You are here

«Көргендейміз Қыз Жібек, Төлегенді…»

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, КСРО Прокуратурасының Құрметті қызметкері, әділет генерал-майоры, Алматы облысының және Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Әбдіқадыр Ібенұлы Нұрмағанбетов туралы қалам тербеу аса күшке түспейді. Ұзақ жылдар еліміздің құқық қорғау саласында абыройлы қызмет атқарған ардақты азамат жайлы жазылған материалдар жеткілікті. Өңірдегі басылымдарды айтпағанда, республикалық газет-журналдарда да ағамыздың өмірі, қызмет барысындағы өнегелі істері хақында көптеген мазмұнды да, тағлымы мол мақалалар жарық көрді. Басқасын айтпағанда, Әбдіқадыр Ібенұлының өзі өмірінің кейбір сәттерін қағаз бетіне түсіріп, жинақтауының арқасында дүниеге келген «Орындалған арман» атты кітап беттерін ақтару арқылы да көп жайтқа қанығуға болар еді.

Ғұмырнамалық бұл туындының «Орындалған арман» аталуы жайдан-жай емес. Бұған төмендегі жайларды ой елегінен өткізу арқылы көз жеткізуге болады.

Сөз басы

…Соғыстың соңғы жылы еді. Қыс қатты болды. Әбдіқадырдың әкесі Ібен колхозда ферма меңгерушісі. Қыстың ұзақтығынан, жемшөптің тапшылығынан колхоздың көп малы қырылып қалды. «Мемлекеттің малын қырып, зиянкестік жасадыңдар» деген сылтаумен колхоздағы он шақты адам он жылға сотталып, түрмеге қамалды. Солардың ішінде ферма меңгерушісі Ібен де бар болатын.

Әкесінің жазықсыздан-жазықсыз сотталуы анасына ауыр тиді. Күнде аудан орталығына барып, жанашыр жан іздейді. «Адвокат жалдағаның жөн» деп әлдекімдер ақыл айтты. Ақырында осыған тоқтады.

Көп ұзамай адвокат та табылды. «Түсін көріп түңілме» дегендей, жүзі жылы бұл кісі көмектесуге уәде берді. «Іспен толық танысып шықтым. Түрмеге жабылатындай күйеуіңіздің ауыр кінәсі жоқ» деді ол.

Әлгі ағай кей кездері анасына еріп баратын Әбдіқадырға да жаны ашып, көңіліндегісін жеткізеді.

– Қоғам білімді де, білікті заңгерлерге қат. Мұндай заңсыздық сол себептен орын алып жатыр. Әбдіқадыр айналайын, сабағыңды жақсы оқып жүр екенсің. Солай жалғастыра бер. Ертен өскенде сенің заңгер болғаныңды қалар едім. Біздің салаға мықты мамандар қажет. Сол кезде әкең секілді жазықсыз жапа шеккендер аз болады.

Жүзі жылы адвокаттың жүрегінен шыққан жүрекжарды сөз бала көңіліне ерекше әсер етті. Мұны үлкен кісінің аманаты, тіпті заманның, уақыттың сөзі ретінде қабыл алды. «Заңгер болсам» деген арман жүрек түкпірінде осылай қанаттанып, алға ұмтылдырды.

Ақырында арман адастырмады. Бір кездері өзге соқпақтың бойымен жүріп кетер сәттер де болған. Ауылдағы орталау мектепті бітірген соң,Түркістандағы бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлайтын училищеге түскенді жөн санады. Ойы – оны тәмамдаған соң жұмыс істеп, қаржы жинап жоғары оқу орнына түсу. Педучилищені бітіргенде қызық болды. Құжаттарын бермеді. Училище түлектері енді оқуларын Қызылорданың пединститутында жалғастыру керек екен. Әбдіқадыр ол жаққа барудан бас тартты. Мақсаты мұғалімдік емес еді ғой. «Құжатты бермесе, бермей-ақ қойсын» деді де ауылға келіп мектепке орналасты. Училище басшылығы одан әрі зорлай қоймады. Араға аз күн салып педучилище бітіргендігі туралы дипломды қолға ұстатты. Бір жылдан соң Алматыға жол тартып, заң институтына құжаттарын тапсырды. 1955 жылы оқу орнын үздік бағалармен бітіріп шықты. Сөйтіп, заң қызметкері атанды. Бала кезден алдына темірқазық етіп қойған арманы осылайша жүзеге асты. Орындалған арман деген осы.

