You are here

Конституциялық құқықтарды қорғау – елді келешекке бастау

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Біздің елімізде адам және оның құқығы әрқашанда басты назарда тұрады деп бек сенім артамыз. Шындығында солай ма? Кез келген қазақстандық Қазақстан жерінде өзін барлық жағынан құқықтық қауіпсіз және мемлекеттік қорғалу заңдарымен толыққанды қамтамасыз етілгенмін деп жетік сезіне алуы тиіс. Өйткені, бұған біздің Конституциямыз кепілдік бере алады. Әсіресе, онда адам құқығы қорғалуы ерен ескерілетіні айдай ақиқат. Тіпті, сол үшін көптеген құқықтық, заңды істер жүзеге асуда. Соның бірі ретінде Мемлекет басшысы жариялаған бес институттық реформаның 2-ші тармағында елдегі сот жүйесін жаңғыртуға көп көңіл бөлінген. Соның ішінде прокурордың тергеу ісіне қатысты санкция беру құзыретін ендігі жерде соттың қарамағына өткізу қажеттілігі көзделген. Ел Конституциясының 20 жылдығына орай біз осы мәселеге қатысты Бас Прокурордың орынбасары Нұрмаханбет Исаевқа жолығып, бірқатар сұрақтарымызға жауап алуды көздедік.

– Нұрмаханбет Молдалыұлы, Ата Заңымыз және одан туындаған өзге де заңдарымыз бойынша адам құқы елімізде басты назарда тұруға тиісті деп білеміз. Бірақ адамның адамы, шенеуніктің де шенеунігі бар дегендей, расы керек, кей жағдайда заңдылықтың сақталмайтын кезі де бар екені жасырын емес. Осы орайда Конституция талаптарына сай нақты заңдылықты, әділеттілікті қалпына келтіру бағыты бойынша құқық қорғау органдарында реформалар да жүргізіле бастады. Соның бірі – адамның бар сенері сот жүйесін реформалау болып отыр. Әуелі осы мәселелер төңірегінде айтып берсеңіз.

– Дұрыс айтасыз, Мемлекет басшысы жариялаған бес институттық реформаның 2-ші тармағында елдегі сот жүйесін оңтайландыруға көп көңіл бөлінген. Соның ішінде прокурордың тергеу ісіне қатысты санкция беру құзыретін ендігі жерде соттың қарамағына өткізу қажеттілігі көзделіп отыр. Тергеу әрекеттеріне барлық санкцияларды тергеу судьясы беретін болады. Сондықтан «100 қадамның» 19-қадамының 10-ы сотқа арналған. Негізгі мақсаттардың бірі – сот қадағалауын кеңейту. Себебі, барлық дамыған елдерде сот қадағалауы қылмыстық процесте адамның конституциялық құқықтарын қорғаудың кепілі болып табылады. Бұл, өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында бекітілген. Ал Конституцияның 13-бабына сәйкес біздің елімізде әркімнің сот арқылы қорғалуына құқығы бар екендігін де естен шығаруға болмайды. 2007 жылы Мемлекет басшысы Жолдауында соттардың тұтқындауды санкциялауға ауысуын айтты. Сөйтіп, соттар осы өкілеттіктерге ие болды, ал сотқа дейін тергеушінің қамау керек деген өтінішін қолдау-қолдамауын прокурор шешеді. Осылайша, екіжақты қадағалау жасалуда.

– Жоғарыда тергеу әрекеттеріне барлық санкцияларды тергеу судьясы беретін болады дедіңіз. Сонда қалай, санкциялау құзыреті сотқа берілсе жағдай түзеле ме, әлде құқық қорғау сапасы арта ма? Мұндай тәжірибе бар ма?

