You are here

Кәсіпкерлікке кедергі көп

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Әлемдік тәжірибеде экономиканың серпінді дамуына шағын және орта бизнестің сүбелі үлес қосатыны әлдеқашан дәлелденген ақиқат. Сондықтан да кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай туғызу ілгерілеудің кепілі болып табылады. Шыны керек, біз­дің елімізде де кәсіпкерлікті қолдауға басым­дық берілуде. Елбасы Н.Назарбаев бұл мәселеге өзінің жыл сайынғы Жолдауларында айрықша маңыз беріп, құзырлы орын­дарға кәсіпкерліктің тынысын тарыл­татын кедергілерді жоюды ұдайы тапсырып келеді. Сол үшін де жаңа заңдық актілер қабылданып, бағдарламалар жасалуда. Алайда, әлі де кәсіпкерліктің кең қанат жайып кетуіне кедергі болатын жайттар кездесіп қалады. Бұдан жаңадан өз ісін ашқан шағын және орта бизнес өкілдерін былай қойғанда, қалыптасып қалған кәсіпкерлердің өзі зардап шегіп жататынын ескерсек, келеңсіздіктің жаны сірі екенін аңғару қиын емес. Рас, қазір бұрынғыдай шаруашылық жүргізуші субъектілерді тәуекел деңгейі есепке алынбай, құқықтық статистика органдарында тіркелмей жаппай тексеру жоққа тән. Алайда, кейбір мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлердің құқын бұзушылыққа жол беріліп келеді. Мұндай келеңсіздіктер, әсіресе, жер қатынастары, сәулет және құрылыс саласында жиі кездеседі екен. Бұл туралы облыстық прокуратура қызметкерлерінің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткізген брифингінде мәлім болды. «Атамекен» Одағы» ұлттық экономикалық палатасы базасында ұйымдастырылған қоғамдық қабылдауға 250 кәсіпкер өз мәселелерін айтып, жолыққан. Соның ішінде, кәсіпкерлердің жер телімдерін мақсатты тағайындауға байланысты өтініштерінің қалалық әкімдікте ұзақ уақыт қаралатыны анықталған. Мысалы, «АвтоМирАктобе» ЖШС-нің жер телімін мақсатты тағайындауын өзгерту туралы арызы төрт айдан астам уақыт қаралған. Мұндай жағдай Мұғалжар ауданында да орын алған. Қандыағаш қаласының әкімдігі «Жұмағұлов» жеке кәсіпкерлігіне жер телімін мейрамханаға пайдалануға рұқсат бермеген. Қандыағаш қаласының әкімі Манепов кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіріп, сыбайлас құқық бұзушылыққа жол бергені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Мұндай кемшіліктер облыстың барлық аудандарында орын алды десе де болады. Брифингте мәлім болғанындай, 200-ден астам кәсіпкерлік нысандарының өтініштері мерзімі өткізіліп барып қаралған.

Сондай-ақ, Үкіметтің 2008 жылғы 6 мамырдағы №425 қаулысына сәйкес архитектуралық-жобалау тапсырмасын және техни­­­калық жағдай алуға тек жерге немесе пайдаланылып тұрған ғимаратты (бір бөлігін қайта жобалауға) қайта жарақтанды-руға тиісті құқық беру туралы жергілікті атқару комитетінің шешімі және жобалауға бекітілген тапсырысы қоса тіркелуі тиіс. Ал, «Ақтөбе нан» ЖШС директорынан «Астық қоймасы және диірмен кешені» жобасына архитектуралық-жобалау тапсырысын беруге заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі, СТН, жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату келісімшарты, жер теліміне акті және құрылысқа жұмыс жобасы талап етілген. Мұндай деректер барлық берілген архитектуралық-жобалау тапсырыстары бойынша орын алған. Бұл деректер бойын­ша Ақтөбе қаласы әкімдігіне ұсыныс жол­данып, қалалық сәулет және құрылыс бөлі­мінің басы артық құжат талап етуінің жолы кесілген, кінәлі адамдар қылмыстық жа­уапкершілікке тартылған. Мұндай жағ­дайлардың Мәртөк, Қобда және Хромтау аудан­дарында да орын алғаны белгілі болып отыр.

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында кәсіпкерлердің құқының бұзылмауы да басты назарда ұсталуда. Өткен жылы Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан субсидия алушылар тізіміне тіркелу үшін 123 кәсіпкерден СТН, куәлік және тұқымға куәлік заңсыз талап етілсе, 2013 жылы субсидия алуға тала­пкерлердің арасынан 118 кәсіпкердің бюджеттік субсидия алу құқығы бұзылған. Кеткен кемшіліктер жойылып, кінәлілер жазасын алды.

