күрделілік жоқ. Ол ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін, олардан туған балалардың кімнің қолында қалғанына байланысты белгіленеді. Алиментті баланы немесе балаларды бағуында алып қалған жақ алады. Мұндағы бір ерекшелік, алимент төлеуге міндетті адам жұмыссыз жүрген болса, оның әке-шешесі, яғни балалардың ата-әжесі төлеулеріне де болады.

Келесі кезекте әңгіме ауаны меншік құқығына ойысты. Ауыл әкімінің шешімі шыққанымен, меншік тіркеуге алынған болып саналмайды. Меншік құқығы әділет органдарында тіркелгеннен кейін ғана өзінің заңды күшіне енеді. Ал жеке және заңды тұлғалардың бұл жөніндегі өтініштерін қарау 15 күннің ішінде жүзеге асырылады. Алайда, қосымша тексеру қажет болған жағдайда бұл мерзім 1 айға дейін созылады.

Кездесу соңында аудан прокуроры ауыл тұрғындары тарапынан берілген көптеген сұрақтарға жауап берді.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.