You are here

Еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету – прокурорлық қадағалаудың басым бағыты

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Азаматтардың еңбек құқығының негізге алынатын кепілдіктері, атап айт­қанда, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау, еңбегі үшін нендей де бір кем­сітусіз сыйақы алу, еңбек қауіпсіздігі жағдайлары, демалу және жұмыс­сыздықтан әлеуметтік қорғалу құқықтары Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген.

Әрине, азаматтардың еңбек құқықтары сақталуын қамтамасыз ету про­курорлық қадағалаудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Олардың еңбекақысын төлеуге қатысты конституциялық құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылады. Осы мақсатта «Уақытылы жалақы» республикалық бағдарламасы жүзеге асырылып, оның аясында азаматтардың еңбек құқық­тары мен оларды қорғау тәсілдерін түсіндіру бойынша ауқымды жұмыстар ұйым­дастырылды.

Прокуратура органдарында тәулік бойы жұмыс атқаратын Call-орта­лықтарының арқасында жалақы берешегі бойынша туындайтын өзекті мәселелер туралы мәліметтерді уақытылы алу және әрбір дерек бойынша жедел әрекет жасаудағы өзекті мәселелер жойылды. Прокуратура органдары жалақы берешегі бойынша қарыздарды өндіру жұмыстарын толығырақ жүргізуді азаматтардың еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеуге бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар аясында 2009 жылдың екінші жартысында бастады.

Мысалы, 2009 жылдың қыркүйек айында кәсіпорындардың өз қызметкерлері алдындағы жалақы бойынша берешегі 4,9 млрд. теңгені құраған. Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде 2011 жылдың аяғына аталған соманы 1,8 млрд. теңгеге дейін азайтуға мүмкіндік туды. Бұдан кейін берешек біртіндеп азая бастады: 2012 жылдың басында берешек 1,6 млрд. теңгені құраса, 2013 жылы – 1,4 млрд. теңге, 2014 жылы – 859,7 млн. теңге, 2015 жылы – 735,1 млн. теңге болды.

Өткен жылдың басында экономикалық жағдайдың нашарлауы жалақы берешегінің күрт өсуіне әкеп соқтырды. 2015 жылдың ақпан айының 1-іне берешек 1,2 млрд. теңгеге дейін өссе, наурыздың 18-не ол 185 кәсіпорында 1,8 млрд. теңгеге жетті. Аталған жалақы берешегінің күрт өсу беталысына байланысты оны нақты өндіру және одан әрі өсуіне жол бермеу прокуратура органдарының басым міндеттері болып белгіленді. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін қысқа мерзімде прокурорлардың ғана емес, барлық уәкілетті мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері жандандырылды.

Барлық проблемалық кәсіпорындарды зерттеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде берешекті өтеуге нақты мүмкіндіктері бар кәсіпорындар тізімі жасалды. Осы кәсіпорындардан жалақы бойынша қарыз­дарын өндіру мақсатында мемлекеттік органдармен тексеру шаралары, сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізіліп, жұмыс берушілер әкімшілік жауапқа тартылды және оларға ұйғарымдар енгізілді. Бұл ретте басты назар жұмыс істейтін кәсіпорындарға аударылды, өйткені, адамдар жалақысыз жұмыс істеп жатқан осындай кәсіпорындарда әлеуметтік шиеленіс ошағының пайда болу ықтималдығы жоғары болып табылады.

Бүгінгі күні берешегін өтеу мүмкіндігі болған көптеген кәсіпорын­дардың қарызы өндіріліп, қалғандары ерекше бақылауда ұсталуда. Мысалы, 2015 жылдың желтоқсан айында Шығыс Қазақстан облысында прокуратура органдары қабылдаған шаралардың нәтижесінде «Земстрой» ЖШС-нің 144 қызметкеріне 40 млн. теңге қарыз өндірілді. Тағы бір мысал, Қарағанды обл­ысында прокуратураның ұйғарымымен «TroyTech» ЖШС-нің 120 қызмет­керіне 4 жыл бойы төленбей келген 37,4 млн.теңге қарыз төленді. Мұндай мысалдар көп.

