You are here

КІМДІКІ ДҰРЫС, КІМДІКІ БҰРЫС?

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Алматы облысының Талғар аудандық прокуратурасы шаруа қожалықтарының иелеріне қарсы талап арыз түсірді. Қадағалаушы ұйым жеке адамдардан мемлекет қазынасына миллиондаған теңге қаржыны қайтаруды талап етуде.

Мәселенің мәнісіне үңілсек, өткен жылы жергілікті әкімшілік пен жер қатынастары бөлімі қожалық иелерінен айналма автокөлік жолының құрылысы үшін біраз жерді қайтарып алған. Ол үшін адамдарға нарықтық құнына сәйкес лайықты өтемақы төленген. Алайда арада бір жыл өткен соң прокуратура жерлерді қайта сатып алу үшін артық қаржы жұмсалған деп отыр. Негізінде аудан тұрғындары бұл телімдерді екі мыңыншы жылдардың басында сатып алған бағасы немесе кадастрлық құны бойынша сатуы керек еді.

Сергей Баденко осыдан 6 жыл бұрын сатып алған 10 гектар жердегі ергежейлі бағын мақтанышпен көрсетті. Бұйыртса, жақсы өнім алатын алтын күзді асыға күтіп жүр екен. Осы жылдар ішінде ол бұл баққа айтарлықтай күш және қаржы салыпты. 2013 жылы мемлекет жергілікті әкімдік және жер қатынастары бөлімі арқылы Үлкен Алматы айналма жолын салуға 8 сотық жерін қайта сатып алып, шаруа қожалығының иесіне нарықтық бағамен 4 миллион теңге төлеген. Енді бір жылдан кейін аудан прокурорлары бағалау дұрыс жүргізілмей, өтемақы тым артық төленген деп, бағбаннан 3 миллион теңгені мемлекет қазынасына қайтаруды талап етіп отыр.

– Бағалау комиссиясы бұл бақты нарықтық бағамен бағалады, бәлкім солай болғаны дұрыс та шығар. Өйткені ауылшаруашылық техникасын, жанар-жағар майды нарықтық бағамен сатып аламыз. Демек, бақтың құны да нарықтық бағамен бағалануы керек. Соған қарамастан, неге екенін білмеймін, прокуратура «өтемақы артық берілген» деп отыр. Сонда прокуратура сол кезде қайда қараған? Неге мұның дұрыс-бұрыстығын о баста қадағаламаған? – дейді шаруа қожалығының басшысы Сергей Баденко.

Тек Сергей емес, Талғар ауданындағы 40 шаруа қожалығының иесі осындай жағдайға душар болып отыр. Олардың бәрі мемлекеттік мұқтаждық үшін қайтарып алынған жер телімдері үшін әрбір сотыққа орташа 1300-3000 доллардан өтемақыларын алған. Енді бір жыл өткен соң бұл телімдер іс жүзінде анағұрлым арзан тұрады дегенді алға тартып, прокуратура шаруаларды сотқа сүйрей бастапты.

Клара КИМ, жер телімінің иесі:

– Олар соттан 2 миллион 835 мың теңгені заңсыз төленді деп, қайтарып беруді талап етіп отыр. Прокуратура тарапынан осындай сандыраққа жол берілуде. Талап арызда маған 1 миллион 500 мың теңге артық төленді деп жазылған. Ал сот менен 2 миллион 835 мың теңгені қайтаруды сұрап отыр. Осындай да сауатсыздық, орынсыз талап етушілік бола ма екен?!

Ал қадағалау мекемесінде барлық әрекет заң аясында және Бас прокуратураның өкімімен жүріп жатқанын айтады.

Еркін ЖҰМАҒҰЛОВ, Талғар ауданы прокурорының орынбасары:

– Біз артық төленген ақша қаржыларының бір бөлігін мемлекет қазынасына қайтаруды талап етіп отырмыз. Мемлекеттік мүлік туралы заңға сәйкес, қайта сатып алу кезінде бағалау құны кадастрлық өлшемдермен есептеледі. Шаруа қожалықтарының иелерінен басқа, прокуратура жергілікті әкімдік және жер қатынастары бөлімімен де соттасып жатыр. Өткен жылы жер телімдерін сатып алумен солар айналысқан. Бірақ шенеуніктер заңға сәйкес әрекет еттік деп, өз кінәларын мойындамай отыр.

Қайрат АЛТЫНБЕКҰЛЫ, Талғар аудандық жер қатынастары мемлекеттік кәсіпорнының бастығы:

– Өкілетті ұйым ретінде біз өз ұстанымдарымызды қорғаймыз және оны біздің тарапымыздан қандайда бір заңбұзушылықтарға жол бермей жүргізетін боламыз.

Ашу-ызаға булыққан жер иелері болса, өз телімдерінің құнын бағалауға жеке-дара жантасуды талап етуде. Бұл жақта бос жатқан жер телімдері жоқ, бәрі де егіліп, өңделіп келеді. Ең бастысы, диқандар заң бұзылмағанын алға тартады және осыған байланысты прокуратура артық төленді деп қайтаруды талап етіп отырған ақшаны төлеуден бас тартуда. Тіпті өздерінің ұстанымы дұрыс екенін сотта қорғамақшы.

Қалай дегенде де кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екені белгісіз. Қазірше әркім өзінікін дұрыс санап отыр. Бірақ нағыз дұрысы қайсы екені анықталып, әділеттілік салтанат құруы үшін тағы біршама уақыт кететін сияқты.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.