You are here

ӘКІМ МЕН ПРОКУРОРДЫҢ ТІРЕСІ НЕМЕСЕ МЕКТЕПТЕР ЗАҢСЫЗ ТЕКСЕРІЛІП ЖҮР МЕ?

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Таяуда Шымкентке жаңадан тағайындалған әкім Ғабидолла Әбдірахимов кезекті жиындардың бірінде жергілікті прокуратура органдарының қызметін сынға алған еді.

Қала басшының қатқыл пікір білдіруіне прокурорлардың мектептерді тым көп тексеретіндігі себеп болған. Өз кезегінде Әбдiрахимов заңды қадағалаушы қызметкерлерді білім ұясынан аулақ кетіп, қоғамда белең алған қылмыстарды ауыздықтаумен айналысуға шақырған еді. Жаңа әкімнің тағайындала сала бетіне кісі келмейтін прокурорлардың «жағасынан алуы» жұртты таң-тамаша қалдырған. Арада апта өтпей-ақ олар да қарап қалмай, өз істерінің заң аясында екендігін дәлелдеуге кіріскені естілген еді. Міне, енді Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы өздерінің көзқарасын ресми түрде мәлімдеп те отыр.

Кейінгі кездері бұқаралық ақпарат құралдарында мектеп қызметінде, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында жиі прокурорлық тексерістер жүргізетіні туралы теріс материалдар жарық көрген. Жыл сайын прокуратура органдары тексерулердің нәтижесімен 200 мыңнан астам балалардың құқын қорғайды. Бұл ретте прокурорлардың мектеп қызметіндегі тексерістері қандай да бір құқық бұзушылықтардың орын алып отырғандығы туралы азаматтардың арызы мен өзге де хабарламалары негізінде оларға қалалық және аудандық білім бөлімдері тарапынан шара қабылданбай жатқандықтан жүргізіледі. Мәселен, 2014 жылы және ағымдағы жылдың 7 айында облыстық прокуратура органдарына уәкілетті орган және білім беру мекемелері қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты 283 арыз келіп түссе, олардың 210-ы мектеп қызметтеріне қатысты. Осы мерзімде Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратура органдары әлеуметтік-экономикалық салада жүргізген 2400 тексеруінің 123-і немесе 5%-ы ғана мектептерде жүргізілгенін айта кеткен жөн. Облыс бойынша 1022 мектеп жұмыс атқарады, яғни 10 мектептің 8-і прокурорлық тексерулермен қамтылмаған. Бұл ретте 27 мектеп жоспар бойынша тексерілсе, қалған 96-ы арызданушылардың бастамасымен жүргізілген.

Бұл жөнінде прокурорлар анықтаған білім саласына бөлінген бюджет қаржысын ысыраптау, сабақ уақытында оқушыларды зиянды жұмыстарға тарту, оқушылар арасында орын алған қылмыстарды жасыру, оқушыларға қол көтеру, оқушылардың мектепте атыс қаруын алып жүру, оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету кезінде санитарлық талаптардың бұзылу деректері растайды.

Осы тұста мектептерде балалардың құқының бұзылуы жылдан-жылға жүйелі сипат алып отыр, осының салдары ауыр зардаптарға соқтырмауы үшін прокурорлар жағдайды жиі бақылап, қажет болған жағдайда уақтылы шаралар қабылдауға мәжбүр болуда. Мысалы, тек прокурорлардың араласуымен Шымкент қаласындағы 180 бала білім алып жатқан ғимараты апатты жағдайдағы №79 мектептің қызметі тоқтатылды. Өзге жағдайда, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында 13 мектептің 500-ге жуық оқушылары сабақ уақытында заңсыз мақта теріміне тартылғаны анықталып, прокурорлық актіні қараудың нәтижесімен оқушылар сабаққа қайтарылып, кінәлі қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жекелеген мектеп директорларының оқушылардың жүкті болу деректерін жасырып, нәтижесінде, жасы кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыс жасаған адамдардың қылмыстық жауапкершілікке тартылудан жалтаруына жағдай жасау фактілері анықталды.