Заң институтынан кейін Свердловск қаласындағы Қауіпсіздік комитетінің жоғарғы мектебін бітірді. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы бөлімінде қызмет етіп жүргенде Өлкелік партия комитетіне қызметке алды. Көп ұзамай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне шақырылды. Әкімшілік бөлімінде нұсқаушы болды. 1973 жылы жаңадан Маңғыстау облысы отау құрғаны белгілі. Сол жылы Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың қабылдауында болып, Маңғыстау облысының прокуроры қызметін атқару жүктелді. Сөйтіп, еліміздің батыс өңіріндегі жаңадан ашылған облысқа жол тартты. Төрт жылдан кейін Алматы облысының, мұнан соң Талдықорған облысының прокуроры болды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Қазақстан Тұтынушылар одағы басшысының орын­басарлығын атқарды.

Отырғандар (солдан оңға қарай): әкесі Ібен, балалары Нұржан, Бақытжан, Нұрлан, Бауыржан, Әбдіқадыр.  Екінші қатарда: қарындастары Мария, Қадиша, зайыбының сіңлісі Рая, туыс інісі Асылхан, Перуза. 1964 жыл.

Білікті заңгер, іскер басшының ел-жұртының қауіпсіздігін сақтаудағы, заңдылықты нығайтудағы сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан еленбей қалған жоқ. Ол – «Құрмет белгісі» орденінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Құрмет Грамотасының және басқа да марапаттардың иегері.

Біз жоғарыда төңірегіндегілер, жақын-жуықтар мақтан тұтар шуақты шаңырақтың иесі, ел ағасы Әбдіқадыр Нұрмағанбетовтің есею, өсу жолдары жайлы қысқаша әңгіме еттік. Енді негізгі тақырыбымызға ауысайық. Осы дүниені жазудағы мақсат тату-тәтті тіршілік етіп жатқан ерлі-зайыптылар Әбдіқадыр аға мен Перуза апамыздың қалай бас қосқандығы, жастық шақтары, өзара сүйіспеншіліктері туралы сыр шерту ғой. Сонымен… Иә, олар алғаш қалай кездесті? Қалай танысты?

Алғашқы танысу

Ағамыздың жоғарыда тілге тиек еткен «Орындалған арман» атты кітапта зайыбы Перуза апамызбен алғаш қалай танысып, кездескендігі жөнінде баяндайтын «Алғашқы танысу» деген шағын бөлім бар. Міне, осында олардың алғаш қалай жүздескендері жайлы егжей-тегжейлі айтылады. Ағамыздың сол әңгімесіне құлақ түрелік.

– 1953 жылдың жаз айында мен институттың екі курсын жақ­сы аяқтадым. Ендігі бар ойым ауылға барып, аунап-қунап, жаз бойы демалып қайту. Ертелі-кеш кітапханадан шықпай бір ішек болып қалған студент үшін одан өткен қуаныш жоқ. Қолымдағы барыммен поезға билет алдым да, Жаңақорғанға тартып кеттім. Біраз уақыттан бері көрмей жүрген ата-анам құшақ жая қарсы алды. Әсіресе, қарындасым Мария қасымнан шықпайды. Екі жасқа енді-енді ғана тола бастаған Қадишаның да қылығы қызық. Аяғын тәлтек-тәлтек басып, оның да менің артымнан қалғысы келмейді. Мен оны көтеріп алып, қолымнан тастамайтынмын. Бір үйде жалғыз ұл болсам да артымдағы екі қарындасымның барына шүкіршілік ететінмін. Соларға мейірлене қарап, анама қолғабыс жасаймын. Әкем болса ертелі-кеш жұмыста. Бірде анам:

– Балам, оқу деген инемен құдық қазғандай, – дейді ғой. Сол айтпақшы, біраз жүдеп қалыпсың. Мынау Жаңақорғанның курорты ауылға тиіп тұр. Сонда барып демалсаңшы, – дегені.

– Апа, соған ақшаны шығындап қайтем, – дедім.

– Шығынданатын түгі жоқ, колхоз атынан барасың, ап-арзан, – деп апам мені көндіруге тырысты.

