You are here

ИНТЕРНЕТТІҢ ИГІЛІГІ ДЕ, «ИТТІГІ» ДЕ БАР

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Елімізде өткен жылы 351 мың қылмыстық іс тіркеліпті. Бұл аз ба, көп пе? Бас прокуратура жүргізетін ресми мәліметке салсақ, 2013 жылғы 359 мың қылмыспен салыстырғанда 5,2 пайызға азайыпты.

Осыған әзірше шүкіршілік етейік десек те, есесіне заманға сай жаңа қауіп бас көтеруде. Мәселен, құзырлы органның қызметкерлері 100 мыңнан астам интернет-сайттарды сүзіп шығып, олардың 703-ін экстремистік бағытта деп тауып, Қазақстан аумағында таралуына тыйым салған. Өткен аптада Бас прокуратураның жылдық жұмысын қорытындылаған алқа мәжілісінде қоғамға кесірін тигізетін жаңа сын-қатерлер сарапқа салынды.

Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев, Президент Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Ерлік Кененбаев, Бас прокуратураның жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшелері және Парламент депутаттары қатысқан мәжілісте Бас прокурор Асхат Дауылбаев баяндама жасап, атқарылған істердің нәтижесін жариялап, келесі міндеттерді де межелеп берді.

2014 жылы елдегі қылмыстық ахуалдың жақсарғаны байқалды – қылмыс жасау 5,2 пайызға, яғни 359 мыңнан 341 мыңға дейін азайды – деді Асхат Дауылбаев. – Аса ауыр қылмыс 18,2 пайызға, ауыр қылмыс 17,4 пайызға азайды. Оның ішінде адам өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, қарақшылық, бопсалау, бұзақылықтар саны едәуір кеміген. Көше қылмыстары азайып, алкогольдік ішімдік ішіп және есірткі қолданып жасалған құқық бұзушылықтар мен қылмыстар саны төмендеген. Бұл көрсеткіштер мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қылмысты ескерту және оның деңгейін одан әрі төмендету, құқық тәртібін қамтамасыз етіп, оның кез келген көріністеріне «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру жөніндегі жұмыстарының тиімділігін жаңаша есептеудің бастапқы межесі болып табылмақ. Жыл қорытындысы бойынша аса ауыр қылмыс санының 18,2 %-ға (2629-дан 2150-ге дейін) және ауыр қылмыс 17,4 пайызға (33836-дан 27941-ге дейін) азайғандығын айырықша атап өтуге болады. Оның ішінде адам өлтіру 19,3 пайызға (1120-дан 903-ке дейін), денсаулыққа ауыр зиян келтіру 13,5 пайызға (1780-нен 1539-ға дейін), әйел зорлау 19,8 пайызға (3150-ден 2527-ге дейін), тонау 24 пайызға (18832-ден 14317-ге дейін), қарақшылық 29 пайызға (1361-ден 957-ге дейін), бопсалау 19,2 пайызға (875-тен 707-ге дейін), бұзақылық 15 пайызға (29989-дан 25494-ке дейін) төмендеген. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс 17 пайызға кеміген.

Бас прокурордың  басқаларына  қарағанда аталған қылмыстарға ерекше мән беруінің де өзіндік себебі бар. Өйткені біз өзіміздің экономикалық көрсеткіштеріміз арқылы Қазақстанды дамушы елдердің қатарына қосқанымызбен, халықаралық ұйымдар негізінен, жоғарыдағы санатты қылмыстарға қарап мемлекеттердің шынайы қалпын анықтайды. Мұны Дауылбаев та теріске шығармай, қайта «дәл осы аталған сан аттар арқылы азаматтарымыз қоғамдағы өз қауіпсіздігіне баға берсе, халықаралық ұйымдар белгілі бір елде болудың қауіпсіздік деңгейінің көрсеткішін қалыптастыратындығын» нақтылап атап өтті. Айталық, өткен жылғы пайдакүнемдік мақсаттағы қылмыстардың 80 пайызын жұмыссыздар жүзеге асырған. Демек, жергілікті атқарушы органдарды жұмыссыздықпен күресте тағы да тынымсыз тер төгу мен құқық қорғау органдарымен бірге профилактикалық шараларды ұйымдастыру ісі күтіп тұр. Тұрғындарды еңбекпен қамтудың аймақтық бағдарламаларының жүзеге асырылуына баса назар аудару да қажет.

Әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлар 395 мың заң бұзушылықты анықтап, оларды жоюға бағытталған шаралар қабылдады. 16 мыңға жуық заңсыз құқықтық актінің күші жойылды. 746 мыңнан астам азаматтың, оның ішінде 239 мың жасөспірімнің құқықтары қорғалып, қалпына келтірілді. 55 мыңнан астам адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды. 500 қылмыстық іс қозғалды.

«Қазірдің өзінде түскен арыздар мен хабарламалар бойынша шұғыл шешім қабылдаудың алғашқы оң нәтижелері көрінуде, өйткені бұл қылмыстық қудалау органдарына қылмысты «ізін суытпай», жылдам әрі сапалы ашуға мүмкіндік беріп отыр. Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғай отырып, есептік кезеңде қылмыстық өндірістің сотқа дейінгі сатысына қадағалау жасау аясында прокурорлар заңсыз ұсталған 1500-ден астам адамды босатқан, 930 адамға қатысты заңсыз шұғыл іздестіру іс-шаралары тоқтатылған. Арнайы прокурорлар 350-ден астам неғұрлым күрделі, қоғамда кеңінен талқыланған және өзекті қылмыстық істерді тергеп, олардың 164-і сотқа жолданды.

Сонымен қатар азаматтық қоғам институттарымен өзара сындарлы іс-қимыл жасасу арқылы және уәкілетті мемлекеттік органдардың күш-жігерін үйлестіру жолымен құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қамтамасыз ету өткен жылғы бірінші кезектегі маңызды міндеттердің бірі болды. Нәтижесінде, 2014 жылы тіркелген әкімшілік құқық бұзушылықтардың саны 12,5 пайызға, яғни 3 млн. 699 мыңға артты. 80 пайыздан астам жағдайларда (81,5%) әкімшілік тәжірибе субъектілері 105 млрд. теңгеден астам сомаға айыппұл салған, оның 60 млрд. теңгеден астамы өндіріліп алынды.

Осыған дейінгі 5 жыл ішінде 30 пайыздан аспаған айыппұлдарды өндіріп алу сомасы тұңғыш рет 60 пайызға жетті (2010 жыл – 27,2%, 2011 жыл – 28,4%, 2012 жыл – 51,6%, 2013 жыл – 53,1%). Уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен біз әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алудың жол картасын жасадық, оның жүзеге асуы айыппұлдарды өндіріп алуды және оның бюджетке түсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермекші» – дейді Бас прокурор А.Дауылбаев.

Заңның сақталуын қадағалаушы органның келесі атқарған күрделі ісі иесіз немесе мақсатсыз жатқан бос жерлерді мемлекетке қайтару. Елбасының тапсырмасынан кейін бұл бағыттағы шараларды күшейткен прокурорлар талай-талай келеңсіздіктің бетін ашыпты. Атап айтқанда, прокуратураның алыпсатарлыққа тосқауыл қою жөніндегі шараларының арқасында жалпы құны 980 млрд. теңгеден астам жер телімдерін мемлекетке қайтаруға қол жеткізілді. Мысалы, камералдық талдау жасау арқылы Астана қаласының прокуратурасы кадастрлық құны 575,7 млрд. теңгені құрайтын пайдаланылмай жатқан 255 жер телімін анықтаған, олардың ішінде 2,7 мың гектар жер бүгінде мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен бірге мемлекет қажетіне жер сатып алуға бағытталған бес жарым млрд. теңге сомасындағы бюджет қаражатын негізсіз шығындауға жол бермеу жөніндегі алдын алу шаралары қолға алынды. Тек бір ғана Алматы облысының прокуратурасы жерді алу рәсімдерін бұзу фактілері бойынша сотқа 100-ге жуық талап-арыз берген, олардың қанағаттандырылуы 1 млрд. 800 млн. теңге сомасындағы мемлекет қазынасы босқа ысырап болудан аман қалыпты.

– Бизнесті заңсыз тексерістерден қорғау жөніндегі Президент тапсырмасын орындау аясында Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтастық жалғасын табуда – дейді Дауылбаев. – Былтырғы жылы прокурорлар 10 мың бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғады, мемлекеттік органдардың 880 лауазымды қызметкері түрлі жауапкершілікке тартылды. Осының нәтижесінде, Мемлекет басшысы жариялаған мораторий 2014 жылы тексерулердің жалпы санын 176 мыңға немесе 67 пайызға азайтуға мүмкіндік берді. Бұл ретте жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру саны 142 мыңға немесе 82 пайызға азайды (173 082-ден 30 807-ге дейін), оның ішінде шағын және орта бизнес субъектілеріне қатысты тексерулер 136 мыңға немесе 86 пайызға азайды. Әрбір прокуратурада жұмыс жасайтын мобильдік топтар кәсіпкерлерді тиімді де жедел қорғайтын құрал болып отыр.

