You are here

Құқық бұзушылықты құрықтау қадамы

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазір қай салада болмасын, жасыратыны жоқ, құқық бұзушылық көп. Бұл теріс үдерістен әскеріміз де қалыс қалып жатқан жоқ. Сондайда барлық тұрмыс-тіршілігі жарғыларында егжей-тегжейлі жазылып қойылған Қорғаныс ведомствосына құқық бұзушылықтың алдын алуы үшін енді не істеу керек деп ойлайсыз? Сол сияқты әскердегі құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесінде әскери прокуратураның атқаратын рөлі қандай? Бұл орайда неге қол жеткіздік және не нәрсеге ұмтылуымыз керек? Осы және басқа да көптеген сұрақтарға жауап алу үшін Бас әскери прокурордың аға көмекшісі – әскери басқару және қылмыстық қудалау органдары үйлестіру кеңесінің хатшысы Жанболат АЕКЕНОВКЕ жолықтық.

– Жанболат Амантайұлы, кез келген қылмыс пен құқық бұзушылықтың салдарымен күрескенше олардың алдын алу пайдалырақ екендігі өзіңізге жақсы мәлім. Алайда, оған тек анда-санда берілетін ескерту сипатындағы шаралармен қол жеткізу мүмкін еместігі тағы белгілі. Ендеше, әскерде бұл мәселе қалай шешімін табуда?

– Құқық бұзушылықты ауыздықтау саласында ұлттық жүйенің дамуына және оған нақты белгіленген шаралар кешенін айқындауда әскери органдар өздерінің елеулі үлестерін қосты. Бас әскери прокуратураның бастамасымен әскери ведомстволардың бірінші басшыларының біріккен бұйрығымен Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда құқық бұзушылықтың профилактикасы және оны ескертудің 2010-2012 жылдарға арналған ведомствоаралық бағдарламасы бекітіліп қолданысқа енгізілді. Аталған құжат тек әскерлердегі профилактикалық жұмыстардың негізін қалап қана қоймай, жалпы елдегі алдын алу шараларының дамуына оң ықпалын тигізді.

2010 жылы 29 сәуірде алғашқы рет құқық бұзушылықтың алдын алу саласында бірегей мемлекеттік саясатты орнықтыру мақсатын көздеген «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң қабылданды. Бұл заң жергілікті өкілеттік және атқару органдарын құқық бұзушылық профилактикасы саласында аймақтық бағдарламалар әзірлеп, бекітіп және іс жүзіне асыруға, олардың орындалуы туралы есеп беруге міндеттеді.

Бірақ салалық және аймақтық бағ­дарламалар 2010 жылы тамызда Елбасының «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі және сот жүйесі тиімділігін арттыру шаралары туралы» Жарлығынан кейін ғана қабылданды. Онда азаматтардың құқықтық санасын арттыру және оларға заңға бағынатын мінез-құлық сіңірудің бірден-бір шарты ретінде құқық бұзушылық профилактикасының маңызы ерекше атап өтілді.

– Сонымен, аталған заң қабыл­дан­ған­нан кейін құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары қалай жүргізілді? Қандай нәтиже бар?

– Бұл ретте екі нәрсеге мән беруіміз керек. Біріншіден, «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң қабылданғанға дейін қандай да бір профилактикалық жұмыстар мүлдем жүргізілмеді, бір сәтте бағдарламалар қабылданып бәрі жаппай жұмыс істеп кетті деп айту дұрыс болмас. Әдеттегідей, құқық бұзушылықты ескерту бойынша барлық жұмыстарды әрбір әскери ведомствоның тәрбие қызметтері атқарып келді. Сонымен қатар, әскери-тергеу бөлімшелері тергеліп жатқан қылмыстық істер және тергеуге дейінгі тексерулер аясында, әскери прокурорлар прокурорлық қадағалау шараларын қолданып, әскери соттар қылмыстарға септігін тигізген жағдайларға жеке қаулылар шығарып, жалпы құқық бұзушылықтың алдын алуға өз үлестерін қосты.

Екіншіден, әскери жарғылар көбінесе әскери қызметшілердің күнделікті тұрмысындағы ұйымдастыру мәселелерін, яғни ішкі және шаруашылық қызметін ұйымдастыру, қарауыл атқару тәртібі, тәртіптік тәжірибе және т.б. реттейді. Алдын алу және тәрбиелеу сипатындағы шаралардың сан алуандығына қарамастан, мұнда жеке көзқарас керек – әскери қызметтің өзіне тән ерекшеліктерін және әскери қызметшінің ерекше мәртебесін назардан еш шығармау өте маңызды.