– Барсам барайын, – дедім анамның көңілін қимай. Мұны әкем де қолдады. Сөйтіп, алғаш рет курортқа демалуға келдім. Азмаз емдомдары бар екен, тамағы да жаман емес. Екі жеті­дей жатып шықсам, бүйірім томпайып қалатын сияқты. Басқасы басқа, Жаңақорғанның кинотеатрында талдыр­маш бір қызды көргенде, жүрегім атша тулап бұлқына соқты. Ары өтсе де, бері өтсе де соған қараймын. Сонымен танысуға асықтым. Бірақ бірден батылым бара қоймады. Бірер күннен кейін ғана қызбенен тілдесудің сәті түсті.

– Қарындас, танысып қоялық, есіміңіз кім болады, – дедім.

– Перуза, – деді жас қыз.

– Өте жақсы есім екен, менің атым Әбдіқадыр, – деп қолымды ұсындым. Перузаның екі беті алаулап кетті. Дегенмен, менің көңілімді қайтармады. Ол да қолын берді.

– Алыстан келдіңіз бе?

– Осы ауданның «Бірлік» колхозынанмын, Алматыда заң институтында оқимын. Жазғы демалысқа келдім, – дедім.

– Студент екенсіз ғой, – деді Перуза. – Мен биыл ғана орта мектепті бітірдім, енді санаулы күннен кейін оқуға кетем.

– Қайда бармақ ойыңыз бар?

– Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтқа түссем деймін.

— Талабыңыз таудай екен, түсіп кетуіңізге тілектеспін, – дедім. Екеуміздің әңгімеміз жараса түскендей болып, менің өн-бойымды батылдық билей бастады.

– Кешке киноға барсақ қалай қарайсыз? – дедім Перузаға. Перуза жүзін төмен салып үндемей қалды. Менің байқауымша, қарсы емес сияқты. Енді ғана мектеп бітірген ауылдың әдепті қызы бірден қалай ғана келісе кетсін.

– Бүгін жақсы кино бар екен, келесіз ғой соған. Қыз басын изегендей болды.

Мен кештің басталуын асыға күттім. Мұндайда уақыт шіркін өте қойса ше. Әйтеуір, өйтіп-бүйтіп жүріп кешті батырдым-ау. Перуза да сөзінде тұрып, айтқан мезгілде клубқа келді. Мен билет алып, екеуміз клубтың ішіне кірдік. Орындыққа қатар жайғастық. Кинодан соң көппен бірге тысқа шығып, қыз үйіне қайтуға ыңғайлана бергенде:

– Перуза әлі ерте ғой. Біраз қыдырып қайтайық, – деп оның сүйріктей саусақтарынан ұстадым. Өн бойымды ерекше бір сезім билегендей болды. Бұндай құбылыстың қыздың бойында да болғанын айқын аңғардым. Екеуміз айлы түнде қол ұстасып келе жатырмыз. Сөзді неден бастауды білмей:

– Мұғалім болуды жас кезіңізден армандап па едіңіз? – дедім.

– Иә, жас кезімнен, – деді Перуза.

– Қызылордадан гөрі Алматының педагогикалық институтына бармай­сыз ба?

– Біз орта мектепті он шақты қыз бірге бітіріп отырмыз. Бәріміз де орта мектепті бітіргеннен кейін Қызылорданың пединститутына түсеміз деп бір-бірімізге уәде беріп қойғанбыз, – деді Перуза.

– Жұптарыңызды жазғыларыңыз келмейді ғой.

– Иә, солай.

– Бұларыңыз дұрыс екен, – дедім.

– Өзіңіз заң институтының қай курсында оқисыз, – деді Перуза.

– Екінші курсын бітірдім.

– Алматы әсем қала шығар?

– Әрине, табиғаты ғажап қой, – деп мен студенттік өмірдің қыр-сыры жайлы біраз әңгіме шерттім. Перуза да менің сөзімді бар ниетімен тыңдады. Бойы да үйрене бастағандай. Екеуміз осылайша түннің бір уағына дейін сырластық. Тіпті бір-бірімізді қимай қоштастық.

– Перуза, ертең тағы да келесіз бе? – дедім.

