Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бас прокурордың орынбасары Нұрмаханбет Исаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте толғағы жеткен жайттарға байланысты өз ойымен бөлісті. Көлікке мас күйінде отырған жүргізуші сол сәттен бастап қасақана қылмыс жасаушы болып табылады, дейді ол. Әрине, өмірде түрлі жағдай кездесуі мүмкін. Өйткені, абайсызда болатын жол-көлік оқиғалары аз емес. Мұндай кездегі апатты арақ ішіп алып, көлік жүргізуге отырған адамның тудырған жол апатымен еш салыстыруға келмейді. Демек, спиртті ішімдік ішіп рөлге отырған адам алдын ала қылмыс жасаушы болып табылады. Қазіргі кезде жаңа Қылмыстық кодекс жобасында бұл мәселе қаралып жатқаны белгілі.  Ал біздің қолданыстағы Қылмыстық кодексте 67-бап бар, сонда кейбір орын алған осындай қылмыстар бойынша қылмыскер мен жәбірленушінің бір-бірімен келісуге мүмкіндіктері де, құқықтары да көзделген. «Бұл дұрыс емес. Себебі, адам тірі қалып, бірақ бір жері майып болып, содан кейін ол өзі жәбірлеушімен келіссе бір жөн, ал егер адам опат болса ше, онда ол қалай  жәбірлеушімен келісімге келе алмақ? Оның әке-шешесі, яки бір туысқаны болсын, олардың жәбірленушімен келісуі дұрыс емес. Міне, осыған орай Қылмыстық кодекске тиісті өзгерістерді енгіздік, жақын арада бұл өзгерістердің де қабылданары анық. Демек, бұл өзгеріс қабылданғаннан кейін ауыр қылмыс жасаған адамдар тиісті жазадан құтыла алмайтын болады», деді құзырлы орган өкілі.

Прокурорлар қызметіндегі тағы бір маңызды бағыт – қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалауға түбегейлі өзгерту енгізу. Осыған байланысты республика деңгейінде ақпараттық-талдамалық жұмыс барынша нығайтылып, жергілікті жерлерде қадағалау міндеттерін синхронды түрде күшейте отырып, прокурорларды жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексінің аясында жұмыс істеуге дайындау жүргізілуде. Қылмыстарды тіркеуді тәртіпке келтіру бойынша бірқатар шаралар жүзеге асырылған.

Қылмыстар туралы өтініштер бойынша дер кезінде шешімдер қабылдануға да баса назар аударылуда. Бұрын барлық органдардың қызметкерлері осындай арыздар бойынша үш күн ішінде шешім қабылдауды өздерінің тікелей міндеті деп емес, құқықтары  деп санап келген. Бас Прокурордың нормативтік сипаттағы нұсқауымен біз қылмыстық істер жүргізу Кодексінің 184-бабының талаптарын бұлжытпай орындау туралы мәселені нақты қойып, қатаң талап  еттік, дейді Н. Исаев. Соның нәтижесінде бұған дейін болуы мүмкін еместей көрінген нәтижеге, яғни, органдар қылмысты тіркеу мәселесіне қатысты өз көзқарастарын түбегейлі өзгертуімен ғана емес, сондай-ақ шешімдерді де жедел қабылдауға қол жеткізген. Мәселен, қазір жүз арызданушының 90-ы үш күн ішінде өздерінің шағымдары бойынша қандай шешім қабылданғанын біле алады екен.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларын еркін түсіндіру барысында қылмыс туралы хабар бойынша шешімді қабылдау тек тергеуші мен анықтаушының құқығы екендігіне қарамастан тамыр жайып кеткен, шешімді басқа қызметкерлер қабылдап келген  тәжірибені де прокурорлар түбегейлі түзетуге кіріскен көрінеді. Осыған орай шешімді тек тергеуші мен анықтаушы ғана қабылдайтын болған. Ал адамдардың құқықтары елеулі түрде бұзылатын қылмыстық процесс барысында азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау осы саладағы қадағалаудың басты бағыты болып табылады. Міне, осы бағытта қолданылған, соның ішінде кезекші прокурорлар институтын енгізу шаралары нәтижесінде азаматтарды негізсіз  ұстау, заңсыз тінту, тұрғын үйдің қол сұғылмайтындығын бұзу мен тексерулер барынша азайды. «Дегенмен, біздер заң бұзушылықтар бірлі-жарым ғана деп ойламаймыз. Біздің  мақсат –заңсыздықтарды мүлдем болдырмау. Соған байланысты «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға азаматтардың конституциялық құқықтарының өрескел және жүйелі түрде бұзылуына жол бергендері үшін аумақтық органның басшысын жұмыстан босату бойынша біз ұсынған түзету Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан қолдау тапты», дейді Бас прокурордың орынбасары.

Сол сияқты, жоғарыда айтылғандай, мүдделі органдармен түзетуді енгізуге қатысты келісім аяқталу сатысында тұр. Ішкі істер министрлігімен бірлесе жүргізіліп отырған полиция қызметіне жүгінген адамдардың электронды есебін жүргізу  бойынша жобаны іс жүзіне асыру адамдар құқықтарын қорғау тұрғысында аса маңызды болмақ. Болашақта мұндай есеп жүргізуді барлық органдарда қолданысқа енгізу жоспарланып отырған көрінеді. Бұл бағытта да бірқатар жұмыстар атқарылып жатқандығын айтып өтті Н.Исаев.

Александр ТАСБОЛАТОВ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.