– Бар. Мұндай тәжірибе ақталған және тиімді. Сондықтан ол жаңа Қылмыстық-процестік кодексте сот өкілеттіктерін кеңейту кезінде қолданылды. Бүгінде соттар 12 тергеу және процессуалдық әрекетті, соның ішінде мүлікке тыйым салу, мәйітті эксгумациялау, жақындауға тыйым салу, сондай-ақ қызметтен уақытша шеттету әрекеттерін өткізуге санкциялар береді. Мәселен, қазіргі таңда прокурордың санкциясымен мәжбүрлі қарап-тексеру, тінту, жеке тінту, алу, үлгілерді мәжбүрлеп алу, сондай-ақ жасырын тергеу әрекеттері өткізіледі. Жасырын тергеуден басқалардың барлығын келесі жылдан бастап судья санкциялайтын болады. Содан кейін жабық тергеу әрекеттерін өткізуді де судья санкциялайтын болады. Өйткені, бұл адамдардың конституциялық құқықтарын қорғау тетігін айтарлықтай күшейтеді. Жасыратыны жоқ кейде сотта қылмыстық қудалау органдары қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері анықталатыны да аз емес. Сондықтан мен сот қадағалауын кеңейту тергеудің барлық кезеңдерінде заңның бұзылуын болдырмауға мүмкіндік береді деп сенемін.

– Дегенмен, жаңалықтың бірі ретінде, яғни, бұлтартпау шарасын қолдану үшін күзетпен ұстау түріне қалай қарайсыз?

– Бүкіл әлемде қылмыстық қудалау органдары күдіктілердің күзетпен ұсталуына, яғни, олардың қол астында болуына мүдделі. Мұндай мүдде тек біздің полицияда ғана емес, барлық елдерде байқалады. Осы үшін конституциялық құқықтар мен бостандықтардың сақталуын қамтамасыз ететін тергеу судьялары мен прокурорлар бар. Көп жағдайда сотқа жеткізбей тергеушілердің күзетпен ұстау туралы өтініштерін қолдамай прокурорлар бірінші сүзгі қызметін атқарады. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде прокурорлар тергеу органдарының пікірімен келіспей, 966 адамды қамаудан босатты.

Сотқа дейінгі тергеу барысында күзетпен ұстау қажеттілігін жете тексеруі тиіс тергеу судьялары екінші сүзгі болып табылады. Олар осы жылдың бірінші жартыжылдығында 74 адамды қамауға алудан бас тартты. Судьялар мейлінше сақтанып жүргенін осы сандар көрсетеді деп ойлаймын. Бас Прокурордың осы мәселедегі позициясы ұстамды. Сотқа дейін тек аса ауыр қылмыс жасаған күдіктілер ғана күзетпен ұсталуы керек. Басқа жағдайларда балама ретінде кепіл болуы тиіс.

Жалпы айтқанда, мен өркениетті елдердегі сияқты күдіктінің (жоғарыда көрсеткендей, аса ауыр қылмыс жасаған, кісі өлтірген, терроризм және басқа қауіпті қылмыс жасағандардан басқа) кепіл беріп, ісі сотта қаралғанға дейін бостандықта болуы мүмкіндігі қажет деп есептеймін. Бұл барлығы үшін пайдалы. Және де бұл адамдар құқығының кепілі және ең бастысы – болуы мүмкін қателердің алдын алу. Үстіміздегі жылдың 15 тамызындағы жағдай бойынша кепіл күдіктілердің 40 пайызына қатысты қолданылды, ал күзетпен тек 23 пайызы ұсталды. Сөйтіп, біз осылайша «түрме халқын» қысқартумен байланысты мәселені де шешеміз.

– Өзіңіз айтқандай, жаңа кодексте қорғаушының негізгі талаптарына аса назар аударылады екен. Егер бұрынғыдай оған көңіл бөлінбесе ше?

– Қорғаушының, адвокаттың заңды және негізді талаптарына деген кез келген көңіл бөлмеушілікті тергеу судьясы жояды. Осы жағынан тергеу судьясы олардың дәлелді өтініші бойынша сот сараптамасын тағайындауға, кез келген мәліметтерді, заттарды және құжаттарды талап етіп, қылмыстық іске қоса тіркеуге, олар бұдан бұрын сұрақ алған куәгерді тергеуге алып келу немесе оның жауаптарын айғақтарды сақтауға қою жөніндегі мәселені шешуге құқылы. Осы ретте адвокаттың адамдарды аудиобейне жазба құралдарын пайдаланып, сұрақ алуға құқығы бар. Сот қадағалауын күшейтумен қатар қорғау өкілеттіктерінің кеңеюі орын алды.

