You are here

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫЛАР ҰЛТТЫҚ ЗАҢНАМАҒА ЕНГІЗІЛГЕН НОРМАЛАРҒА ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРДІ

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Жыл басында Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қыл­мыстық атқарушылық, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстер күшіне енген болатын. Заңдардың өмірге енуі мен алғаш тәжірибеде қолданылуына байланысты «Қылмыстық сот ісін жаңарту – құқық қорғау жүйесінің тиімділігін және республика Конституциясының құқық қорғау әлеуетін іске асыруды қамтамасыз етудің кепілі» тақы­рыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мұндағы негізгі мақ­сат – заңның кейбір тиімсіз тұстарын ортаға салып, оны жетілдіру, нәтижелерді саралау болды.

Дөңгелек үстел басына негізінен кодекстерді жасауға қа­тысқан мамандар, атап айт­сақ, алқалы жиынның өтуіне мұрындық болған ҚР Бас про­куратурасы мен Конс­титу­ция­лық кеңесінің, Жоғарғы Сот­тың, Астана қаласындағы ЕҚЫҰ өкілдігінің, Еуропа Ке­ңе­сі Венециялық комис­сия­сы­ның, «IRZ» германиялық халық­аралық құқықтық ынты­мақ­тастық қорының өкілдері жи­налды. Сонымен қатар, бас­қосуға ҚР Президентінің кө­мек­шісі әрі Қауіпсіздік Ке­ңе­сі­нің хатшысы Нұрлан Ермекбаев, Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Рогов, Әділет министрі Берік Имашев, Бас про­курордың бірінші орынбасары Иоган Меркель, сондай-ақ, Парламент депутаттары мен Вене­циялық комиссиядан Николай Кузнецов, Гунарс Кутрис, республикалық адвокаттар алқа­сы­ның мүшелері, ғылыми қоғам­дастық, үкіметтік емес ұйым­дар, т.б. құқық қорғау ор­ган­дары­ның басшылары қа­тыс­ты.
Алқалы жиынды Иоган Меркель ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде заңнамаларды жа­ңартуға үлес қосқан шетелдік са­рапшыларға алғысын біл­дірді. Сонымен қатар, жаңа Қыл­мыстық-процестік кодекстің аза­маттар құқығын қорғауда кү­шейгені және халықаралық стандарттарға барынша сай еке­нін атап өтті. 

Жиынға қатысушылар пікіріне келсек, мысалы, заңға қылмыстық іс тіркелгеннен бастап соттың үкімі шыққанға дейінгі аралықта көптеген өзгеріс енгізілді. Бұрын қылмыстық істі қозғау үшін алдымен он күн, одан соң жиырма, тіпті, екі айға дейін тергеу-тексеру жүргізетін. Ол тұста азаматтар мүдделеріне нұқсан келтіретін қателіктердің болғаны айқын. Оған қоса, сыбайлас жемқорлыққа жол беретін әрекеттер де кетті. Кей істер негізсіз қысқартылып қалатын. Ал, жаңа Қылмыстық-процестік кодексте бұл олқылықтар жойылды, яғни, енді озық стандарт ретінде қылмыстық іс туралы хабарлама тіркелген күннен бастап қылмыстық іс қозғалған болып саналады. Кім кінәлі, кім кінәсіз екендігін тексеру бірден қолға алынады. Сонымен қатар, ел-жұрттың наразылығын болдырмау мақсатында тергеуші мен прокурор арасында сыбайластық қарым-қаты­настар болмасын деген негізбен бұл­тарт­пау шараларын қолдану, қамауға алу, қызметтен босату, тыйым салған адамдарға жақындамау мәселелерін қарау құзыреті тергеу судьясына берілді. Бұлар прокурордың өкілеттігінен алынды. 
Сотқа дейінгі тергеу әрекеттерін енді тергеу судьясы бақылап отыра­ды. Тергеудің сапасын сотқа дейін жақсарту мақсатында процес­суалды прокурорды енгізу заңда көрсе­тіл­генімен, пікірталас барысында қара­жаттың жетіспеуіне байланысты бұл мәселе тек қана ауыр, қоғамға қауіп төндіретін ерекше қылмыстық істерде ғана қолданылатыны айтылды. Заңда процессуалды прокурордың әрбір қылмыстық іс бойынша тергеу судьясымен бірге істі қадағалап отыру­ға тиістігі жазылған. Егер, шын мәнінде қылмыстық іс қозғалған күннен бастап тергеу әділ жүргізілсе, сотта да көп мәселе туындамайтыны сөз болды. Одан кейін прокурордың, тергеушінің, адвокаттың да құзыреті сот барысында тең болуы керек. Алайда, іс жүзінде адвокат рөлінің төмендігі жасырын емес. Сондықтан, жаңа заңда адвокат­тарға прокурормен бірдей біраз құзырет берілген.  Кодекске енген 20 шақты күрделі жаңалықты шетелдік мамандар құптады. Жаңа кодекс бойынша істер соттарға жетіп үлгерген жоқ. Жаңа заңнама бойынша дайындалған істерді алты айдан кейін соттар қарауды бастай­ды. Сонда кодекстің тиімді, тиімсіз тұстары сотта да белгілі болмақ. Форум аясында Қылмыстық заңнамалардың жаңа талаптары кеңінен талқыланып, қылмыстық сот ісін жетілдірудегі халықаралық тәжірибе туралы пікірлер жан-жақты қозғалды. Әсіресе, аталған кодексте адвокаттар рөлінің артуы мен келтірген шығынды өтеген адамдарға қатысты сот тәжірибесін одан әрі ізгілендіру мәселелері үлкен жетістікке баланды. Халықаралық сарапшылар ұлттық заңнамаға енгізілген нормаларға жоғары баға берді.