Мұндай жағдайда бағдарламалы профилактика барлық әскери ведомстволардың күш-жігерін біріктіру және анағұрлым өзекті мәселелер төңірегінде шоғыр­ландырумен қатар жалпы ахуалды бірлесе бақылап, тәжірибемен алмасып, жұмыстарды жетілдіруге мүмкіндік беретіні сөзсіз.

– Жалпы, осы аталған заң әскер ара­сындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жүргізуде қандай мәсе­лелерді реттей алады?

– Өкінішке қарай, заңның өзі әскердегі құқық бұзушылық профилактикасының түпкілікті мәселелерін реттемейді. Оны айтасыз, тіпті бастапқыда әскери орган мүлдем профилактика субъектілері қатарында көрсетілмеген болатын. Тек 2012 жылдың ақпан айында аталған заң 9-1-бабымен толықтырылды, онда барлық әскери басқару және қылмыстық қудалау органдары ішінен жалғыз әскери полиция ғана профилактика субъектілері тізіміне енгізілді. Аталған норма әскери полиция органдарының құзыретін анықтайды. Сөйтіп, олар әскери қызметшілерді құқықтық тәрбиелеу жұмыстарына қатысады.

– Сонда бұл заңның құқықтық рет­теу аясынан бірқатар маңызды мәсе­лелер тыс қалған дейсіз бе?

– Осы уақытқа дейін заңда әскердегі құқық бұзушылық профилактикасы бағдарламаларын әзірлеу сұрақтары реттелмеген (мысалы, аймақтық бағдар­ламалар секілді). Сәйкесінше, сондай бағ­дарламаларды дайындауға және бекітуге жауапты әрі өкілетті нақты мемлекеттік органның анықталмағандығы алаңдатады.

Егер заңда Үкіметте, облыстық және төменгі әкімшіліктерде құқық бұзу­шылық профилактикасы жөнінде ведомство­аралық комиссиялардың құрылатындығы тікелей көрсетілсе, ал әскерлердегі сондай комиссиялардың қызметі туралы заңда бап жоқтың қасы. Сондықтан да әскери органдардағы бастамамен жүзеге асырылатын профилактика бағдарламаларына қатысты үйлестіруді Бас әскери прокурор төрағалық ететін әскери басқару және қылмыстық қудалау органдарының үйлестіру кеңесі жүргізеді. Заңмен анықталған аймақтық комиссиялардың басқа да барлық функциялары мен міндеттерін іс жүзінде әскери прокуратура органдары атқарып отыр.

Демек, заңда әскери полиция орган­дарының құзыреттері толық көлемде анықталған, яғни құқық бұзушылық профилактикасы бойынша шаралар атқару, құқық бұзушылыққа бейімді әскери қызметшілердің профилактикалық есебі мен оларға бақылау жүргізу де солардың еншісінде. Бірақ сол құзыреттерді жүзеге асыру тетіктері ашып көрсетілмеген, заңның бірқатар нормалары өзара бәсекелестікке соқтырады немесе әскери салада қолда­нуға келмейді. Оған дәлел, әскери қыз­мет­тің мәртебесі мен ерекшелігіне сай әскери қызметшілерге қатысты тек «профи­лак­тикалық әңгімелесу» және «құқық бұзу­шылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс» қана қолданылады.

Ал заңға сәйкес жеке профилактиканың өзге шаралары соттармен қолданыла алады немесе ішкі істер органдарының құзыретіне жатқызылған. Мысалы, заңның 28-бабында профилактикалық есепке алуды ішкі істер органдары жүргізетіндігі айтылады, профилактикалық есепке алу жөнінде жазбаша хабардар ететін де солар. Әскери полиция органдарының ондай құзыреттері жоқ. Сонымен қатар, назар аударатын тағы бір маңызды нәрсе, егер «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңды орындауға, нақтырақ айтқанда, соның негізінде қабылданған аймақтық және республикалық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін аймақтық органдарға республикалық бюджеттен мақсатты түрде елеулі қаражат бөлінсе, дәл сондай жұмыстарды әскери органдарда жүргізуге еш қаражат көзделмеген. Әскерлерде ондай іс-шараларға негізгі қызметті қамтамасыз етуге бағытталатын қаражаттан үнемделген қаржы ғана қарастырылады.

