Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Кеше Астанада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Тіл жанашыры» құрмет белгісін табыстау рәсімі өтті. Түрлі лауазымда қызмет ететін, мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіруге, оны дәріптеу мен насихаттауға зор үлес қосып жүрген ұлтжанды азаматтар салтанатты түрде «Тіл жанашыры» төсбелгісіне ие болды.

«Тіл жанашыры» құрмет белгісі мемлекеттік тілдің өркендеуіне атсалысып келе жатқан отандастарымызды ынталандыруды көздейді. Нақтырақ айтатын болсақ, құрмет белгісі Қазақстан Республикасы мен шетелдерде қазақ тілінің, мәдениетінің, салт-дәстүрінің кең тарауына үлес қосып, тілді меңгеру деңгейін жоғарылату жолында жұмыс жүргізген, әртүрлі салаларда қазақ тіліндегі қызмет сапасын арттыруға бағытталған шаралар ұйымдастырған және өткізген, өз күшімен, сондай-ақ, жеке қаражатымен тілге, ұлттық мәдени шараларға демеушілік жасаған, мемлекеттік тілді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттауға, тіл беделін арттыруға нақты ісімен тұшымды жұмыс тындырған тұлғаларға табыс етілді.

– Елімізде тілге жанашырлық көрсететін азаматтар аз емес. Осыған орай, бізге бұл жолы 100-ге жуық ұсыныс келіп түсті. Солардың ішінен 21 үміткерді ғана іріктеп алдық. Сіздердің әрқайсыңыздың орындарыңыз бөлек. Бәріңіз де тілдің тағдыры үшін тынбай күресіп жүрсіздер, жас ұрпақ тілінің таза болуына атсалысып келесіздер, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне қамқор болып жүрсіздер, жылдар бойы көз майын тауысып, сөздіктер жасадыңыздар, тіл тәрбиесін бала тәрбиесімен ұштастыра білдіңіздер, тілді дамытуға арналған жобаларды қолдап, ұлт меценаты атандыңыздар. Соның бәрі де ескерілді. «Тіл жанашыры» атану – зор мәртебе. Беделі биік бәйгеде жеңімпаз болғандарыңыз – ұзақ жыл төккен тер мен ерен еңбектің жемісі, – деді Президент Кеңсесінің Бастығы, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков шараның ашылу барысында сөйлеген сөзінде.

«Тіл жанашыры-2015» төсбелгісін кімдер алды дегенге келетін болсақ, олардың қатарында Астана қаласы №54 мектеп-лицейінің директоры Ғалияш Әмірина, «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясының төрағасы Бауыржан Оспанов, Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облыстық филиалының директоры, «Бұқпа» газетінің және облыстық «Жер шоқтығы» әдеби, мәдениет және қоғамдық журналының бас редакторы Төлеген Қажыбай, Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілдерді дамыту секторының меңгерушісі Айша Құлбатыр, Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасы ЖШС-нің бас директоры Бейсен Құранбек, Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті Зиба Абдуллақызы, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Темірғали Көкетай, Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкин, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының профессоры Аман Абасилов, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Айғақ» телеарнасының директоры Дулатбек Әбіш, Павлодар облыстық «Ертіс дидары» газетінің редакторы Арман Қани, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай, «КМ компаниялар тобы» директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мусин, Бас Прокурордың орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты Жақып Асанов, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкерлері Сейдін Бизақов пен Нұргелді Уәли, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев, Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы «Мұрагер» қоғамдық ұйымының негізін қалаушы Нұрлан Өміржанов, Ресей Федерациясының Орынбор қаласындағы қазақтардың «Атамекен» қалалық ұлттық-мәдени автономиясының вице-президенті Сәуле Тайкешова бар.

Ұлт үшін ұмтылып, жұрт үшін жұмылып еткен еңбектің жемісі де, жеңісі де осы болу керек.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан».

Суретте: марапаттау сәтінен көрініс.

Суретті түсірген

Орынбай БАЛМҰРАТ.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.