You are here

Қатаң жаза тәртіпті күшейтеді

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Соңғы үш жыл бойы кем-кетігі бүтінделіп, артық тұсы алынып, қоғамда қызу талқыға салынып жүрген заң жобаларының бірі – Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстері. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енеді деп жоспарланған жаңа редакциядағы кодекс жобаларында неге басымдық беріліп отыр? Қандай қылмыстарға жаза қатаңдамақ? Алдын ала тергеу, тергеу процестеріне енгізілген басты ерекшеліктер қандай? «Тергеу судьясы» дегеніміз кім? Түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың санын азайту үшін жаңа редакциядағы заңдарда не көзделген?

Тек БАҚ өкілдерінің ғана емес, көптің көкейінде жүрген осы сұрақтарға Президент жанын­дағы Орталық комму­ника­циялар қызметінде өткен баспасөз мәс­лихатында Қа­зақ­стан Республи­ка­сы Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель жауап берді.

Еске сала кетейік, «Қазақ­стан-2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы құзырлы органдардың алдына құқық қорғау жүйесіне реформа жүргізу, сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясының, Қылмыстық іс жүргізу кодексі мен Қылмыстық атқару кодекстерінің жаңа ре­дакциясының жобаларын әзірлеу туралы тапсырма берген болатын. Осыған дейін сан мәрте талқыға түсіп, сүзгіден өткен қос кодексті жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларға кеңінен тоқталған И.Меркель заң жобаларын дайындауда ведомствоаралық жұмыс тобы белсенді жұмыс атқарғанын атап өтті.

Сонымен, 467 баптан тұратын Қылмыстық кодекстегі басты өзгерістер қандай? Жобаны әзір­леген арнайы топтың әлемнің дамыған елдерінің озық тәжірибелерін зерделеп, басты назарға алғанын тілге тиек еткен Иоган Меркель Германия, Украина, Ресей, Испания, Голландия, Норвегия секілді мемлекеттердің құқықтық заңдарының үздік үлгілері сарапталғанын да айтып өтті. Еуропа елдері заңдарының тиімді тұстарын алған жаңа жобада 171 қылмыстық теріс қылық қарастырылса, оның 58-і Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің құрамынан алынған. Ал, 9 қылмыстық теріс қылық жаңа, 104-і онша ауыр емес қылмыс санатындағылар.

Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды мақсат тұтқан жаңа редакциядағы Қылмыстық кодекс жобасында бас бостандығынан айырудың орнына балама шараларды кең қолдануға басымдық берілген. Мәселен, бұрынғыдай бас салып соттап, түрмеге тоғытудың орнына ірі ақшалай айыппұлдар салу, қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза түрлеріне басты назар аударылып отыр.

Ел Бас прокурорының бірінші орынбасары, сондай-ақ, кодекс жобаларында қылмыстың барлық жаңа түріне қарсы тиімді күрес жүргізу үшін негіз қаланғанын, атап айтқанда, балалар мен жеткіншектердің құқықтары мен бостандықтарын шектеген кез келген озбырлықтың қатаң жазаланатынын атап өтті. «Соңғы кездері жыныстық қатынас түрінде айуан­дыққа баратын азғындардың құрығына жеткіншектердің жиі ілініп жүргені жасырын емес. Сол себепті буыны қатпаған бала­лардың тағдырына балта шапқандар тиісті жаза – ауыр жазасын арқалауы керек», деді ол.

Жазаның қатаңдауы темірдей тәртіпті түзетініне сенім білдірген ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель сөз арасында жол-көлік апатына ғана емес, соның салдарынан адам өліміне себепкер болған мас жүргізушінің де қатаң жазаға тартылатынын айтты. Күні кеше ғана, дәлірек айтқанда, 17 желтоқсанда Павлодар-Семей күре жолында болған ауыр апатты мысалға келтіре кеткен ол: «Бір отбасын­ түгел бір сәтте жалмайтын мұн­дай апаттар елімізде көбейіп кетті. Солардың дені көлік рөліне ішімдік ішіп алып отыратын жүгенсіз жүргізушілердің кесірінен болып отыр. Кеше болған жол апатынан бір үйден алты бірдей адамның ажал құшқанын естіген боларсыздар. Бұл сұмдық жағдай ғой», деді.