– Осы реформалар істі тергеу кезінде сөзбұйдалықты, қағазбастылықты жоюға көмектесе алады ма?

– Бұл тетікті де біз қарастырдық. Мен қатысушыларға прокурор алдында сөзбұйдалықты тоқтату туралы өтініш жасауға құқық беретін норманы ҚІЖК-ге қосуда бастамашылардың бірі болдым. Ол ҚІЖК-нің 192-бабының 8-бөлігінде бекітілді. Егер күдіктінің немесе зардап шегушінің пікірі бойынша істі тергеу созылып кетсе, олардың тергеушінің соңғы шешім қабылдауы керек болатын белгілі бір мерзімді орнатуды прокурордан сұрау құқығы бар. Сонымен қатар, олар оған сот тәртібінде де шағымдана алады. Яғни, мұнда да сот қадағалауы бар. Осындай мүмкіндік Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактте, Адам құқығын қорғау туралы Еуропалық конвенцияда және басқа халықаралық келісімдерде бекітілген. Біз барлық стандарттарды ұстандық.

– Әсіресе сотталушы кінәсіз болса, не оның кінәсі жеткілікті түрде дәлелденбеген кезде қосымша тергеулер сөзбұйданың өзіндік бір формасы болып табылмайды ма?

– Мен кеңестік уақыттың осы қалдығының көзі жеткен қарсыласымын. Сот ғимаратынан адам не сотталып, не ақталып шығуы керек. Үшіншісі берілмеген. Өкінішке қарай, судьяда іс бойынша соңғы, соның ішінде ақтайтын шешімді шығаруға жауапкершілікті өзіне алуға батылдығы мен мінезінің тұрақтылығы үнемі жете бермейді. Және тек даулы немесе қоғамдық резонанс тудырған істер бойынша ғана емес. Оның конституциялық міндеті қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудан тұрады ғой.

Қылмыстық процесті түпкілікті өзгерту (жаңа ҚІЖК-де қайта тергеуге істі қайтару институтын алып тастау) іс жүзінде ақтау үкімдері санын арттыруға әкелуі керек еді және біз, прокурорлар, мұны ешкімнен жасырған жоқпыз, ашық айттық және осыны күттік. Алайда, практикада ақтаулар саны керісінше азайды. Маған прокурор ретінде қуану керек еді, бірақ олай ете алмаймын, себебі бұл судьялардың істерді қосымша тергеуге қайтарудың бүркемелі формасының нәтижесі деп сенемін. Мүмкін прокурорлармен олардың қол жеткізген өзара «түсінушілігі» болған шығар.

– Істердің осы жағдайының себебі тек сонда ғана ма?

– Әрине, жоқ. Жауапкершілікті өзіне алу қорқынышы тек судьяларға ғана тән емес. Тергеушілер мен прокурорлар даулы дәлелдемелер базасы бар істерді сотқа жолдауға қауіптенеді. Олар егер адамдарды ақтаса, онда олардың өздеріне жаза қолданады деп қорқады. Біз осы жылдар бойы тамыр жайған стереотиптерді бұзуымыз керек. Кез келген шешім немесе қамауға ұстау заңсыз емес қой.

Мәселен, қалыпты жағдайды алайық. Тонау. Патруль қылмыс орнында екі адамды ұстайды, олардың әрқайсысы өзін кінәламайды, бір-біріне сілтейді.Тергеуші осындай жағдайда не істеуі керек? Әрине, ол барлығын қамауға алады. Соңында олар прокурормен сотқа беріледі. Сот тергеуінің нәтижесі бойынша біреуі ақталады. Ал мұнда тергеушінің және прокурордың қандай кінәсі бар? Және неге осы үшін олар жазаға тартылуы тиіс? Егер біз негізсіз тергеушілер мен прокурорларды қолдан қағатын болсақ, онда олар өз көлеңкесінен қорқып, жұмыс істеуді тоқтатады. Көптеген осындай істер бойынша соңғы нүктені сот қоюы керек.

