You are here

Іргелі істердің ізденістері

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған «100 нақты қадам» Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі Ұлттық жоспары ел дамуына ерекше серпін беретін құнды құжат ретінде жоғары бағалануда. Ұлт жоспары мен «2050» Стратегиясын жүзеге асыру – еліміздің мемлекеттілігін нығайтуға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктіктің қоры. Бағдарламаны орындау арқылы еліміздің бәсекеге қабілеттілігі артады. Ол үшін жоспардың негізіне кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім, біртектілік және бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастырудың бес институттық реформасы белгіленді.

Елбасы әрдайым құқық қорғау органы қызметін назардан тыс қалдырған емес. Әсіресе, құқық қорғау органдары жүйесінің сапасын арттыру, мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру міндеттерін тапсырды. Демек, әлемнің дамыған елдерінің қатарына ұмтылыс кезінде адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі мен жоғары құқықтық мәдениетіміз болу керек. Өйткені, мемлекеттің мызғымас негізі – әділеттілік.

Қазіргі таңда құқықтық жүйенің реформасы аясында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда прокуратура органдары маңызды рөл атқарады. Елімізде кадр құрамын жүйелі түрде реформалау міндеті өткір қойылған. Жоспардағы «кәсіби мемлекеттік аппарат құру» институты талаптарының аясында Қызылорда облысы прокуратура органдарымен кадрларды тәрбиелеу мен дайындау, сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу, қызметтік және орындаушылық тәртіпке қатаң талаптар қою жұмыстары жүргізілуде. Қадағалау органына қабылданған жас мамандар арасында оқыту жұмыстары ұйымдастырылып, әрқайсысына тәжірибесі мол тәлімгер бекітіледі. Сонымен қатар, қызметкерлердің іскерлігін және біліктілігін арттыру бағытында тұрақты түрде Бас прокуратура жанындағы С.Есқараев атындағы институтта алыс-жақын шетелдермен, оның ішінде Түркия, Венгрия, Израиль елдерімен тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдіруде.

Елбасының 2013 жылғы 31 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының кадр саясатының Тұжырымдамасына сәйкес, кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың ведомстволық жүйесін жаңғырту, қызметтің барлық кезеңінде кәсіби біліктілікті арттыруға деген жүйелі көзқарасты енгізу, қызметкерлердің, оның ішінде жас мамандардың рухани-адамгершілік қасиеттерін нығайту, жоғары отансүйгіштік сезімге, кәсіби борышына адал болуға тәрбиелеу, қызметтік міндеттерін сапалы орындауға жағдай жасау облыстық прокуратураның кадр саясатын қалыптастырудағы басты бағыты болып қала бермек.

Ұлт жоспарында қызметкерлерді кешенді аттестаттауға да үлкен мән берілуде. Жалпы, аттестаттау – іріктеу сынағы. Демек, тәжірибелі кадрлармен қатар, жас мамандар да сынға түседі. Қызметкерлердің кәсіби дайындық деңгейін және олардың қазіргі заманғы талаптарға сәйкестігін анықтау, органдарды моральдық-адамгершілік қасиеттері төмен және жемқорлық әрекеті арқылы жалпы мемлекеттің беделін түсіретін біліксіз қызметкерлерден тазарту. Өйткені, біздің басты мақсатымыз құқық қорғау органдарына халықтың сенімін арттыру. Ол сенімге селкеу түсірмейтін мықты кадрлардан жасақталғанда ғана жүзеге асатыны анық.

Елбасы жыл сайынғы халыққа Жолдаулары мен Жарлықтарында құқық қорғау органдарының басым бағыттары қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу екендігін айтып, нақты тапсырмаларды белгілеген. «100 нақты қадам» Стратегиялық бағдарламасында жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, құқық бұзушылықтың алдын алатын арнайы бөлім құру қажеттілігі де тапсырылған. Осы орайда Сыр өңірінің прокуратурасы жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа қарсы толассыз күрес жүргізіп келеді. Үстіміздегі жылы сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін 49 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылған, оның ішінде 25-і басшы болса (аудан әкімінің орынбасары, ауылдық округ әкімі, мектеп директоры, құрылым басшылары), 4-і облыстық деңгейдегі басшылар. Мысалы, Қызылорда қаласы жер қатынастары бөлімінде азаматтардың арыздары жүйелі түрде созбалаңға салынып, төлем жүргізілмеген жер учаскелерінің ақысын өндіруге әрекетсіздік танытып келгендері анықталды. Прокуратураның ұсынысымен аталған бөлім бастығы қызметіне сәйкес емес деп танылса, қала әкімі мен басқа да 4 қызметкер тәртіптік жауаптылыққа тартылып, 1,4 млн. теңге өндірілді.

