You are here

Қазақстан зұлымдыққа қарсы күреске дайын

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Кеше Астанада Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің зорлық-зомбылық пен экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік конференциясы өз жұмысын бастады. Жиынға әлемнің 24 елінен келген делегациялар, АҚШ, Еуроодақ және Ресейдің уәкілетті органдарының жетекшілері, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес саласындағы жетекші сарапшылар қатысуда.

Өңірлік конференцияны еліміздің Бас прокуроры Асхат Дауылбаев ашты. Одан кейін Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі кеден-шекара қызметінің жетекшісі Гил Керликовски басқосуға қатысушыларға құттықтау арнады. Сондай-ақ, Президенттің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев пен Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев сөз сөйледі.

Өз кезегінде К.Мәсімов лаңкестікпен және экстремизммен күрес бағытындағы жұмыстар ауқымды болуы тиіс екенін айта келіп: «Бізге зорлық-зомбылық және экстремизммен күресуге дайын сындарлы күштермен өзара тиімді үнқатысу орнату қажет.

Ол үшін ведомстволардың арнайы қызметтерінің байланыстарын нығайту мен ынтымақтастығын дамытуды бұдан әрі қарай жалғастыру бойынша шараларды тоқтатпағанымыз жөн. Бүгінде зорлық-зомбылық лаңкестікпен және экстремизммен күрес бойынша барлығын тегіс қамтитын халықаралық конвенция қабылданбаған. Бұл өз кезегінде біз үшін маңызды құжат болар еді. Қазіргі кезде қолданыстағы халықаралық келісім аталған қатерлердің тек жекелеген құбылыстарымен күресуге бағытталған. Осы зұлымдықпен күреске негізделген қажетті шараларды қабылдауға әзірміз және ынтымақтастық үшін әрдайым ашықпыз», – деді ол.

Бұған қоса, К.Мәсімов экстремизмге және лаңкестікке адамдарды тартудың негізгі әдістерінің бірі интернет арқылы жүзеге асырылатындығына тоқталды. Оның айтуынша, экстремистер әлемдік желіні өшпенділік пен зорлық-зомбылықты, содырларды тарту мен даярлауды, ақпарат алмасу, қылмыстық іс-қимылдарды жоспарлау және үйлестіру үшін пайдаланады. Мәселен, танымал Facebook-тен What’s app-қа дейінгі әлеуметтік желілерде лаңкестердің қарулы жихадқа шақыратын мәлімдемесін бір тәулікте 2 миллионнан астам адам қарап шыққан. Қазақстан осы материалдарды анықтап, тосқауыл қоюда. Алайда, экстремизм мен терроризмді насихаттаудың жолын кесуде азаматтық қоғам үлкен рөл атқаруы керек.

Ал Асхат Дауылбаев экстремизм мен терроризм қаупінің жаһандана түсуі барлық әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін неғұрлым терең шоғырландыруды, оған қарсы күрестің тиімді стратегиясын әзірлеуді талап ететіндігін атап көрсетті. Бұл өте күрделі міндет және әлемдегі қауіпсіздіктің тағдыры оның сәтті болуына тікелей байланысты. Сондықтан, бірлескен күш-жігер ең алдымен радикалдық идеологияның таралуын ескертуге және оның жолын кесуге, зорлық-зомбылық пен экстремизммен күресуге дайын барлық сындарлы күштермен өзара тиімді қарым-қатынасты қалыптастыруға бағытталуы тиіс.

Сөз кезегі өзіне келгенде Нұртай Әбіқаев бірқатар өзекті мәселелерді атап көрсете отырып: «Қазіргі таңда Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығысқа 150-ден астам қазақстандық қатысуда, олармен әйелдері, балалары бірге жүр. Кейбір кездерде журналистер тарапынан «Осындай адамдардың елден кетуіне тосқауыл жасаудың қажеті қанша? Олар жолдарын өздері таңдайды. Ауғанстанда, Сирияда қаза болған ондаған қазақстандық секілді мерт болғысы келсе, бұл олардың өздерінің құқығы» деген сөздер айтылып жатады. Алайда, біздің азаматтар әскери қылмыскер, терроршы атанып, Отанынан алыс жерде өмірі қиылып жатқан жағдайды қалыпты құбылыс деп санамаймыз. Сонымен қатар, рухани-адамгершілік бағытта адасқан осы адамдар лаңкестік күресте кәсіби дағдысын жетілдіріп, зақымданған сана-сезімімен қайта оралуы мүмкін», – деді. Сондай-ақ, Н.Әбіқаев бұқаралық ақпарат құралдарында ДАИШ-ті «Ислам мемлекеті» деп атауға қарсы екенін мәлімдеді. «ДАИШ – өзін «Ислам мемлекеті» деп атап жүрген лаңкестік ұйым. Шын мәнінде олар түрлі елдердің ондаған мың өкілдерін қамти отырып, діни экстремистік интернационалға айналған. Атап айтқанда, саясаткерлер мен журналистердің ДАИШ-ке қатысты «Ислам мемлекеті» терминін кеңінен пайдалануы дұрыс емес деп санаймыз», – деді ҰҚК төрағасы.

