You are here

ЕСЕП АДАЛ ЖҮРГІЗІЛСЕ... ҚЫЛМЫС КӨБЕЙЕДІ

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстандықтар қылмыстардың төбе шашты тік тұрғызар жаңа статистикасына әзірлене бастағандары жөн: келесі жылдан бастап, тіркелетін қылмыстар саны миллионнан асатын болады! Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 360 мыңға жуық.

 Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрайымы Сәуле Айтбаева журналистермен кездесті. Оның айтуынша, Қазақстанда бұзақылық азайған, ал алаяқтар көбейіп кетіпті.

Республикада 1997 жылдан 2010 жылға дейін жасалған қылмыстар саны 162 мыңнан асып көрмеген. « Мәлімет 135-140 мың қылмыс көлемінде жасанды түрде «құрықталып» ұсталды» дейді С.Айтбаева. Соңғы жылдарда бұл көрсеткіштер күрт артты. Құқықтық статкомитет басшысының бағалауынша, бұл өсім – «Бас прокурордың және прокуратураның үйлестірушілік рөлінің арқасында барлық құқық қорғау органдары жүргізген терең де тыңғылықты жұмыстың жемісі».

«Осы іске Президент әкімшілігі мен Қауіпсіздік кеңесі қатысты, – деді ол. – Сонда қылмыстылықтың жай-күйі туралы жасанды көрсеткіштерді қуушылықтан және қылмыстардың ашылуының соңына түсуден бас тарту, оның орнына өмір шындығын сол күйі көрсету туралы ортақ шешім қабылданды. Нәтижесінде, 2013 жылдың соңында 360 мың қылмыс тіркелді».

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрайымының мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда ұрлық – 3,1 пайызға, бұзақылық – 16,3 пайызға, тонау 27,9 пайызға азайыпты. Ал алаяқтық керісінше, 3,3 пайызға көбейген. «Мұны халықтың ой-санасымен түсіндіруге болады. Ардан аттаған адамдар құқықтық сананың төмендігін, кредит алудағы білімсіздікті пайдаланып, кәрі әйелдерді, мүгедектерді, зейнеткерлерді және басқа да мұқтаж адамдарды алдайды» деді ол.

Айтпақшы, енді шағым түсіру үшін полиция бөліміне бару қажет емес деседі. Бұған «Электрондық үкімет» мүмкіндік берген. «Арыз-шағым түсіру үшін бұдан былай жәбірленушіге РОВД-ға бару қажет емес, бұл жерде интернетке кіру мүмкіндігі және электронды цифрлық қолтаңбасы болса, жеткілікті. Ол біздің сайтымызға кіріп, өтініш-шағым бере алады. Сайтта бұл үшін қажетті іс-қимыл қадам-қадам бойынша жазып, көрсетілген. Өтініш автоматты түрде біздің мәліметтер базасына түседі және оны тікелей қылмыстық қудалау органдары көреді. Сондай-ақ сайтта «смс-хабарлама» арқылы сол өтініштің қаралу барысын біліп отыруға болады» деді С.Айтбаева.

Өз сөзінде ол алда Қазақстанда тіркелетін қылмыстар санының артуы мүмкіндігін ескертті. Бұған биылғы жылғы 3 шілдеде елімізде жаңа Қылмыстық, Қылмыстық атқару, Қылмыстық іс жүргізу және Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстерінің қабылдануы әсер ететінге ұқсайды. Келесі 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бұлар құқықтық тәжірибеде қолданысқа енеді.

– Осыған сәйкес, 2015 жылдың басында қылмыстық құқық бұзушылық туралы өтініштер мен хабарламаларды «Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде» тіркеудің жаңа жүйесі іске қосылады, – деп хабарлады Сәуле Айтбаева. – Айқын және толыққанды құқықтық статистиканы қалыптастыруға уәкілетті ведомствоның басшысы ретінде, мен сіздерді тіркелетін қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше еселеп артатындығы туралы құлақтандырғым келеді. Бұл бірқатар «әкімшілік құқық бұзушылықтардың» енді «қылмыстық теріс қылық» қатарына көшірілуіне байланысты. Егер біз қазір жылына 360 мың қылмыс тіркелетіндігі туралы айтып отырсақ, енді келер жылдан бастап, біздің тұспалдауымызша, аталған реестрде жыл сайын оның 1 миллионнан астамы тіркелетін болады.

Бас прокуратураның түсіндіруінше, себебі азаматтардан түскен кез келген өтініш пен хабарлама «Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде» көрініс табады. Тек содан кейін ғана қылмыстық қудалау органдары сол шағымдарды саралап, кейбірі бойынша не қосымша тексеру жүргізу, немесе әкімшілік құқық бұзушылыққа жатқызу, болмаса, тіпті қылмыстық сипаты жоқ деп тану секілді шешімдер қабылдайды.

– Жаңа мәліметтер Қазақстанда қылмыстық ахуалдың нашарлағандығын және қоғамның күрт криминалданғандығын білдірмейді! – деп мәлімдеді Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрайымы. – Бұл қылмыстық процесс басталғанға дейін жүретін процедураның өзгеруімен байланысты. Бұл тарапта біз үлкен түсіндіру жұмыстарын жүргізбекпіз. 

С.Айтбаеваның түсіндіруінше, «жаңа жылдан бастап, қылмыс туралы шағым мен хабар алысымен, тергеуші бір тәулік ішінде мәліметтерді Бірыңғай реестрге енгізуге және тергеу қимылдарын бастауға міндеттенеді». «Осы себептен де 2015 жылдан кейін қылмыстық ахуал туралы ағымдағы статистиканы былтырғы жылдың статдерегімен салыстыру қате болады! Өйткені бұл – мүлдем жаңа процедура» деген Бас прокуратура өкілі журналистерден осыны жұртшылыққа дұрыс жеткізуде көмек сұрады.     

Ол құқық қорғау органдарының өкілдеріне бір жайтты ескертті. Қылмыстар туралы көрсеткішті қолдан көркейтіп көрсетуге тырысатын қызметкерлер әлі де кездесуі ғажап емес, алайда енді олар осы тірлігі үшін темір тордың ар жағынан бір-ақ шығуы мүмкін!

«Бұрын елімізде қылмыстар мыңдап жасырылатын, қазір бұл азайды: мәселен, 100-ден астам қылмыстың беті бүркемеленген. Мұның алдын алу мақсатында, Қылмыстық кодекске статистиканың айқындылығын өрескел бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін норма енгізілді. Бұл жерде, тіпті 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Яғни әлгіндей әрекет үшін қылмыстық, тәртіптік шара қабылданады. Мұндай фактілер ендігі бар!» деді Сәуле Айтбаева.

Елдос Сенбай

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.