Прокуратура осы санатта 9 қылмыстық іс қозғады. Атап айтсақ, 2014 жылдың қараша айында пайдалануға берілген құны 1,4 млрд. теңгені құрайтын Қармақшы ауданы, Жосалы кентіндегі 250 адам қабылдайтын емхана құрылысы бойынша 117,5 млн. теңгенің медициналық құрал-жабдықтары жеткізілмегені анықталды. «ҚазҚұрылысСервис» серіктестігінің директоры мен мемлекеттік қабылдау комиссиясының мүшелеріне қатысты жинақталған құжаттар сыбайлас жемқорлық қылмыс белгілері бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, мемлекетке келтірілген шығынның толық өтелуі қамтамасыз етіліп, қылмыстық іс ақталмайтын негізде қысқартылған. Қазіргі уақытта тұрақсыздық айыппұлын өндіруге шаралар қолданылуда.

Байқоңыр қалалық прокуратурасы мемлекеттік меншік және жекешелендіру Байқоңыр департаментінің лауазымды тұлғалары ресейлік «Вега» серіктестігінің директорымен сөз байласа отырып, жалған құжатты пайдаланып, соңғы құны 18,3 млн. теңге болатын Байқоңыр қалалық әділет басқармасы ғимаратының 2-қабатын аукционда 610 617 теңгеге заңсыз сатып жібергені анықталды. Осыған орай қалалық прокуратура қылмыстық іс қозғап, департамент бастығы М.Әжмолдаев, бөлім бастығы А.Шәкірұлы және «Вега» серіктестігінің директоры М.Жұбанғанов кінәлі деп табылып, сотты болды. Прокуратураның ұсынысымен ғимарат мемлекетке қайтарылды.

Жылдан-жылға сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейтілгенімен, мемлекеттік сатып алу төңірегінде бұл құбылыс әлі де тыйылмауда. Прокурорлық тексерулердің нәтижесінде 200 млн. теңгеден астам мемлекеттік сатып алу қорытындыларының күші жойылып, 100-ден астам лауазым иелері тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Аталған мәселе облыстық прокуратураның көшпелі алқа отырысында облыс әкімінің қатысуымен қаралып, уәкілетті органдарға нақты тапсырмалар белгіленді.

Заңның үстемдігі – нығайған мемлекеттің кепілі. Сондықтан, жаңа бағдарламаның құқықтық мемлекетті құрудағы маңызы зор. Бағдарламадағы 18 қадам заңның үстемдігін қамтамасыз етуге арналады. Бұл реформада құқық қорғау органдары мен сот төрелігіне айрықша мән берілген. Оның ішінде азаматтық-құқықтық дауларға прокурордың қатысуын қысқарту қаралған. Себебі, қазіргі таңда даулардың сотқа жетпей келісімге келу, яғни медиация институтын дамытуға назар аударылуда. Демек, прокурорлар өз күштерін азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуына және қадағалаудың басқа да басым бағыттары бойынша міндетті қатысуын талап ететін салаларға жұмылдырады. Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі сатыларын оңтайландыру, бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігіне көшу бекітілген. Сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз ету үшін прокурорлық қадағалау жұмыстары одан әрі күшейтілетін болады.

Индустрияландыру және экономикалық өсім реформасындағы жер телімдерін мақсатты пайдалану саласында да прокуратура заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етіп келеді. Атап айтсақ, облыстық прокуратура жүргізген бір күндік рейд нәтижесінде облыс орталығында екі жылдық игеру мерзімі өтіп кеткен 164 259 шаршы метр игерілмеген жер учаскелері анықталып, олар бойынша қалалық жер қатынастары бөлімінің ешқандай шара қолданылмағаны белгілі болды. Биылғы жылы прокурорлық қадағалау актілерімен мемлекет қорына барлығы 2308,9 га. кадастрлық құны 6,1 млн. теңгені құрайтын игерілмеген жерлер қайтарылды.

Бизнесті заңсыз тексеруден қорғау жөніндегі Президенттің тапсырмасын орындау аясында облыстық Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтастық өз жалғасын табуда. Кәсіпкерлерден түскен сигналдарға дер кезінде ықпал ету үшін облыстық прокуратура, Кәсіпкерлер ассоциациясы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен құралған арнайы ведомствоаралық мобильдік топ жасақталып, қызмет етуде. Осы бағытта 2 тексеру жүргізіліп, 13 ұсыныс енгізілсе, 15 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Прокурорлық ықпал ету актілері негізінде 25 адам түрлі тәртіптік, 2 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында елімізде мүгедектерді, сал ауруына шалдыққан адамдарды жұмысқа орналастыруға көмектесуге және олардың белсенді өмір сүруіне ықпал жасауға байланысты маңызды тапсырмалар берген болатын. Осы орайда кәсіпкерлік қызметтегі мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау бойынша шаралар ұйымдастырылды.