Жалпы, тек 2015 жылдың өзінде прокурорлық қадағалау актілерінің арқасында 75 мыңнан астам қызметкерге 6,6 млрд. теңгеден астам жалақы қа­рызы өндірілді. Бұл өткен жылдардың қарыздары және жыл бойына пайда болған ағымдағы қарыздар. Прокурорлық қадағалау актісінің арқасында өз жалақысын алған әрбір қызметкердің артында оның отбасы тұрғанын атап өту қажет. Яғни, қабылданған шаралар қызметкерлердің кем дегенде тағы да 76 мың туыстары мен жақындарына әлеуметтік тұрғыда көмектесті. Жалақы төленбеген жағдайда қызметкер теріс пиғылды жұмыс беруші қарызды өздігінше төлейді деген көмескі үмітпен күтіп, шыдап отырмауы керектігіне назар аударғым келеді. Сондықтан еңбек инспекциясына, прокуратура мен сот органдарына жүгіну сияқты белсенді іс-әрекеттердің арқасында ғана еңбек ақысының уақытылы және толық төленуіне байланысты бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге болады.

Бұл мәселе бойынша біз, сондай-ақ, «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлт­тық па­латасы мен бизнес-қауымдастықтың қолдауын күтеміз, өйткені, олар азаматтардың еңбек құқықтарының бұзылуының алдын алу тақырыбында жұмыс берушілермен түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізе алады. Жалақы бойынша берешегі бола тұра, кәсіпкер ақшалай қаражатты жеткізушілермен есеп айырысуға немесе басқа да өндірістік мақсаттарға жұмсайтыны туралы да мысалдар бар. Қазіргі кезеңде бизнестің қиыншылықты өткеріп жатқаны анық, алайда, кәсіпкер ертеңгі күні жалақыны қайдан төлейтінін алдын ала білуі қажет.

Жалақыны уақтылы төлеуге әсер етуі мүмкін өндірісті қолдау мен дамытуға қаржыны бағыттау туралы шешімдер кәсіподақ ұйымдары мен ең­бек ұжымдарымен келісе отырып қабылдануы тиіс. Нәтижесінде әрбір қыз­меткерге ертеңгі күні ол өзінің жалақысын ала алатыны түсіндіріліп, кепілдік берілуі тиіс. Ішкі еңбек нарығын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері проку­ратура органдарының назарынан тыс қалған емес. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының іске асырылуына, сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру заңдылығына тексерулер жүргізілді. Тексерулер мамандарды дұрыс оқытпаудың 120-дан астам дерегін анықтады. Бұл олардың біліктілігінің төмен, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетсіз болуына себепкер болады. Әлеуметтік жұмыс орындарын құру мен жастардың тәжірибе өтуіне қатысты тексерулер жұмыс берушілердің өздерінің жұмыс істеп жүрген қызметкерлерін мемлекеттен заңсыз субсидиялар ала отырып, әлеуметтік жұмыс орындарына ауыстырған деректерін анықтады.

Бірқатар қомпанияларда шетел азаматтарын жалған құжаттармен жұмысқа тарту, Қазақстан азаматтары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, оларды қайта даярлау мен оқытуға байланысты жұмыс берушілерге рұқсат беру шарттарының орындалмау деректері анықталған. Шетелдік кәсіпорындар, сондай-ақ, шетел жұмыс күшін тартушы компаниялар қазақстандық қызметкерлердің құқықтарын бұзып қана қоймай, оларға тікелей кемсітушілік жасау деректеріне де жол беру жағдайлары орын алған. Мы-салы, прокурорлар теңдей атқарылған жұмыс үшін шетелдік қызметкердің жалақысы қазақстандық қызметкердің жалақысынан асып түсу деректерін анықтаған. Кейбір кезде біздің отандастарымыз шетелдік әріптестеріне қарағанда, қолайлылығы кемдеу жағдайларда жұмыс атқарған. Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғалар мен теріс пиғылды жұмыс берушілер заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылды.

Жалпы, прокурорлар жүргізген тексерулер нәтижесінде әртүрлі мемлекеттік органдарға 171 прокурорлық ықпал ету актісі енгізілді, 52 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген 2900-ден астам рұқсат кері қайтарылды. Бұдан басқа, Бас прокуратура анықталған құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Үкіметке ішкі еңбек нарығын қорғауға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруда кейбір тәсілдерді қайта қарау туралы ұсыныс енгізді.

Андрей КРАВЧЕНКО,

Қазақстан Республикасы

Бас прокурорының орынбасары.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.