– 2010-2012 жылдарға арналған құқық бұзушылық профилактикасының ал­ғашқы ведомствоаралық бағдар­ла­ма­сын іске асыру барысында әскери басқару органдары әскердегі құқықтық жағдай мен тәртіпке әсер ету жолында қандай тәжірибеге қол жеткізді?

– Бұл орайда алғашқы рет әскери нысандарда, оның ішінде казармаларда және қызметтік орындарда кезекші бөліммен бай­ланыстырылған бейнебақылау жүйе­лері орнатылды. Қазіргі уақытта сот про­цестері көшпелі түрде, яғни әскери бөлімдерге барып, жеке құрам алдында өткізілуде, бұл, сөз жоқ, қызмет өткеріп жүр­гендерге үлкен тәрбиелік әсер береді.

Әрбір қылмыстық іс бойынша тер­геу­шілер мен анықтаушылар қылмысты болдырған барлық себеп-салдарлардың бетін ашып, дер кезінде шара қолданбаған әскери әкімшіліктің жауапқа тартылуын қамтамасыз етеді. Ал әскер қатарындағы нашақорлықты болдырмау әскерге шақы­рылушы жастардың жаппай тексеруден өтуін қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады. Әскери бөлімдерде әскери психологтар қызметі енгізіліп, тиісті түрде мін­деттерін атқаруда.

Діни экстремизмнің алдын алу үшін ұйымдастырылған арнайы шаралардың шеңберінде идеолог лауазымдары да енгізілді. Олардың міндеттеріне әске­ри қызметшілерге радикалды діни ағым­дар­дың біздің көпконфессионалды қоғам­ымызға жат идеяларына мойынсұнбау қажеттігін түсіндіру болып табылады. Жалпы алғанда, осы шараларды қабылдау Қарулы Күштердегі, басқа әскерлер мен әскери құрылымдардағы заңдылықтың жағдайына оң әсер етті.

Сөйтіп, профилактикалық бағдар­ла­маның үш жылғы жұмысында қылмыс­ты­лықты, оның ішінде Жарғыдан тыс қа­рым-қатынастарды, сонымен қатар, би­лікті теріс пайдалану фактілері біршама азайды. Республикалық ұланда және Тө­тенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдерінде қазір қылмыс атаулы жоққа тән. Ішкі әскерлерде де қылмыс санының төмендегені байқалады.

Әскери қызметшілердің қаза болуын, оның ішінде жол-көлік оқиғасын 8 пайызға, аурулар санын 16 пайызға азайтуды арнайы профилактикалық бағдарламаның тиімділігі арқасында қамтамасыз еттік. Бұл ретте Жарғыдан тыс қарым-қатынастар негізінде өз-өзіне қол жұмсау деректерінің орын алмағанын айта кету керек, жалпы өз-өзіне қол жұмсау 21 пайызға төмендеді.

– Өзіңізге белгілі 2012 жылдың желтоқсанында әскери басқару және қылмыстық қудалау органдарының үйлестіру кеңесі 2013-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі, басқа әскерлері мен әскери құралымдарындағы құқық бұзушылықтың профилактикасының бағдарламасын бекітіп, орындауға кірісті. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Иә, қабылданған ұтымды кешенді шаралар бірлескен жұмысты одан әрі жетілдіруді қажет етті. Соған сәйкес былтырғы жылдың жазында әскери басқару органдарының жоғары басшы­лығы жиналған тәжірибені зерттеп, барлық әскери қызметшілердің пікі­рін жинақтап, құқық қорғаушы орган­дардың ұсыныстарын ескере отырып бағдарламалық құжаттың жобасын дайындайтын жұмыс тобын құрды. Бұл бағдарламада қолданылған дәстүрлі әдіс-тәсілдермен қатар профилактикалық жұмыстың жаңа, тың бағыттары, барлық жүктелген міндеттер мен тапсырмалар орын алды. Сонымен қатар, профилактика жұмысына алғаш рет бағдарламаны статистикалық жағынан қамтамасыз етуші құқықтық статистика органдары араласты. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің Әскери басқармасы екі бірдей ірі гарнизонда бірқатар қанатқақты жобаларды іске асырып та үлгерді. Сөйтіп, қазіргі таңда күрделі де сан салалы жұмыстар қолға алынды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.