You are here

ҚОҒАМ ПОЛИЦИЯҒА КӨМЕКТЕСУІ ТИІС

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің 2014 жылғы көрсеткіштеріне қарағанда,елімізде 34 мыңнан астам адамнан құралған 5,4 мыңнан астам құқық қорғау бағытында қызмет атқаратын қоғамдық құрылымдар бар екен.

Олардың қатысуымен 1,7 мыңнан астам қылмыс ашылып, 23 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылар анықталған.Мұның барлығы жақсы көрсеткіштер, алайда прокурорлық тексеріс нәтижелерінде анықталғандай осындай құрылымдардың жұмысының формальды түрде жүргізілетінін есепке алар болсақ, бұл әлі де жеткіліксіз болып шықты. Сол себепті, бүгінгі күні құқық қорғау жүйесінде жүргізіліп отырған реформаның басты мақсаты – полиция мен қоғамды бір-біріне жақындастыра отырып, оны азаматтардың мәселелерін тиімді шешілуіне бағыттау болып табылады.

– Мемлекетіміздегі «100 нақты қадам» бағдарламасының 30-тармақшасына сәйкес, таяу уақытта жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін поли-ция қызметі құрылады. Оның өкілеттігіне қоғамдық тәртіпті қорғау мәселелері, тұрмыста орын алатын қылмысқа қарсы тұру, жол-бақылау қызметі, ұсақ құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік сұрақтары енгізіледі. Жол-бақылау полициясы туралы айтар болсақ, барлық полиция қызметкерлерінің жұмыс ауысымы кезінде атқарған ісінің барлығын жазып отыратын бейнетіркегіштермен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл сыбайлас жемқорлық фактілерін төмендетуге және полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен объективтілік деңгейін жоғарылатуға өз септігін тигізері сөзсіз. Болашақта жергілікті полиция қызметінің басшысын тиісті деңгейдегі әкім тағайындайды және ол атқарушы органның берген тапсырмаларын орындауға тиіс болады. Сонымен қатар, полиция қызметі басшының жергілікті мәслихат алдында да есеп беру жағдайы қарастырылған. Жергілікті бюджеттен қаржыландыруға негізделген жергілікті атқарушы органға бағынышты жергілікті полиция тұрғындардың көкейіндегі мәселелердің жедел шешілуі-не жағдай жасауы себепті, халық әкімдердің тарапынан қолдаудың бар екендігін сезінеді. Сондай-ақ, ведомство ішіндегі көрсеткіштер қуалау фактілеріне жол берілмейді. Ал әкім болса полиция қызметінің айыппұл салу, барлық тұлғаларды тіркеу, тұрғын үйді жалға берушілерден алынатын түсім, бюджетке төленетін салықтар және тағы басқалар сияқты экономикалық тиімділікке мүдделі болады, – деп түсіндіреді жергілікті полицияны құрудың тиімділігін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы Құсайын Игембаев.

Сарапшылардың пікірінше, полиция қызметкерлері белгілі және қажет болған жағдайда жедел табылуы тиіс, олар өзіне бекітілген аумақты мекендейтін адамдардың барлығын тануға, азаматтардың мәселелерін тыңдауға және қол ұшын беруге, жергілікті тұрғындарды жедел ұйымдастыруға және өзінің қол жеткізген көрсеткіштері жайында есеп беруге міндетті. Осының барлығы жергілікті полиция қызметі туралы заң жобасында қаралып, ол таяу уақытта Парламент талқылауына ұсынылмақшы.

«100 нақты қадам» бағдарламасының 31-тармақшасында көрсетілгендей этикалық нормаларды бұзуға жол берген полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызын қарау жөніндегі қоғамдық кеңес жүйесін құру арқылы полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету заңды түрде бекітілетін болады. Сонымен қатар қоғамдық кеңестер азаматтарды, қоғамдық бірлестіктерді және қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқықбұзушылықтардың алдын алу аясындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын ұйымдарды бірлесе әрекет етуге тартады, сондай-ақ тұрғындар мен ішкі істер органдары басшылығының арасындағы өзара байланысты қалыптастырады. Осының негізінде, мемлекет полицияның қоғамдық тәртіпті сақтаудағы жұмысының ашық әрі тиімді болуына, қоғамның құқық қорғау органдарына сенімінің ұлғаюына жағдай жасайды.

Құсайын Игембаевтың пікірінше, бұл да жеткіліксіз. Маңайымызға назар аударатын болсақ, үйлердің маңындағы қоқыстар, қоғамдық орындарда шылым шегу, жол қозғалысына қатысушылардың дөрекілігі – осының барлығы тек қана полицияның нашар жұмысының көрінісі емес. Керісінше, бұл адамдардың айналада болып жатқан құбылыстарға немқұрайды қарауынан туындап отыр. Сол себепті, құқық қорғау жүйесін қайта құрумен бірге халықты қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелерін шешуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруға тарту қажет.

Бүгінгі күні заңның бұзылғандығы жайында кез келген адам полицияға хабарлауға дайын емес. Қоғам өзгермейінше адамдар да бұйығы болып қала береді. Қандайда болсын ұсақ қылмыс-тың өзін,оны кім жасағанына қарамастан, тиісті орындарға хабарлануы маңызды. Қауіпсіз қоғамда өмір сүргісі келетін әрбір адам осыны есте ұстауы тиіс. Тек қана азаматтардың қылмысты жоюға деген талпынысы мен белсенділіктері ғана тиімді нәтижелерге қол жеткізуге көмегін тигізеді. Мысалы, бірнеше адамнан уақытында түскен қоңырау есірткі заттарының заңсыз айналымын тоқтатуға көмегін тигізеді. Осындай жағдайда ғана ешбір қылмыскердің сайрандап жүруіне жол берілмейді.

– Жоғарыда аталған бағдарламаның 32-тармағында көрсетілгендей «Қылмыстық құқық бұзу картасы» интернет-порталын құру тағы бір нақты қадам болып табылады. Бұл картада елімізде бір аптаның ішінде жасалған барлық қылмыстық құқықбұзушылық тіркелетін болады. Бұл қоғамға ішкі істер органдарының жұмысының тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді. Осы шаралардың барлығы қосылғанда ғана қоғам үшін өзінің оң нәтижесін беретіндігіне берік сенімдімін. Осы сала-дағы әр азаматтың жекелеген үлесі тұтастай қоғам үшін маңызды. Егер әр азамат өзінен, ошағынан, ауласынан, өз көшесінің тәртібін қалыпқа келтіруден бастамаса, біз ешқандай заңмен темірдей тәртібі бар қоғам құра алмаймыз. Бұл құқықбұзушылыққа қоғамдық әсер ету – олармен күрестің неғұрлым тиімді шарасы, ол құқықтық тәртіпті сақтауға осыған мүдделі тұлғаларды неғұрлым көбірек тартуға зор мүмкіндік береді. Полицияның күші мен құралын қоғамдық тәртіпті сақтауда шебер басқару қоғаммен тығыз байланыс орнаған кезде ғана мүмкін болмақ, – дейді Бас прокуратураның Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы Құсайын Игембаев.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.