Биылғы жылы жергілікті атқарушы органдары мүгедектердің кәсіпкерлікпен айналысу құқықтарын жүзеге асыруға көрінеу кедергі жасау түріндегі заңсыздықтарға жол бергендері анықталды. Мысалы, Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң талаптарын сақтамай, мемлекеттік сатып алудың электронды порталында 13 конкурстың мүгедектер қоғамы арасында өткізілетіні туралы арнайы реквизит көрсетпей, жалпы тәртіпте жариялап, мүгедек жандардың кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығын бұзған. Прокурорлық қадағалау актілерін қарау нәтижесінде аталмыш әлеуметтік топ мұқтажына салғырт қарап, оларға кедергісіз орта қалыптастыру қажет екендігін назардан тыс қалдырған кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, конкурс қорытындылары жойылып, мүгедектер қоғамдық бірлестіктерінің қатысуымен қайта конкурс өткізіліп, осы санаттағы 60 адам жұмыспен қамтылды. Осы тектес заңсыздықтар Қазалы ауданында, яғни аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Әйтеке би кенті әкімдігі, Басықара, Сарыбұлақ, Мұратбаев, Арықбалық ауылдық округтерінің әкімдіктері тарапынан орын алған. Оның қорытындысымен 98 млн. теңгені құрайтын 8 конкурс хабарламасының күші жойылды.

Мемлекет басшысының мемлекетаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу туралы тапсырмасынан «Жасыл экономикаға көшу – құқықтық бағытты дамыту» жобасының тұжырымдамасы туындаған болатын. Осы бағытта облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен «Жасыл экономиканы дамыту: өзекті мәселелері, құқықтық қамтамасыз ету» тақырыбында шетелдік және отандық ғалымдар мен заңгерлердің қатысуымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілді. Конференцияға әзірленген ғылыми мақалалар топтастырылып, жинақ Астана қаласында жарық көріп, Бас прокуратураға, С.Есқараев атындағы институтқа және жергілікті прокуратураларға жолданды. Жалпы, қоршаған ортаны қорғау саласында біз 34 тексеру жүргізіп, 279 заң бұзушылықты анықтасақ, солар бойынша 3 қылмыстық іс қозғап, 74 қызметкердің тәртіптік, 90 қызметкердің әкімшілік жауаптылыққа тартылуларына ықпал жасадық.

Прокурорлық қадағалау шараларымен үстіміздегі жылы 1,9 млрд. теңгеге бюджеттің толығуына, сондай-ақ, мемлекеттік кірістер органдарымен салық төлеушілерге 14 млрд. теңгеден астам сомаға қоршаған ортаға эмиссиялар бойынша хабарламалар табысталуына қол жеткізілді. Ұлт жоспарының «Біртектілік пен бірлік» институтында Ассамблеяның жұмысына да үлкен мән берілген. 2014 жылдың 11 қарашасындағы Елбасымыз «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келетінімізді атап өтті. Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін елдің бірлігі екені сөзсіз. Ұлтаралық шиеленістің және оған бастайтын әрекеттерге шақыру деректерінің алдын алу мақсатында, елдегі татулық пен келісімді өнегелік дәстүрде алып келе жатқан ақсақалдарымыз бен ардагерлеріміздің үлесін айқындау үшін үстіміздегі жылы облыстық прокуратура Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығымен және елімізде алғаш болып облыстық ардагерлер кеңесімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Азаматтық қоғам институттарымен қалыптасқан құрылымдық диалог аясында бірлесіп атқарылатын іс-шаралар жоспары жасалды. Сонымен қатар, этномәдени орталықтар басшыларымен бірлесіп, этностық ахуал және қоғамдық тұрақтылық паспорты әзірленді.

Қазақта «Асу бермес асқар жоқ» деген сөз бар. Аз ғана жылдың ішінде Қазақстан халқы татулығы ұйыған, жасампаздыққа ұмтылған елге айналды. Ал біздің мақсат Елбасымен бағыт-бағдары айқындалған нақты міндеттерді мінсіз орындау болмақ.

Сапарбек НҰРПЕЙІСОВ,

Қызылорда облысының прокуроры, аға әділет кеңесшісі.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.