Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Үкімет бөлген қаражатты дімкәс жандардың қажетіне жұмсаудың орнына өз қалтасынан шығарғандай «үнемдеп» қалуға тырысатын шенеуніктер облыста жоқ емес. Онсыз да тағдырдың ауыр тауқыметін жастайынан тартып, жығылған үстіне жұдырық сияқты өмірдің ауыр азабын арқалап келе жатқан қиын да қилы жан азабы оларды түк ойландырмаған тәрізді. Адамгершілік асыл қасиеттермен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мұндай бассыздық әрекеттер прокуратура тарапынан әшкереленбегенде «жаны ашымастың қасындағы басы ауырмас» қылық әлі де жалғаса берері кәдік еді.

Облыстық прокуратураның қоғамдық кеңес отырысында келтірілген мәліметтерге сүйенсек, мүгедектерге «мүсіркей» қараушылық аудандарда жаппай сипат алғанын байқау қиын емес. Соған қарағанда, тиісті мекемелер тарапынан бақылау-тәртіптің босаңсығаны ма, әлде мемлекет қазынасын «қағудың» бір қитұрқы жолы ма деген ойға еріксіз келесің.

Мәселен, Есіл ауданының тұрғыны К.Бекқожин екінші топтағы мүгедек ретінде бір жыл бойы тиесілі 12 арнайы гигиеналық құралдың орнына 2-уін ғана алған. Бір ғажабы, аудандағы мүгедектердің көпшілігі денсаулыққа ауадай қажетті осындай медициналық препараттармен қамтамасыз етілмеген. М.Жұмабаев ауданында өңірдегі дімкәс жандардың төрттен бірі тұратынына қарамастан жоғарыдағыдай фактілердің тіркелгенін былай қояйық, санаторий-курорттық ем-домдарға қатысты жеңілдіктерден қағылғаны таңдандырмай қоймайды. Ал Тайынша ауданының лауазымды тұлғалары тірек-қимыл мүшелері зақымданған және көзі нашар көретін ғаріп адамдарға тифлотехникалық құралдарды уақтылы жеткізбеуіне еш өкінбейтін сияқты. Өйткені, мұндай жағымсыз жайттар бірнеше мәрте орын алған.

«Бір апамнан бір апам сорақы» дегендей, Шал ақын ауданы шенеуніктерінің мына көзбояушылығы айды аспаннан бір-ақ шығарғандай әсер қалдырады. Көру қабілеті нашар Г.Костелеова деген мүгедекке арнайы қолсағат беріліпті. Тіпті, алғаны жөнінде қол да қойған көрінеді. Ал тексеріс барысында қолсағат аудандық жұмыспен қамту бөлімі басшысының сейфінен сопаң етіп шыға келген. Бір ауданның ортан қолдай бір маманы жүрмек түгіл орнынан әзер қозғалатын мүгедекті курьерлік жұмысқа «орналастырып», «сақалшы-сақалшы дегенге өз сақалын бояйдының» керін келтіріп тынған.

Міне, осындай деректерге қарап-ақ мүдделі ведомостволар мен олардың қарауындағы қызметкерлердің өз міндеттеріне қалай қарайтынын бағамдай беруге болады.

Жақында құзырлы органдар тағы бір басшының жалғанды жалпағынан басып келген адымын аштырмады. Сөйтсе, ол жүйке ауруына шалдыққан балалар диспансеріне жетекшілік еткен тұста жөргекқаптарды 3-4 есе артық бағаға пұлдап, 3 миллион теңгенің көзіне су құйған. Тықыр таянғанын сезісімен табанын жалтыратқан.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.