– Иә, келемін, – деді Перуза. Сол күннен бастап екеуміз бір-бірімізді көруге асығатын болдық. Әне-міне дегенше, екі аптадай уақыт та өте шықты. Мен Перузаны Алматыға алып кетуге тырыстым. Бірақ ол бірінші сыныптан бірге оқыған он қыздың бір-біріне берген уәделерінен айнымайтынын алға тартты. Оның алған бетінен қайтпайтын бірбеткейлік мінезі маған да ұнап қалды.

Перузамен жан-жақты сөйлескен­нен кейінгі менің түсінгенім, біздің әке-шешелеріміз бір-бірлерін жақсы танитын болып шықты. Бұның өзі де бізді жақындата түскендей еді.

– Өмір алда, мақсат көп, әлі талай рет бірге боламыз, бірге жүреміз, хат жазып тұрамыз, – деген Перузаның сөзі менің жүрегіме сенім отын ұялатқандай болды. Арада біраз күн өткеннен кейін Перуза Қызылордаға аттанып кетті. Менің көңілім құлазып, өзімді айдалада өскен жалғыз ағаштай сезіндім. Уақыт өтсеші. Қызды ойлай беретін болдым. Ақыры жазғы демалысты да бітіріп, Алматыға аттандым. Перуза да институттың физика-математика факультетіне оқуға түскен екен. Естіген бетте құттықтап, жеделхат жібердім. Көп ұзамай одан хат алдым. Ол менің құттықтауыма рахметін айтыпты. Сол күннен бастап екеуміз бір-бірімізге хатты қарша бораттық. Ыстық сезімдерімізді небір асыл сөздермен жеткізіп отырдық. Сөйтіп, бір жылдың қалай өткенін екеуіміз де байқамай қалдық. Бұл ортада Перуза Қызылорда педагогикалық институтының бірінші курсын тәмамдады. Мен болсам оны Алматыға шақырумен болдым.

Әңгімеге Перуза апа араласты:

– Біздің әке-шешелеріміз бір-бірлерін жақсы білетін. Менің әкем де, шешем де Әбекеңнің отбасы, балаларының тәрбиелігі жөнінде дастарқан басында әңгімелеп отыратын. Ол әңгімелерді мен де естіп отырушы ем. Екеуміздің танысып, жарасып кетуімізге үлкендердің де жақындықтарының әсері болды-ау деймін. Әлгінде айтылғандай, таныстықтан соң үзбей хат жазысып тұрдық. Хатта не айтылатыны белгілі. Алғашқы ыстық сезімдер, бір-бірімізді ұнататынымыз, жүрек лүпілі, болашақ қызықты өмір… сөз болады.

1953 жылы мектепті бітірдім. Ауылдан он қыз Алматыға келіп, Қыздар педагогикалық институтына емтихан тапсырдық. Өкініштісі, конкурсқа келгенде бәріміз де өте алмадық. Содан бізді Қызылорда педагогикалық институтына қабылдайтын болды. Аталған оқу орнында бір жыл оқыдым. Арғы жағын ағаңның өзі айтар.

Батырдың батасы

Әбдіқадыр ағамыздың ұлтымыздың аяулы перзенті, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен кездескені де бір хикая. Ол кезде батыр Абай атындағы педагогикалық институттың ректоры.

Махаббат, сүйіспеншілік не істетпейді? Ер жігіт сүйген қызы үшін бәріне де барады. Жас жігіт Әбдіқадыр да нағыз ғашықтық сезімді бастан кешірді. Сүйгені Перузаның бір жерде, жанында жүргенін қалады. Оны Абай атындағы пединститутқа ауыстырып алудың амал-айласын қарастырды. Мұның жолы табылғандай да болды. Перузаның қолымен арыз жаздырып алды. Енді осыны институт ректорына тапсыру керек. Ректор көптің бірі емес. Атақты Мәлік Ғабдуллин. Не болса да тәуекел етті.

Бұл жайды Әбдіқадыр аға былайша еске алады:

– Мәлік Ғабдуллиннің кабинетіне имене басып кірдім. Кеңес Одағының Батыры, білдей бір институттың ректоры жылы қабылдаған сәтте менің қорқынышым тарай бастады. Аман-саулықтан соң:

– Қай бала боласың, келген шаруаңды айт, – деді.

– Әбдіқадыр Нұрмағанбетов деген ініңіз едім. Өзім Алматыда заң институтында оқимын, – деген сәтте заң институты студентінің менде қандай шаруасы бар дегендей ойланып қалды. Осы сәтте мен де тосылып қалдым. Мұны байқап қалған ректор:

– Қысылма шаруаңды айта бер, –деді.