Прокуратура органдары тексерулері бойынша құқық қорғау органдары қызметінде кәсіпкерлік туралы заңдылықтың бұзылу деректері анықталған. Облыстық ІІД көші-қон полициясы басқармасы 16 жеке компа­ния­дан ақпараттарды заңсыз талап еткен. Осы басқармадан жалпы кәсіпкерлерге қатысты 50-ден астам заңсыз санкция берілмеген сұрау жолданған.

Үстіміздегі жылдың өткен кезеңінде жұмылғыш топтарға 40 дабыл түсіп, соның 18-і дәлелденген, 60 тәртіп бұзушылықтың жасалу сатысында жолы кесілген. Нәтижесінде алты адам әкімшілік, жеті адам тәртіп­тік жауапкершілікке тартылған. Тек үстіміздегі жылғы сегіз айда мемлекеттік органдар мен мекемелердің 30-дан астам лауазым­ды қызметкері мемлекеттік сатып алу саласында сыбайлас құқық бұзушылыққа жол бергені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.

Осы кезеңде 68 тексеру жүргізіліп, 298 заң бұзшылық жойылған көрінеді. 22 кәсіпкерлік нысанының құқы қорғалып, 5 заңсыз құқықтық акті бұзылған. 35 адамға тәртіптік, 14 адамға әкімшілік жауапкершілік жүгін арқалауға тура келген. 128 кәсіпкерлік қызметті тексеруден бас тартылған, шаруа­шылық жүргізуші субъектілерді 90-нан астам заңсыз тексеру дерегі анықталған.

Бүгінгі таңда кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында құрылған облыс прокурорының жанындағы сараптамалық кеңестің төрт отырысы өткізіліп, оларда қазақстандық мазмұнды қамтамасыз ету және отандық өндірісшілерді СТ-КZ тауардың шығу сертификатын алуға қатысты бөлігінде қолдау және Кеден одағы аясында тауарды ұлттық міндетті сертификаттау жүргізуге заңдылықпен белгіленген тәртіп, тиісті ұсыныстарды есепке ала отырып, бизнесті дамытудың мемлекеттік және салалық бағдарламаларын жетілдіру жолдары мен әдістерін талқылау және талдау мәселелері қаралған көрінеді. Бұдан басқа бизнес орта тарапынан сынға көбірек ұшырайтын және келіспеушілік туындайтын салалар талданған. «Атамекен» Одағы» Қазақстан ұлттық экономика палатасы Ақтөбе филиалы базасында кәсіпкерлік мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды, ол айына екі рет кәсіпкерлерді туындаған өзекті мәселелер бойынша қабылдайды. Түскен өтініштер бойынша түсінік және ұсыныстар беріледі. Кәсіпкерлерден түсетін өтініштер әртүрлі, олар заңсыз тексерулер, құқық қорғау және жергілікті атқару органдарының әрекет етпеуі немесе заңсыз әрекеті туралы, заңдылықтағы ағаттықтар жайлы баяндайды. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында «Көшпелі қоғамдық қабылдау», «Шенеунік және кәсіпкер» және «Мемлекеттік органдар арқылы кәсіпкермен бірге» акциялары өткізіледі. «Көшпелі қоғам­дық қабылдау» акциясы аясында жұмыс тобы Хромтау және Мәртөк аудандарында болып қайтқан.

Келтірілген деректердің өзі кәсіпкерлікке кедергі келтіретін жайттардың әлі де азай­май отырғанын көрсетеді. Мұндай келең­сіздіктердің заң талаптарын білмеу­шіліктен, болмаса салғырттықтан болып жататыны да жасырын емес. Дегенмен, кей жағдайларда олардың астарында тексеруші құзырлы орындардың немесе кәсіпкердің ісі түскен мемлекетік органдардың қызметкерлерінің өз мүддесін ойлаушылығы жатпайтынына кепілдік беру де қиын. Сондықтан да анықталған келеңсіздіктерге байланыс­ты бірқатар адамдардың сыбайлас құқық бұзушы­­лық бойынша жазаланып жататыны белгі­лі болып отыр. Дегенмен, прокурорлық қада­ғалау жұмыстарының арқасында көпте-ген кемшіліктердің беті ашылып, олар уақы­­тылы жойылып, кәсіпкерліктің тынысын кеңейтуге, табысын молайтуға қол жеткізіліп отырғаны бұл бағыттағы іс-қимылдардың бұ­­­дан да нәтижелі болатынын дәлелдей түседі.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.