You are here

Қадағалау пәрмені артып келеді

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бүгін – Прокуратура күні

Мемлекет прокуратураға жоғары қадағалау функциясын жүктей отырып, оған ерекше конституциялық рөл берген, яғни біздің еліміздің Конституциясы мен басқа да заңдарына қайшы келетін басқа да нормативтік-құқықтық актілер мен заңдарына наразылық келтіру құқығы берілген. Бүгінгі күні прокуратураның басты функциясы – құқық қорғау. Сондықтан да прокурорлық қызмет жоғары жауапкершілікті талап етеді, себебі, прокуратураға күн сайын адамдар өздерінің мәселелерімен келеді және өздерінің конституциялық құқықтарын қорғау туралы өтініш білдіреді.

Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының құрамында тәуелсіздіктің елең-алаңында 11 аудандық прокуратура, екі ауданнан тұратын 1 қалалық прокуратура болды. Сол жылдары облыстық прокуратураның қадағалауды жүзеге асыруда қағидатты көзқарасының арқасында жергілікті билік органдарының қызметіндегі көптеген заң бұзушылықтардың алды алынды. Бұған куә ретінде мемлекеттік органдарға жіберілген прокурорлық қадағалау актілерін алуға болады.

1992 жылы облыс прокуроры атынан облыс әкімі В.Гартманға аудан әкімдіктері басшыларының қызметіндегі заң бұзушылықтар туралы ұсыныс жіберілді, онда аудан әкімдері қабылдаған актілерінің заңнама талаптарына сәйкес келмейтіндігі, азаматтардың құқықтарын бұзатындықтары көрсетілді. Тек 1992 жылы ғана осындай 22 заңсыз шешімге наразылық келтірілді. Заңсыз құқықтық актілер Қазақстан Республикасының «Мемлекет иелiгінен алу және жекешелендiру туралы» жаңа шаруашылық құрылымдарын құру және тіркеу мен жер заңнамаларына байланысты заңдарды қолдануға байланысты қабылданған.

Кейбір аудандық әкімдіктің басшылары заңсыз салық жеңілдіктерін берген. Олардың заңсыз әрекеттері салдарынан кейбір кәсіпорындар 100 пайыз салық төлеуден босатылған. Сауатсыз басшылардың әрекеттері салдарынан аудандық бюджетке қыруар салық төлемдері түспеген, бюджеттің кіріс бөлігінде тапшылық басталған, бұл өз кезегінде өңірде экономикалық, қаржылық қиыншылықтар туғызған.

Прокуратура органдары өз тарапынан осындай жергілікті атқарушы әкімшіліктердің жаңа шаруашылық субъектілерін құру және тіркеу бойынша шағын кәсіпорындардың, ассоциациялардың, акционерлік қоғамдардың заңсыз әрекеттеріне наразылық келтірді.

Осы және одан кейінгі жылдары прокуратура органдары зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңнамалардың орындалуына ерекше назар аударды, оның үстіне зейнетақы өмір сүрудің жалғыз тірегі болды. Дәл сол жылдары прокуратура органдары тарапынан халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігінің мүдделерін қорғауда ең көп талап арыз ұсынылды.

Сол жылдардағы прокуратура органдарының жұмысына жасалған талдаудан бәрінен де көп заң бұзушылықтардың мемлекет иелiгінен алу және жекешелендiру туралы заңнамаларды қолдану саласында жіберілгендігін көруге болады. Мемлекеттік меншікті жекешелендірумен қатар, тұрғын үйді жекешелендіру процестері де басталды. Сол жағдайлар кейбірінде заңнама талаптарына сәйкес келмеді, соның салдарынан қатардағы азаматтардың құқықтарын бұзуға әкеп соқтырды. Аудандық прокуратураның араласуы арқасында Возвышен ауданы әкімінің кеңшарлардағы тұрғын үйлерді жекешелендіруге тыйым салған заңсыз шешімінің күші жойылды.

Жаңа мемлекетті аяғынан тік тұрғызу, экономиканың іргетасын қалау оңай болған жоқ. Сол жылдары шаруашылықтар мен кәсіпорындарда «бартер» тәсілі кеңінен қолданылатын, бұл өз кезегінде лауазымды тұлғалар, басшылар тарапынан жең ұшынан жалғасуға әкеп соқтырды. Прокурорлардың алдында экономика саласындағы заң бұзушылықтарға жол бермеу міндеті тұрды, өйткені, осы кездерде дағдарыс белгілері де біліне бастаған еді.