 Игорь РОГОВ, ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы:
«Азаматтардың конституциялық құқығына нұқсан келмеуі тиіс»

– Биыл ҚР Консти­туциясының 20 жыл­дығы. Мемлекет бас­шысының 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжы­рымдамасы ая­сын­да Қазақстан Рес­пуб­ликасының ұлттық заң­намасы жазылды. Бұл тұрғыда қыруар жұмыстар жасалып, жауапты жұмыс тобы алыс, жақын шетел­дер­дің тәжірибесін қарастырды. Өзіміздің заңгерлер мен ғалымдардың пікірлері ескерілді. Жалпы,  дамыған мемлекеттер тәжірибесіне сүйенудің пайдасы зор. Қозғалып отырған тақырып өзекті. Азаматтардың конституциялық құқығы мүлтіксіз қорғалуы, олардың ар-ожданына нұқсан келмеуі тиіс. Ол үшін, әрине, заң мықты болуы керек. Қылмыстық заңнамалар бұл тұрғыда ел сенімін ақтайды. Заңды талқылау, дискуссиялар мұнымен бітпейді. Бас прокуратура тарапынан маңызды ұйымдастыру жұмыстары жүруде. Қылмыстық іс жүргізуді, алқа билер институтын дамыту, заңгерлік көмек беруді жетілдіру күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелер. 
 

Рамазан СӘРПЕКОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Қылмыстық істерді  қарау тәртібін  тағы бір пысықтамақпыз»

  –Өздеріңіз біле­сіздер, жаңа Қыл­мыс­тық-про­цестік кодекс күші­не енді. Заң, сот саласындағы тәжіри­бемді ескерген болулары керек, мені жұмысшы тобының жетекшісі етіп бекітті. Аталған кодексті Пар­ламентте алты ай­ға жуық қарадық. Депу­таттар, ғалымдар, прак­тиктер тарапынан екі мыңға жуық ұсыныс түсті. Заңды жетілдіруге ықпал етеді дегендерін енгіздік. Жаңа кодекспен жұмыс жасалғанына екі ай өтті. Қазір қылмыстарды тіркеу, қылмыстық іс қозғау нормалары өзгерді. Кейбір тетіктерді бір жүйеге түсіретін, практикаға баға беретін мәселелер болмай тұрмайды. Соларды қарайық, саралайық деп жиналдық. Екінші мәселе жасөспірімдерге қатысты қылмыстық істерді қарау тәртібін тағы бір пысықтасақ па деп отырмыз. Қазақстанда  кәмелетке толмағандар ісін қарау жөніндегі соттар жұмыс істейді. Жасөспірімдердің ісін сол соттар ғана қарасын, тек қана жаза тағайындамай, тәрбиелік мәні бар жұмыстар жүргізсін дейтұғын мақсатты ұстандық. Шетелдік мамандар пікірін ескеріп, осы жайттарды одан әрі жетілдіруге көңіл бөлмекшіміз. Жаңа заңды қолдану барысында қандай кедергілер кездесуде – депутаттар міндеті соларды тыңдау. Содан кейін ұлттық заңнамада сәті келген тұстарды түзеуге қолайлы жағдай туғызсақ дейміз. Қазір Парламентке бұл тұрғыда тікелей ештеңе түсіп жатқан жоқ. Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодексті дайындауға жауапты Бас прокуратура болған соң, соларға тергеу орындарынан, соттан жаңа ұсыныстар беріліп жатқан болуы керек. Біз жұмыс тобының алпысқа жуық отырысын өткіздік. 
 

Абай РАХМЕТУЛИН, ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер бойынша қадағалау  алқасының төрағасы:
«Жоғарғы Сот кодекске сай нормативтік қаулылар қабылдайды»

– Елімізде заңдар жаңарып жатыр. Солар екі айдың ішінде қандай нәтиже берді? Қолдану барысында қандай да бір келеңсіздіктер болды ма? Осы сұрақ­тарды дер кезінде талқылаудың маңызы зор. Сондықтан, бүкіл құқық қорғау органдары, сот, әділет өкілдері, шетелдік сарапшылар, ғалымдар жиналып, өз ойларын ортаға салуда. Қылмыстық-процестік кодекстің қолданылуын өзіміз сараптап отырмыз. Біраз мәселелер бар, солар жайлы пікірімізбен бөлісудеміз. Заңдар азаматтарға қызмет етуі үшін мінсіз болуы керек.  Жергілікті соттарға, судьяларға заңға қатысты сұрақтарына орай өз жауаптарымызды жіберудеміз. Қателіктер кетпеуі жөнінде хаттар жазудамыз. Болашақта Жоғарғы Сот сот тәжірибесін саралап, бұл тұрғыда нормативтік қаулылар қабылдайды. Өзгерістер енгізеді. Осы себепті, жаңа заңдарды одан әрі жетілдіруге бәріміз атсалысуға тиіспіз.

 Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ, «Заң газеті»

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.