Бұдан бөлек, мектеп директорларының сыбайлас жемқорлық санатындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жасау деректері жалғасын табуда. Мысалы, мектепке мұғалімдерді жұмысқа қабылдау, оларға сағат жүктемесін бөлуге байланысты мәселелерді шешуде пара алғандары, сондай-ақ олардан жүйелі түрде ақша жинағандары үшін Шымкент қаласының №68, Кентау қаласының №11, Арыс қаласының №11 мектеп директорлары сотталған. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының мектептеріндегі жекелеген тексерістер кезінде оқушылардың арасында 17 қорқыту деректері анықталып, олар бойынша қылмыстық істер қозғалған, сондай-ақ оқушылар өз еріктерімен шолақ мылтықтар және газды-травматикалық қаруларды қоса алғанда 130-дан аса тіркелмеген қаруларды тапсырған.

Прокурорлық тексерумен Шымкент қаласындағы №39 мектептің 9-сынып оқушысының сабақ уақытында 2 травматикалық қаруды алып жүру дерегі анықталған. Осы дерек бойынша, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.Осы уақытқа дейін мектептердегі мұғалімдер құрамының оқушыларға қатысты күш қолдану оқиғалары тыйылмай келеді. Атап айтқанда, Шымкент қаласындағы №11 мектепте прокурорлық тексеріс кезінде математика пәні мұғалімінің 6-сынып оқушысының тапсырманы дұрыс шешпегені үшін оған қол көтеру дерегі анықталған. Қазір қылмыстық іс сотта қаралуда.

Педагогтардың тарапынан заң бұзушылықтарға жүйелі түрде жол берілуі прокурорлардың мектептерде оқушылардың сабаққа қатысуы және оқушылардың білімін бағалау сияқты педагогикалық сұрақтарға да назар аударуға мәжбүр етеді. Сабаққа қатысуын қадағалау және сабаққа келмегендерге уақтылы шара қабылдамау сияқты мұғалімдердің өздерінің тікелей міндеттеріне немқұрайлы қарауы балаларға қатысты қылмыстардың орын алуына жағдай туғызады.

Мысалы, Шымкент қаласындағы мектепті тексеру кезінде, сынып журналы бойынша 11-сынып оқушысының сабаққа қатысқаны және оған жақсы бағалар қойылғаны, алайда нақты осы уақытта ол ата-анасының келісімінсіз Корея Республикасына кеткені анықталған, бүгінгі таңда оның нақты мекенжайы белгісіз. Кәмелетке жасы толмаған адамды Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары заңсыз тасымалдау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ осы мектепте 17 оқушы ұзақ уақыт бойы (90-нан 400 сағатқа дейін) сабаққа қатыспаған, ал бұған мектеп әкімшілігі және сынып жетекшісі немқұрайдылық танытқан.

Бұдан бөлек, аталған мектепте сабаққа қатыспау себебін анықтау кезінде прокурорлар бала сату дерегін анықтады. Ағайынды болып табылатын үш оқушының сабаққа қатыспау мәліметі бойынша қарсы тексеру кезінде олардың өздерінің сәби інілеріне қарағандары анықталды, бірақ тексеру кезінде аталған нәресте үйінде болмаған. Кейін белгілі болғанындай, емізулі нәрестесін анасы 200 000 теңге және алтын сырғаға Маңғыстау облысындағы бір отбасыға сатып жіберген. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс сотта қаралуда.

Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратура органдарының тексерістері кезінде ұзақ уақыт бойына сабаққа қатыспаған 500-ден астам оқушы анықталған. Барлық деректер бойынша, прокурорлық ықпал ету шаралары қабылданған. Тұтастай алғанда, өңірдегі мектептерде жүргізілген тексерулердің қорытындылары бойынша 7 мыңнан астам баланың құқы қорғалған.

Осының негізінде мектептердегі прокурорлық тексерістердің негізделгенін, олардың білім беру саласындағы заңдылықтың жай-күйін ескере отырып жүргізілетінін және ең алдымен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын атап айтамыз.

P.S. Облыстық прокуратура жоғарыдағыдай деректерді тарату арқылы өз қызметтерін заң ауқымында атқарғанын дәлелдегісі келеді. Ал қала әкімі Ғабидолла Әбдірахимовтың қарамағындағы білім саласының басшылары тексерістің шектен тыс артық жүргізілетіндігіне шағымданып, реніштерін білдіреді. Оның үстіне несін жасырасыз, құзырлы органдардың тексеруі басталысымен ұжымдарда астыртын ақша жинау да тым көбейе беретін көрінеді. Ендігі кезекте әкім бастаған атқарушы биліктің өкілдері де өз сөздерін тағы да дәлелдейміз десе, мархабат.

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ,Астана

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.