Бұдан былай егер жол апаты салдарынан адам қаза тапса әрі жүргізушінің рөлде мас күйінде болғаны анықталса, онда бұл ауыр қылмыс санатына жатқызылады. Ащы суға тойып алып, темір тұлпарын тақымдаймын деп қара жол үстінде адам өмірін қиғандар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы әбден мүмкін.

Тоқтала кететін тағы бір жайт, кодекс жобасында жазасы қатаңдатылған қылмыстың бірі ретінде кибер қылмыс аталады. «Елдің құлағына енді-енді ғана естіліп жүрген бұл қылмыс түрі біздің қоғам үшін жаңа болғанымен, тигізер зияны шаш етектен. Шындап келгенде, хакерлердің ізіне түсіп, алаяқтығын анықтау жоғарғы деңгейдегі дайындықты, кәсіби біліктілікті талап етеді», деді И.Меркель.

Баспасөз мәслихаты барысында алдын ала тергеу, тергеу барысында жіберілетін басты кемшіліктер де ашық айтылды. Сиырқұйымшақтанып созбалаңға салынып кететін тергеудегі бұл олқылықты қылмыстық процестің бастапқы сатысы – тергеуге дейінгі тексеру мен қылмыстық іс қозғауды алып тастаумен түзету көзделген. «Бұл өзгерту азаматтардың құқықтарын сақтауға оң әсерін тигізеді деген сенімдеміз. Мәселен, АҚШ-та істі болған күдікті ары кеткенде 20 сағат қана тергеу изоляторында отырады. Ал біздің елде кей істер апталап емес айлап, жылдап созылып кетеді. Күдікті деп танылған адам осы уақыт бойы қамауда ұсталады. Түптеп келгенде бұл да адам құқын қорлау ғой. Сол себепті қылмыстық процестің бастапқы екі сатысын алып тастау қылмыстық іс қозғауға дейінгі ісшаралардың ұзаққа созылуына жол бермейді», деп атап өтті И.Меркель.

Сондай-ақ, брифинг барысында Франция және Литваның тәжірибесі бойынша енгізілген «қорғалуға құқығы бар куә» (яғни, күдікті деп танылмаған, бірақ арыз-хабарламада қылмыстық әрекетті жасаған деп көрсетілген адам), Украинаның Қылмыстық іс жүргізу кодексіндегі ұқсастық бойынша барлық аудандық және оларға теңестірілген прокуратураларға «іс жүргізетін прокурор», сотқа дейінгі іс жүргізуде соттың бақылауын кеңейтетін «тергеу судьясы» дейтін жаңа құқықтық фигураларға анықтама берілді.

Жаңа редакциядағы жобалардың тағы бір жаңалығы бар. Ол – «Миранда ережесі». Егер шетелдік шытырман оқиғалы киноларды көрсеңіз, құқық қорғаушылардың күдіктілерді құрықтау кезінде «Сіздің үнсіздік сақтауға құқыңыз бар...» деп келетін жаттанды сөздерін жиі естіген боларсыз. Америкалық «Миранда ережесі» дегеніміз осы. Демек, алдағы уақытта полиция қызметкерлері күдіктіні ұстау кезінде оның құқықтары мен міндеттерін, атап айтқанда, адвокат жалдау, үнсіздік сақтап қалу құқықтары барын тізбелеп айтып, барлық айтқандары күдіктінің өзіне қарсы қолданылуы мүмкін екенін ескертуі міндеттеледі. «Бұл заңсыз ұстау фактілерін болдырмау мақсатында қолға алынып отырған іс. Өйткені, бұл ережелер ұстау тәртібін бұзған кезде ұсталған адамның қатысуымен жүргізілген тергеу амалдары нәтижесінде алынған дәлелдемелерге жол бермейді», деді Иоган Давидович.

Жолдауда жүктелген тапсырманы, сонымен қатар, Елбасы Жарлығымен бекітілген 2020 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасының ережелерін іске асыруға бағытталған кодекс­тер жобасы әлі де уақыт пен тәжірибенің қатал тексерісінен өтпек.

Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.