You are here

Хайуанаттар бағындағы бассыздық

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Хайуанаттар бағыҚарағандыдағы хайуанаттар бағына бара қалғанымызда мүңкіген иістен басымыз ауырып қайтушы еді. Жан-жануардың нешеме түрі жиналған жер ғой, солай болуға тиіс шығар деп бұған соншалықты мән де бермейтінбіз…

«Бақсақ бақа екен» демекші, бұл кілтипанның сыры енді ашылды. Кілтипанның кілтін тапқан прокуратура қызметкерлері.

Таяуда облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Қарағанды мемлекеттік хайуанаттар бағы» кәсіпорнының қызметіне тексеру жүргізіп, көптеген былықтың бетін ашты.

Хайуанаттар бағының қызметкерлері нарықтың тамырын тап басқан пысық болып шықты. Олар туғанынан әдейі тіркелмеген жануарларды мал табу мақсатымен сатып келген… Бұл жерден неге жағымсыз иіс шығады деп басымыз қатып жүрсе, оның сыры мынада екен: аңдар мен құстар, жәндіктің алуан түрі тұрып жатқан үйшіктер мен вольерлер көбіне тазартылмайтын көрінеді. Ол аздай-ақ, жағымсыз иісті сыртқа айдап тұратын желдеткіш қондырғы бұл жерде мүлде жоқ болып шыққан…

Прокурорлардың мәліметі бойынша, 2012-2014 жылдар аралығында «зоопарктің» 84 хайуаны тиісті ветеринарлық құжаттарынсыз жеке және заңды тұлғалар қолындағы 183 жануарға айырбасталып алыныпты. Яғни, жануарларға түрлі аурулар жұқтыру қаупі өте-мөте зор болған.

Ол ол ма, хайуанаттар бағының обал-сауап дегенді білмейтін қызметкерлері жыртқыш аңдарға азық ретінде қашыр, есек, тау ешкісі, лақ сияқты жануарларды тірідей талауға беріпті.

Бұдан бөлек, прокуратура кәсіпорындағы қаржыны оңды-солды шашып, тиімсіз жұмсаудың да бірнеше фактісін анықтады.

Тексеру қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы орган мен хайуанаттар бағының 16 қызметкері тәртіптік жазаға тартылды. Ал кәсіпорынның директоры әкімшілік жаза арқалады. Қазір жоғарыда аталған заңды бұзу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Қайрат ӘБІЛДИНОВ,

«Егемен Қазақстан».

ҚАРАҒАНДЫ.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.