You are here

Құқық қорғау саласы – дамыған елдің тірегі

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстанның құқық қорғау жүйесі «5 институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам – Ұлт жоспарында» көзделген жаңарулардан кейін, дамыған мемлекеттер мүше Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына толық сәйкес келетін болады.

Бұл реттегі басты мақсатты Елбасы өз мақаласында белгілеп берді: барлық құқық қорғау органдарының және бәрінен бұрын полицияның адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде тұруына қол жеткізіледі.

Атап айтқанда, Қазақстанда жергілікті мәслихат пен жергілікті жұртшылық алдында есеп беретін Жергілікті полиция қызметі құрылып отыр. Бұл да – ЭЫДҰ аясында өзін жақсы қырынан таныта алған тәжірибенің бірі болып табылады.

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен кездескен Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректоры Е.Оңғарбаев Жергілікті полиция қызметінің құрылуы азаматтарға қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсендірек қатысуына мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Бұл ретте ол прокуратураның үйлестіру функциясының тиімділігін арттыру қылмыстардың алдын алудың аса маңызды бөлігі екенін атап көрсетті.

– Мемлекет басшысы тіпті ең шағын құқықбұзушылықтарға, бұзақылықтарға, мәдениетсіздік көріністеріне төзбеушілік танытуға шақырды. Өйткені бұл қоғамдық тыныштықты бұзады және азаматтардың өмір сапасын төмендетеді. Осыған орай құқық қорғау және мемлекеттік органдар қылмыстың барлық түрлерімен күрес бағытында бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруда, – деді Еркін Оңғарбаев.

Құқық қорғау органдарының қоғамда құқықбұзушылықтар мен тәртіпсіздіктерге «атымен төзбеушілікті» қалыптастыру әрекеттерін үйлестіру бойынша прокуратура қызметін жетілдіру жалғасуда. Жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында прокуратураның Жергілікті полициямен өзара әрекеттесу механизмдері әзірленуде.

Елбасы өз мақаласында «Қылмыстық құқықбұзушылық картасы» интернет-порталы құрылатынын мәлім етті.

Бас прокуратураның түсіндіруінше, Ұлт жоспарының 32-қадамын орындау үшін 2016 жылдың соңына қарай «Қылмыстық құқықбұзушылықтар картасы» интернет-порталы пайдалануға беріледі. Елде орын алып жатқан барлық қылмыстық құқықбұзушылықтар жасалғаннан кейін бір аптадан кешіктірілмей осы картаға енгізілетін болады. Барлық ірі елді мекендер картаға қосылады. Мұның нәтижесінде, құқық қорғау органдарының қызметін қоғамның бақылауға алуына мүмкіндік туады.

«Қылмыстық құқықбұзушылықтар картасы» интернет-порталы интернетке қосылған кез келген азаматқа қолжетімді болады. Бұл портал екі бөлікке бөлінеді: ашық бөлігі – азаматтар үшін, жабық бөлігі – құқық қорғау органдары үшін.

Ашық бөлігінде анықталған жердегі қылмыстардың уақыты, түрлері және ауыртпалығы бойынша егжей-тегжейлі қарау мүмкіндігі жүзеге асырылады. Сонымен қатар кез келген азамат картада өзінің тұрғылықты жерін немесе жұмыс орнын көрсетіп, анықталған шеңберді көрсете алады, бұның нәтижесінде, оның электрондық поштасына сол жерде тіркелген құқықбұзушылықтар туралы хабарландырулар келіп тұрады. Жабық бөлігінде тірек полиция пунктілері, жылжымалы посттардың, көшедегі камералардың орналасуы көрінеді. Органдардың жетекшілері онлайн-режимде өткен тәулікте неше қылмыстық құқықбұзушылықтар жасалғанын, сондай-ақ күштер мен құралдарды тиімді орналастыру үшін «қауіпті» нүктелерді көруге мүмкіндік алады.

Келешекте «Қылмыстық құқықбұзушылықтар картасының» мүмкіндіктері оны Ұлттық геоақпараттық жүйемен, қалалар мен елді мекендердің географиялық базасының мәліметтерімен, Жерді космостан қашықтықтан бақылау жүйесімен, сондай-ақ кейбір мемлекеттік органдардың автоматтандырылған базаларымен біріктіру жолымен кеңейтіледі.

Айхан ШӘРІП

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.