Прокурорлар мемлекеттік органдар тарапынан жаңа дами бастаған кәсіпкерлік қызметіне қатысты заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойды, кәсіпкерлік құрылымдарға қатысты атқарушы органдардың заңсыз шешімдеріне уақытылы наразылықтар келтірілді.

Тергеу және анықтау өндірісінде азаматтардың құқықтарын сақтау мәселелері прокурорлық қадағалаудың тұрақты тақырыбы болды. Тек 1995 жылдан 1997 жылға дейінгі аралықта прокурорлардың қаулыларымен уақытша оқшаулаудан 224 тұлға босатылды. Бұл фактілердің бәрі прокурорлардың азаматтардың құқықтарын қорғау жолындағы қағидатты ұстанымы екенін көрсетеді.

1997 жылдың мамыр айының аяғында Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының құрамына 15 аудандық және Петропавл мен Көкшетау қалалық прокуратуралары енгізілді. Бұл кезең азаматтар үшін мүлде таныс емес нарық қатынастарын орнату мезгілі еді. Сондықтан да прокуратура органдарына өзінің жұмысын қайтадан құруға, азаматтардың шағымдарын шешу мәселелерімен мұқият айналысуға кірісті.

1999 жылы зейнетақы, жәрдемақы, жалақы төлеу үшін тағайындалған ақша қаражатын мақсатсыз пайдаланумен байланысты дөрекі заң бұзушылық фактілері бойынша прокурорлық тексеріс қорытындылары бойынша 11 қылмыстық іс қозғалды. Мысалы, облыстық прокуратура 8 млн. теңге зейнетақы төлеуге тиісті бюджеттік қаржыны зейнетақы төлеу орталығы коммерциялық құрылымдардың есепшотына аударғанын анықтады. Тек прокуратура араласқаннан кейін ғана «Веста» коммерциялық құрылымы зейнетақы қорына 2 809 500 теңгені қайтарды. Бұл сол кез үшін өте қомақты қаражат болатын. Осының арқасында мыңдаған адам зейнетақы алуға қол жеткізіп, әлеуметтік шиеленіс бейбіт жолмен шешілді.

1998 жылғы 2 шілдеде қабылданған «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заң нормалары прокурорлық тәжірибені шыңдады және жұмысын ширатты. Осы заңды түсіндіру және қолдану бойынша облыстық семинарлар, оқулар ұйымдастырды, құқықтық қолдану тәжірибесіне талдау жасады. Олардың қорытындылары бойынша заң шығарушыға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама базасын жетілдіру туралы ұсыныстар енгізді.

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратура органдары кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамаларды қолдану мәселесіне ерекше назар аударады. Бұл қадағалаудың басымды векторларының бірі. Ағымдағы жылы аталған бағытта 19 тексеріс жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 235 заң бұзушылық анықталды. Прокуратура қызметкерлерінің араласуымен 96 тұлғаның құқығы қорғалды. Соның ішінде 88 жағдайда конституциялық құқықтарының бұзылғанына қарсылық білдірілді. Сонымен қатар, 32 тұлға тәртіптік, 2 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз тексерістердің алдын алуға да ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлік саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жұмыс әлі де жалғасын таппақ және жандандырыла бермек. Тексеріс жүргізуге мораторий жариялау әрекеті аяқталғаннан кейін де шағын және орта бизнес жұмысына мемлекеттік органдардың араласу заңдылығы прокурорлардың ерекше назарында болмақ.

Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жүзеге асыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлар корпусы оның барлық векторлары бойынша кешенді жұмыс жоспарларын қарастырып отыр. Соның ішінде, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сумен, жылумен қамтамасыз ету инфрақұрылымдарын жаңарту саласына қадағалау жүргізуге ерекше назар аударылып отыр. Аталған салада мемлекеттік сатып алу жүргізгенде заңдылықтың сақталуы ерекше қадағалауды талап етеді.

Жалпы, 2014 жылдың өткен уақыт аралығында мемлекеттік сатып алуларды қадағалау бойынша 690 млн. теңгенің 14 заңсыз қорытындысы бұзылды. Өңір прокурорлары тұрғын-үйді әлеуметтік жалға алу мәселелеріне де ерекше назар аударуды басым бағыт ретінде ұстанып отыр.

Жоғарыда аталған көкейкесті әлеуметтік маңызды мәселелерде заңдылықтарды қадағалауды өкілетті органдармен бірлесе жүзеге асыру және осы мәселелерді шешу үшін бөлінген бюджеттік қаржыны мақсатты пайдалануды қадағалау прокуратура органдарының басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Степан ЗАЙТЛЕР,

Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры,

3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.

Петропавл.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.