Жиын барысында Нұрлан Ермекбаев лаңкестік және экстремистік ұйымдарға қатысы бар адамдардың мүлкіне тыйым салу тетігін пайдалануды ұсынды.

– Лаңкестік пен экстремизмді қаржыландыруға қатысты ұйымдар мен адамдардың бірыңғай тізімін жасап, оларға тиесілі мүлікті анықтауды және оған тыйым салу мәселесін заңды түрде бекітуді дұрыс деп санаймыз, – деді Н.Ермекбаев.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде халықаралық экстремистік және лаңкестік ұйымдар қаржыны алудың түрлі көздері мен оларды аударудың арналарын пайдалана отырып, қаржылық қамтамасыз етудің ұйымдастырылған жүйесін сақтауға қауқарлы болып отыр. Бұдан бөлек, ол экстремистік құрылымдармен күрес барысында көбінесе терактілерді жасаған адамдар жазаланып, ал ең қауіпті болып саналатын экстремизмді насихаттаушылар мен демеушілер жазасыз қалып жататынын жеткізді.

Экстремизм мен терроризмнің белең алуын болдырмау, оның қозғаушы күштерінің тамырына балта шабу жөніндегі тиімді саясатты қалыптастыруға байланысты өзекті мәселелер күн тәртібіне шығарылған конференция барысында өзге де мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың өкілдері, жетекші сарапшылар экстремизмді туғызушы себептер мен алғышарттарды, радикалды топтардан болатын қауіптерді, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде және интернетте экстремистік идеяларды таратуға, азаматтарды шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысуға азғырып көндіруге байланысты мәселелерді кеңінен талқылады.

Конференцияда еліміздің БҰҰ-ның терроризмге қарсы күрес жөніндегі негізгі конвенцияларына қосылғаны, Терроризмге қарсы күрес орталығы құрылғаны және ол халықаралық және өңірлік құрылымдармен тығыз байланыс орнатқаны айырықша атап өтілді.

Сонымен бірге, жиында экстремизмге тосқауыл қою жөніндегі ұлттық стратегиялар мен жоспарларды әзірлеу мәселелерін талқылау барысында қызу пікірталас болды. Экстремизм мен радикализмнің әртүрлі пішіндерімен күресу жөніндегі мемлекеттік стратегиялар, терроризмнің қаржыландырылуын, қару-жарақ пен есірткінің заңсыз айналымын анықтау және олардың жолын кесу жөніндегі бірлескен шаралар, радикалдық көріністердің профилактикасы саласындағы жұмыс тәжірибесі мен ақпарат алмасу мәселелеріне де баса назар аударылды.

Тағы бір айта кетер жайт, басқосуда мемлекеттің экстремизммен күрес жөніндегі күш-жігерін қолдаудағы жұртшылық пен үкіметтік емес ұйымдардың рөлі, осы жұмысқа азаматтық қоғам көшбасшыларын, соның ішінде жастардың, әйелдердің және діни ұйымдардың өкілдерін белсенді түрде тартудың маңыздылығы қатысушыларды көбірек толғандыратыны белгілі болды.

Конференцияның арнайы сессиясы осы саладағы жұмыстарға инновациялық тәсілдерді қолдану мәселелеріне арналды. Әртүрлі елдердің құқық қорғау органдарының алдыңғы қатарлы тәжірибелеріне, қоғам өкілдерін тарту әдістеріне, азаматтық қоғам бастамаларын жүзеге асырудың тиімді тәжірибесіне жасалған шолу жиналғандардың назарына ұсынылды.

Сондай-ақ, қатысушыларға Үкіметтік емес ұйымдардың Ыстамбұлдағы зорлық-зомбылық пен экстремизмге тосқауыл қою жөніндегі конференциясының қорытындылары таныстырылды.

Форум жұмысының бірінші күнінің нәтижелері бойынша қорытынды құжат қабылданды, оны еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов жариялады.

Мәлімдемеде делегаттар зорлық-зомбылық пен экстремизмге қарсы күреске ұжымдық күш-жігер бағыттауға, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге әзір екендіктерін мақұлдады.

Осы мақсаттарда терроризмге қарсы тиімді стратегияны жасауға бағытталған жан-жақты қамтылған өңірлік бағдарлама әзірлеу қажет деп танылды. Аталған бастамалар ағымдағы жылдың қыркүйек айында Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас ассамблеясының отырысында көрініс табатын болады. Осы арада түсіндіре кетейік, бұл басқосу үстіміздегі жылдың ақпан айында Вашингтонда өткен зорлық-зомбылық пен экстремизмге қарсы күрес жөніндегі саммиттің заңды жалғасы іспетті болды. Форумды өткізу идеясын Орталық Азия өңіріндегі интеграцияның белсенді бастамашыларының бірі ретінде Қазақстан ұсынған болатын.

Жолдыбай БАЗАР

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.