– Қысқасын айтсам, сүйген қызым Қызылорда пединститутында оқитын еді. Соны осы институтқа ауыстырсам ба деп едім.

– Қай курста оқушы еді? – деді.

– Бірінші курсты бітірді.

– Сол жақта оқи берсе қайтеді, бір-біріңді шын сүйсеңдер күтеді ғой, – деді ол.

– Қызымда жазық жоқ, ауыстыруға жүгіріп жүрген өзім. Сүйген қызымның жырақта жүргені қиын екен. Көңілім бір жерде болмаған соң, жақсы оқуыма да әсерін тигізіп жүр. Соған жәрдем етсеңіз, аға, – дедім. Мәлік Ғабдуллин үнсіз қалды. Арызға қолын қоймай ма деп қауіптенген едім. Бір кезде батыр аға маған мейірімді жанарымен жымия қарап:

– Қызыңның алыста болғаны жаныңа қатты батып жүрген екен ғой. Оқуыңа да кедергі болып жүрген көрінеді. Қызың қасыңа келсе сабағыңды жақсы оқисың ба? – деді.

– Әрине, жақсы оқыр едім.

– Сендер енді өстисіңдер, арызыңа қол қойып берейін, – деп бұрыштамаға қол қойды.

– Қызыңды шын сүйесің бе?

– Иә, шын сүйем.

– Олай болса, оны сыйлай біл, махаббатты қадірлеу керек. Өсіңдер-өніңдер, бақытты болыңдар, – деп батасын беріп, менің арқамнан қағып, кабинетінен шығарып салды. Қуанышымда шек жоқ, ректордың кабинетінен бақыт құшағына бөленіп шықтым. Өмір деген неткен қымбат. Бұл дүниеде жақсы адамдар аз емес. Шіркін, Мәлік Ғабдуллиндей адамдар көп болса ғой, – деп толқыдым. Құдай бұйыртса енді Перузам үнемі қасымда жүретін болды ғой деп ойладым. Құстай ұшып бас поштаға келіп, оған жеделхат салдым.

Сөйтіп, Перуза Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институты физика-математика факультетінің екінші курс студенті болады. Екі жастың қуанышында шек жоқ. Екеуі де жатақханада тұрады. Уақыттарын көбіне бірге өткізеді.

– Мен заң институтын өте жақсы аяқтадым. Перузаға үйленерден бұрын институтты бітірер алдында ата-анама осындай бір қызбен танысып, Құдай қосса сол қызға үйлену ойымда бар екенін айтқан болатынмын. Бұны есіткен ата-анам қыздың әке-шешесімен кездесіп, қазақша айтқанда құда түсіп, ол кісілердің келісімдерін алып қойыпты. Сондықтан да біз үйленуді тездеттік. Екі бірдей қуанышқа кенелген менен өткен бақытты жан жоқтай сезіндім. Ендігі бар мақсатым жұбайымды ауылға апарып, әке-шешеме көрсету. Көп ұзамай оған да қол жетті. Әке-шешем бізді құшақ жая қарсы алды. Екеуінің де қуаныштарында шек жоқ. «Орнында бар оңалар» демекші, жалғыз ұлдың үй болуы екеуін кәдімгідей-ақ марқайтып тастады. Қолдағы барларын ортаға салып той жасап, бүкіл ауылды шақырды. Той тарқасымен әкем:

– Балам, бар арманың заңгер болу еді, оған да қол жеткіздің. Ендігі мақсатың қандай, не істемек ойың бар?– деді.

– Ресейдің Свердловск қаласына барып, тағы бір жыл оқитын болдым.

– Ол неғылған оқу?

– Бұрын заң институтын бітіргендерді Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жұмысқа ала бермейтін. Биылдан бастап қаулы шықты. Заң институтын жақсы бітіргендерді Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне тергеушілік қызметке жіберіп жатыр. Ол үшін бір жылдық курсты тәмамдауымыз керек. Мені де соған жіберді.

– Жарайды, оқуыңа бара ғой, келінді қайтесің?

– Қайткені несі, ауылға, өздеріңіздің қастарыңызға қалдырып кетемін. Өзінің оқуын Шымкенттегі педагогикалық институтта жалғастыратын болады. Ауыл арасы алшақ емес, келіп тұрады, ­– дедім.

