You are here

Еларалық қылмыстармен ерекше күрес

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Ағымдағы жылғы маңызды оқиғалардың бірі – Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шартқа қол қою болып табылады. Экономикалық одаққа қосылу арқылы мемлекеттер жаңа дәуірге қадам жасап отыр. Әрине, бұл бағыттағы интеграциялық жұмыстар уақыт талабы екені түсінікті және Одақ мүшелерінің барлық мүддесі мен талаптарына жауап беретіні де анық. Өйткені, Еуразиялық аймақтық интеграциялық үдерістердегі ЕАЭО стратегиялық рөлі қауымдастық елдердің географиялық орналасуымен әрі қор әлеуетінің жағдайымен де анықталады. Ал бұл орайда бізді көрші елмен тек географиялық жақындық қана емес, сонымен қатар тарихи дәстүрлер мен мәдениет, ұқсас түсінік және тығыз байланысқан инфрақұрылым біріктіре түседі.

Осылайша аталған Шартты жүзеге асыру біртұтас рынок құруға, адамдардың еркін қозғалысы мен капиталдың, тауарлар мен қызметтердің ортақ алаңына жол ашады. Дегенмен, бұл бағытта оның жақсы жақтарымен қатар, қылмыстық құрылымдардың, оның ішінде трансшекаралық заң бұзушылықтардың белсенділігі өрши түсетіні және белгілі. Өйткені, олар Одақ аясындағы кедергілердің жоқтығын пайдаланып қалуға тырысады. Демек, алдағы Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірлесе шешетін маңызды мәселелердің бой көтеретіні анық. Ал ондай мәселелерді қалай шешу қажет? Міне, кеше осы және басқа да көптеген сұрақтарға жауап ізделген, яғни Қазақстан мен Ресей Федерациясы шекаралас аймақтар прокуратуралары басшыларының екі күндік форумы жұмысын бастады.

Астанадағы аталған жиынға Қазақстан Бас прокуратурасының, көлік прокуратурасының жауапты қызметкерлері, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының прокурорлары, сондай-ақ Ресей Федерациясы Бас прокуратурасының өкілдері, Ресей Федерациясы Бас прокуратурасы Орал және Оңтүстік федералдық округтеріндегі басқармаларының басшылары, Алтай Республикасы, Қалмақ Республикасы, Астрахан, Волгоград, Қорған, Новосібір, Омбы, Орынбор, Самара, Саратов, Түмен және Челябі облыстары, Батыс-Сібір, Орал және Оңтүстік көлік прокуратураларының жетекшілері қатысуда.

Қазақстанның Бас прокуроры форумды ашып, биылғы жылдың мамыр айында тауарлардың, қызметтердің, капиталдың, жұмыс күшінің еркін айналымына және экономиканың негізгі салаларында келісілген саясатты жүзеге асыруға кепілдік беретін Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы қатысушы мемлекеттердің прокурорлары алдына жаңа міндеттер қоятынын атап көрсетті. А.Дауылбаев Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Бас прокуратураларының ынтымақтастығы көпжақты және екіжақты форматта жеткілікті түрде жемісті жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар, экономикалық одақтың құрылуы серіктес елдердің прокурорлық корпусын жаңа жағдайда заңдылықты қамтамасыз ету үшін неғұрлым тығыз жұмыс істеуге міндеттейді. Интеграциялық үдерістер аясындағы екі елдің құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігі прокурорлардың үйлестірушілік рөлін арттыру, бюрократиялық кедергілерді жою, заңнамалық жүйелерді бірегейлендіру жолымен айтарлықтай арттырылуы мүмкін. Қазақстанның Бас Прокуроры аталған кездесуді алда туындайтын мәселелерді біріге шешетін тиімді алаң және кең көлемді прокурорлық қадағалау жүргізуде ортақ келісімге келудің кезеңі деп атап өтті.

Бұл орайда қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету барысында көршілес елдердің аумақтық прокуратуралары арасындағы тікелей байланыс жасау қажеттілігіне форумға қатысушылардың назары ерекше аударылды. Құқықтық көмек көрсету туралы сұраныстарды шекаралас мемлекеттің өңірлік прокуратурасына тікелей жолдауға және оларды орындау мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда осындай тапсырмаларды орындау мерзімі бір айды емес, бірнеше айды құрайды. Сөйтіп, күрделі мемлекетаралық бюрократиялық рәсімдер қылмыскерлерге қылмыстық қудалаудан жасырынуға және қылмыстың айғақтары мен іздерін жоюға мүмкіндік береді.

Өйткені, жасыратыны жоқ, екі-жақты ынтымақтастықтың тиімділігіне әсер ететін мәселе қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек жөніндегі ұсыным орындауларының ұзақтығы болып отыр. Сондықтан шекаралық аймақтық прокурорлар арасында жеңілдетілген жүйе тәртібін орнату қажет. Бұл құқықтық көмек жөнінде тапсырысты тиісті мемлекеттің аймақтық прокуратурасына жіберуге жол ашар еді де, сөйтіп орындау уақытын әлдеқайда қысқарта түседі дейді сарапшылар. Ал қазіргі уақытта құжаттардың орындалу мерзімі үш айға немесе одан ұзақ уақытқа созылады екен. Мұның өзінде уақыттың көбін орындау ісі емес, пошта тасымалы алады. Мәселен, екі елдің шекаралас аймағындағы елдімекен полицейлері Ресей территориясында тергеу жұмыстарын жүргізу үшін он мыңдаған километрді айналып өтетін процедуралық құжаттарды күтумен отырады. Ал ол құжаттардың Астанада, Мәскеуде қаралып болғанынша 3-4 ай өтеді екен.

Міне, осындай екі жаққа да тиімді мәселелердің жолын шешуді қарастырған жиналыста, сонымен қатар, ЕАЭО аясындағы құқық қолдану тәжірибесін қамтамасыз етудің кең ауқымды проблемалары бойынша өзара іс-қимылдың басқа да өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, заңсыз көші-қонмен, есірткі қылмыстарымен, діни экстремизм және терроризммен, киберқылмыстармен, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырумен және табиғи ресурстарды қорғау саласындағы қылмыстармен күресте күш-жігерді шоғырландыру және бірлескен шешімдер іздеу мәселелерін талқылау жүзеге асуда. Соған орай форумның қорытындысы бойынша аймақаралық және мемлекетаралық сипаттағы қылмыстарды ескерту және тосқауыл қою, практикалық өзара іс-қимылды және ақпарат алмасуды жақсартуға бағытталған ұсыныстар қабылданбақ.

Александр ТАСБОЛАТОВ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.