– Сонда тергеушілер мен прокурорлар күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тартқысы келгені үшін жауап бермеуі керек пе?

– Егер тергеуші және прокурор зардап шегушінің құқықтарын адал түрде, заңды бұзбай қорғаса, тергеу жүргізсе және істі сотқа жолдаса, ал сот, мысалы, сотта негізгі куәгерлер өз жауаптарын өзгерткендіктен күдіктіні ақтап шықса, онда оларды кінәлауға себеп жоқ. Егер куәгерлер және басқа адамдар сотта өз жауаптарын өзгертсе, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс. Сот бірінші болып осыған көңіл бөліп, жеке қаулы шығаруы қажет.

Бірақ практикада іс біршама өзгеше көрінеді. Сот тарапынан да, өкінішке қарай прокурорлар тарапынан да осылай. Осындай фактілерге толыққанды назар аудару жоқ. Бұл жалған арыздарға да қатысты. Әркім ол үшін жауапкершіліктің болуы даусыз екенін білуі керек. Қылмыстарға қарсы тұрып, біз бір уақытта жалған жала жабылғандардың құқықтарын да қорғауды қамтамасыз етуіміз керек екенін еске түсіруге мәжбүрмін.

– Процессуалдық прокурор деген жаңа фигура кім? Оның рөлі туралы толығырақ айтып беріңізші.

– Қазір прокуратурада бұрынғыдай сотқа дейінгі кезеңде қадағалауды бір прокурор өткізеді, ал дәл осы іс бойынша мемлекеттік айыптауды басқасы қолдайды. Бұл онша дұрыс емес. Процессуалдық прокурор – бұл қадағалау сапасын арттыру бойынша келесі саты. Ол жалғыз өзі сотқа дейінгі кезеңді қадағалауды қамтамасыз етіп қана қоймай, сотта мемлекеттік айыптауды да қолдайды. Бұл дұрыс екеніне сенімдімін. Басқаша қалай біз кәсіпқойлар корпусын қалыптастыра аламыз. Олар әзірге ең маңызды істер бойынша белгіленген, бірақ жақын арада істер аясы кеңейеді.

Сотқа дейінгі тергеуге және сотта мемлекеттік айыптауды қолдауға процессуалдық басшылық ету – бұл шет ел прокуратуралары ісінің өзегі екені белгілі. Процессуалдық прокурор – бұл тиімді прокурорлық қадағалаудың еуропалық моделіне ауысудың тағы бір қадамы.

– Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесін реформалау қазақстандықтар құқықтарын жан-жақты қорғауға бағытталғанын талап етеді. Бұл үшін тағы не істеу керек?

– Менің ойымша, алда істер әлі аз емес. Бастысы әрқайсымыздың ісіміз адамдардың мүддесіне негізделуі тиіс. Кез келген істе тиімділік екі құрамдас бөлікке байланысты: құрал сапасына (осы жағдайда жаңа ҚІЖК) және орындаушы (судья, прокурор, тергеуші және т.б.) әрекетінің сапасына. Яғни, мен кез келген прогрессивтік норманың әрекеттілігі көп жағдайда біз күнделікті практикада тамыр жайған соттың да, қылмыстық қудалау органдарының да осы жаңалықтарға кедергі болатын жұмысын бұзуға дайын болуымызға байланысты екенін атап айтқым келеді.