Олар 2014 жылы кәсіпкерлердің құқықтары бұзылуының 750 фактісінің жолын кесті.Мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау мәселелері ерекше бақылауда тұрды.Мемлекет есебіне 74 млрд теңге өндіріліп алынды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге дейін өскен.

Мемлекет мүддесін қызғыштай қорып жұмыс істеудің жоғарғы үлгісін Қызылорда облыстық прокуратурасы көрсетіп отыр. Мұндағы қызметкерлер ықпал ету актісін енгізу арқылы қоршаған ортаға нормадан тыс зиянды заттар шығарғаны үшін «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамынан 17 млрд теңге салық төлемдерін өндіріп алған. Егер аймақтың жалпы қазынасы 167 млрд теңгені құрайтындығын ескерсек, аталған сома облыстың жылдық бюджетінің 10,7 пайызын құрайды.

Прокурорларды «шаршататын» келесі шаруаның бірі – тендер. Мемлекеттік сатып алу саласында да прокурорлар алдын алу жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп келеді екен. Бұл бағытта ел бюджетіне 1 млрд 400 млн теңгеден астам қаржы өндіріліп алынды, 2 мың 800-ден астам лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылған. Заңсыздығы анықталып жаңадан енгізген актілер арқылы 140 конкурстың күшін жойып, мемлекеттің экономикалық мүддесіне келер 25 млрд теңгеден астам шығынның алдын алған Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Павлодар облыстарының прокуратуралары және Бас көлік прокуратурасы үздік деп танылып отыр.

Асхат Дауылбаев діни экстремизм мен терроризмге тосқауыл қою бойынша аса белсенді әрекетке көшкендерін айтады. «2014 жылғы 3 қарашада Мемлекет басшысы Діни экстремизм мен терроризмге тосқауыл қоюдың тиімділігін арттыруға бағытталған заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы біз әзірлеген заңға қол қойды. Осы жұмыстар аясында 100 мыңнан астам интернет-ресурстарға мониторинг жасалды. Нәтижесінде, прокурорлардың және уәкілетті органдардың арыздары бойынша соттар 703 интернет-ресурстың өнімдерін заңсыз деп таныды. Сондай-ақ соттар 198 ақпараттық материалдардың мазмұнын экстремистік деп тану туралы прокурорлардың арыздарын қанағаттандырды. Бұл өнімдерді Қазақстан аумағында таратуға тыйым салынған. Өткен жылы алғаш рет уәкілетті органға ұйғарым енгізу арқылы экстремистік мазмұндағы ақпаратқа кіруге сотқа дейінгі шектеу қою қолданылды. Мұнымен бірге тұңғыш рет біздің ұсынысымыз негізінде Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы өз елінің уәкілетті органына экстремистік мазмұндағы ақпараты бар барлық ресурстарға кіруге тыйым салу туралы талап жолдады және ол толықтай қолдау тапты. Қадағалаудың мұндай тәжірибесін кеңейтіп, біздің жақын және алыс шет- елдердегі әріптестерімізбен жұмыста қолдану керек. Ақтөбе облысы прокуратурасының тәжірибесі де көңілге қонымды, олар еңбекпен түзеу мекемелеріндегі заңдылықты қадағалау шеңберінде радикалды сипаттағы сотталғандардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдаған, өз кезегінде бұл олардың ұстанымдарын өзгертуге себеп болған» деп отыр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын елдегі суицидтің тым өршіп, әлем бойынша алдыңғы орынға шығып кеткендігі дабыл қаққызып еді. Осыған орай құқық қорғау орындары бірлескен түрде жан-жақты сауықтыру шараларына кіріскен болатын. Мұның алғашқы нәтижелері де көрініс бере бастады. Мәселен, өткен жылы кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік әрекеттер саны 232-ден 159 оқиғаға дейін кеміді. Оның ішщінде мұндай қайғылы фактілер мүлде орын алмаған Атырау, Қызылорда облыстарының, әсіресе, Астана қаласының мемлекеттік органдары тиімді жұмыс атқарғаны байқалады. Енді бұл бағытта да жүйелі әрекеттер жалғасу керек.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.