– Перузаға өзімнің туған қызымдай қараймын, – деп әңгімеге анам да араласып кетті.

Арада біраз күн өткеннен кейін жолға шығатын болдым. Перузаға оңашада:

– Мен екі үйдің ортасында өскен жалғыз ұл едім. Ата-анам қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Ендігі бар арманым аяулы ата-анамды ештеңеден тарықтырмасам деген тілек. Сондықтан жақсылап қарарсың, көңілдерін табарсың. Менің бұлардан басқа кімім бар дейсің? – дедім.

– Сен ол жағынан қам жеме, өзімнің туған ата-анамнан кем көрмеспін. Қолымнан келгенше бағып-қағамын. Сырт жаққа кетіп барасың, өзіңе-өзің сақ бол, – деді Перуза.

Келесі күні мен ата-анаммен, сүйген жарым Перузамен қоштасып жолға шықтым. Бірнеше күн жол жүріп Мәскеуге, одан кейін Свердловск қаласына да жеттім. Сөйтіп, Мемле­кеттік қауіпсіздік комитетінің жоғарғы мектебіне оқуға түстім. Мұны да үздік бітіріп, 1956 жылдың тамыз айында жолдамамен Оңтүстік Қазақстан облыстық қауіпсіздік комитетіне барып, тергеуші болып қызметке орналастым. Перуза болса Шымкент педагогикалық институтына ауысып, Спатаев атындағы орта мектепке жұмысқа тұрыпты. Біздің еңбек жолымыз осылай басталды.

Осы ретте ардақты ана, ұлағатты ұстаз Перуза Мұсақызы жөнінде айта кетейік. Апамыздың негізгі кәсібі – мұғалімдік. Жұбайының қызметіне орай, әр өңірде қызмет атқаруына тура келді. Алғашқыда Қыздар педагогикалық институтында сабақ берді. Кейін Маңғыстау облысының орталығындағы қазақ-орыс мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мұғалімдер білімін жетілдіру институтында әдіскер … Соңғы уақытта Талдықорған облысындағы Абай атындағы орта мектепте қызмет істеп, зейнеткерлікке шықты…

Перуза апамыз жайлы оны жақсы білетіндер жылы лебіздерін білдіреді.

– Менің қызметімді ойдағыдай атқаруыма, балаларымыздың тәрбиелі, саналы болып өсуіне зайыбымның қосқан үлесі зор, – дейді Әбдіқадыр аға.

Отағасы о баста «төрт ұлым болса» деуші еді. Бұл арманын жаңа қосылған жұбайына да айтқан. «Төрт ұл бола ма, алтау, жетеу бола ма, Құдайдың бұйырғаны болар» деген сонда Перуза күлімсіреп. Алла тілекті қабыл етті. Төрт ұл дүниеге келді. Олар да өсіп, отау құрып, азамат қатарына қосылды. Әрқайсысының өздері қалаған сүйікті кәсіптері бар. Нұржан – құрылысшы-инженер, Бақытжан – заңгер, Нұрлан – ұшқыш, Бауыржан – суретші. Төрт ұл бұл күндері әке-шешелеріне жеті немере, екі шөбере сыйлап отыр.

Әбдіқадыр ағамыздай ел ардақ­тысының әрбір мерейтойы елеусіз, ескерусіз қалмайтыны анық. Ондайда құттықтаушылар, ыстық лебіздерін білдірушілер көп болады. Ғұмырының бедерлі белестерінің бірі – жетпіс жасқа келгенде Құлтас, Оңлан атты бауырлары ізгі ниеттерін өлеңмен жеткізген еді. Сол тілекте мынандай шумақ бар.

Келсе де жасы жетпіске жездеміздің,

Келгендей көрінеді елуге енді.

Әпкемізбен екеуі сұлу қалпы,

Көргендейміз Қыз Жібек, Төлегенді…

Қазір де әрлерінен таймаған, сұлу өмір кешіп жатқан оларды Жібек пен Төлегенге теңеулері әбден орынды. Бір-біріне ынтық, ғашық жандарды жыр-дастандардан ғана емес, нақты өмірде де кездестіруге болатынына тілге тиек еткен кейіпкерлеріміздің бастан кешкен хикаяттары дәлел.

Нұрперзент Домбай

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.