Мысалы, біз жақын арада тергеушінің мәртебесін көтеру бойынша нақты және шынайы шараларды қолдануымыз және оны жедел қызметтің құрсауынан босатуымыз керек деп есептеймін, әйтпесе ең өміршең қылмыстық-процессуалдық нормалардың өзі адамдарға көмектесе алмайды. Ал судьялар өз жұмысын АҚШ, Ұлыбритания және тағы басқа елдердегі секілді адамдардың мүмкіндігінше тез сот алдында тұра алатындай етіп ұйымдастыруы керек. Әсіресе, айқын кінәлар және кішігірім қылмыстар бойынша. Әрине, басқа шаралар да қажет. Өйткені, әрқашан кез келген жаңа істе кемшіліктер болатынын атап айтқым келеді. Оған қоса қылмыстық процестің нормаларын түбегейлі өзгерту туралы сөз болған кезде. Қазір біздің міндетіміз осы кемшіліктерді анықтап жою және заңсыздық пен сөзбұйдаға бірде-бір ілік болмайтындай ету. Сонымен қатар, қисынды мерзімде шешім қабылдануы тиіс: адам кінәлі ме, әлде кінәсіз бе? Айқын және ашық. Сонда халық біздің сот төрелігімізге сенеді.

– Елбасы міндеттеген «100 нақты қадам» тапсырмасында бес сатылы сот қызметін үш сатыға дейін азайту туралы нақты айтылды. Бұған қандай алып-қосарыңыз бар?

– Президенттің ұсынысы бойынша, келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап бізде тек соттың үш сатысы ғана қызмет ететін болады. Олар – бірінші, сосын апелляциялық және кассациялық саты. Таратып айтсам, бұл жерде «бірінші саты» – ол аудандық сот, екінші саты – облыстық апелляциялық сот, үшіншісі – кассациялық саты, яғни – Жоғарғы Сот. Бес-алты саты емес, бар болғаны үшеу ғана. Сондықтан да тәртіп бойынша, бірінші соттың шешіміне келіспеген жағдайда, алдымен апелляцияға, содан кейін кассацияға жазады. Ал Конституция мен қылмыстық істер жүргізу кодексі бойынша, күшіне енген үкіммен келіспеген жағдайда Бас Прокурорға арыздануға кім-кімнің де хақысы бар.

– Мұндай соттың шешімін бұзуға прокурорларымыз қаншалықты дәрменді де қауқарлы?

– Бұл жерде Бас Прокурор ғана істің ақ-қарасын ажыратып, соттардың шешіміне Жоғарғы Сотқа наразылық келтіруге құзыреті болады. Ескерте кететінім, бұл күшіне енген үкімдерге ғана қатысты. Ал басқа прокурорлар келіспеген жағдайда апелляциялық сотқа наразылық келтіреді. Бұл жерде ерекше айтайын дегенім: елімізде соттан жоғары ешкім болмауы керек. Мейлі, оның шешімі біреуге ұнасын-ұнамасын, біз соған мойынсұнуымыз тиіс. Мен өзім прокурор болсам да, қайталап айтқым келетіні – соттан биік ешкім болмағаны лазым. Біз мәдениеті озық, өркениетті ел боламыз десек осыны мойындап, осыған тоқтағанымыз жөн. Әйтпесе бәрі бекер. Әрине, мен төбені қаншалықты тау деп атап айтсам да ешкім оған сенбейді. Тауды тау қылып отырғаны оның биіктігі. Сондықтан сот осы жоғары деңгейге сай болуы үшін және ең бастысы дәп солай жалпы халық санау үшін әр судья прокурордан да, басқалардан да кәсіби де, басқа да жағынан әлдеқайда биік болуы керек. Солай болсын десе, әрине.

– Судьялыққа қай жастан бастап тағайындағанды жөн деп есептейсіз?

– Әрине, бұрынғыдай бір-екі жылдық еңбек өтілімен 25 жасында судьялыққа тағайындалуды жөн деп санамаймын. Кемінде 30-35 жасқа жетіп, тәжірибесі толысқан мамандарды судьялыққа қойсақ ұтылмаймыз деп ойлаймын. Енді міне, біздің осы ойымыз Елбасының «100 нақты қадам» жобасы аясында іске асырылатын болды деп үміттеніп отырмыз.

– Жоғарыда айтылғандарды түйіндей келгенде конституциялық құқықтарды сақтау халықтың жағдайын жақсартатын елді болашаққа бастау жолы дейсіз ғой.

– Әлбетте, Елбасы тапсырмасын орындау – болашаққа жол салу.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.