You are here

«Ел заңдары үстемдік құрады, азаматтар құқығы бұзылмайды»

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі және жоғары мәдениет ахуалы қажет» деп барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттырудың маңыздылығын алға тартты. Осыған орай Атырау облысының прокуроры Ғалымжан ТОҒЫЗБАЕВ азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы, ел заңдарының сақталуы жөнінде әңгімелеп берді.

Г..Тогызбаев– Ғалымжан Исатайұлы, Елбасы биылғы Жолдауында айтылған заңның үстемдігі және жоғары мәдениет ахуалын қалыптастырудың қажеттігі алдымен прокуратура органдарының пәрменділігімен байланысты болары даусыз. Сіз не айтар едіңіз?

– Бүгінгі заманның талабына сай прокуратура органдарының қызметі негізінен азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік органдардың құқықтық актілерінің Конституцияға, заңдарға және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына сәйкестігі заңдылығының сақталуына, қоршаған ортаны қорғау туралы заңнамалардың қолданылуына, кәсіпкерлікті қорғау және қолдауға, мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғауға бағытталып отыр. Атап айтқанда, облыстық прокуратура органдарымен былтыр әлеуметтік-экономикалық салада 20 мыңнан астам заң бұзушылық анықталып, жойылған. Сондай-ақ, 1200-ден астам заңсыз құқықтық актілердің күші жойылды. 43 қылмыстық іс қозғалды. 37 мыңнан астам азаматтың құқықтары қалпына келтірілді. Олардың арасында 10 мың кәмелетке жасы толмағандар бар. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша барлығы 2300-ден астам құқық бұзушылар әртүрлі жауапкершілікке тартылды.

Мемлекеттің материалдық мүддесін қорғау мәселелері күнделікті бақылауымызда болды. Прокурорлық ықпал ету актілерімен 7 миллиардқа жуық теңге өндірілді. Прокурорлар қабылдаған шаралардың нәтижесінде 370 миллионнан астам теңге сомасындағы жалақы бойынша мерзімі өтіп кеткен қарыздар төленді. Осылайша, 4700 жұмысшының еңбек құқықтары қорғалды. Сондай-ақ, прокурорларымыз 400-ден астам кәсіпкердің құқықтарын олардың қызметіне мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан қорғады.

– Өңір жұртшылығын алаңдататын өзекті проблеманың бірі –қоршаған ортаны қорғау. Осы орайда қандай заңсыздықтар орын алып отыр?

– Аймақтағы ең өзекті мәселелердің бірі қоршаған ортаны қорғауда және оның ресурстарын ұтымды пайдалануда заңсыздықтардың жолын кесуді мақсат тұтып отырмыз. Прокуратурамен қадағалау қызметінде аумақтың ірі жер қойнауын пайдаланушылармен қоршаған ортаға нормативтен тыс шығарынды  бойынша міндетті салық төлемдері нің мемлекет пайдасына түспеу фактісі анықталды. Оның ішінде, бір ғана «ТШО» ЖШС-ден 3,9 млрд. теңге мемлекет пайдасына түспей қалған. Сондай-ақ, облыстағы жеке кәсіпорындармен шаруашылық қызмет рұқсат құжаттарынсыз жүзеге асырылғандығы да белгілі болды. Мысалы, қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттың жоқ болуына байланысты соттың шешімімен «ЕМЕ» ЖШС-нің қызметі тоқтатылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Браконьерлікке қарсы күрес қалай өрбіп отыр?

– Заңсыз балық айналымымен және балық ресурстарын заңсыз аулаумен байланысты 397 (2012 жылы – 284) қылмыс тіркелді. Атап айтқанда, прокуратура органдарымен аталған бағытта 19 қылмыстық іс қозғалды. Соның ішінде 1 іс ҚР ҚК 308-бабы, 4-тармағының «в» тармақшасымен қозғалды. Қабылданған шаралармен өткен жылы құқық қорғау және уәкілетті органдарымен барлығы 186 (2012 жылы – 105 т.) тоннадан астам балық, оның ішінде 3,7 (1,6) тонна бекіре тұқымдас балықтары, 25,6 (53) кило уылдырық алынған.

Құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізілген жоспарлы жұмыстың нәтижесінде облыс көлемінде лауазымды тұлғаның басшылық етуімен бекіре тұқымдас балық өнімдерін заңсыз аулау және сату кәсібімен айналысқан ұйымдасқан топ әшкереленді. Айыпталушылар қамауға алынып, қылмыстық іс тергелуде.

– Мемлекеттің басты байлығына баланған жер телімдері мақсатты игерілуде ме?

– Ел азаматтары жер телімдерін алғанмен, тиісті заңнама бойынша белгіленген мерзімде игеру қажеттігін ескере бермейді. Бәлкім бұл құқықтық сауаттың аздығынан болар. Осы орайда, тиісті заңнаманың сақталуына жүргізілген қадағалау бойынша 1500 игерілмеген жер учаскесі анықталып отыр. Мұның ішінде 1400 жер учаскесінің иелеріне бөлінген жерлерді мақсатты қолдану туралы хабарламалар берілді. Прокурорлық ықпал ету актілері негізінде кадастрлық сомасы 688 млн. теңге болатын, жалпы алаңы 8467 га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Соттарға игерілмеген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару туралы 90 талап арыз берілген болатын. Оның 61-і қанағаттандырылып, 29-ы қаралу үстінде.

– Елбасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға баса назар аударуды ұдайы айтып келеді. Осыған орай қандай жұмыстар атқарылды?

– Бізде кәсіпкерлер құқығын қорғау мақсатында мобильдік топтар жұмыс жасайды. Өткен жылы осы топқа 54 сигнал тіркелді («Бизнес тірегі» сайтынан 52). Оның 14-і расталды, ал 40-ы расталмай қалды. Жалпы, прокуратура органдарымен тексеру тағайындау туралы 46 актінің, әкімшілік жаза қолдану туралы 23 қаулының күші жойылды. Біздің орган «Заң және бизнес» акциясын тұрақты өткізіп келеді. Аталған шарада бақылау органдарының өкілдерін қатыстырумен аудандарға шығып, кіші және орта бизнес өкілдерімен кездесулер және семинарлар ұйымдастырылады.

Бұл бағытта жұмыстарды алға қарай жаңдандыру мақсатында жақында облыстық прокуратура және облыстық кәсіпкерлер палатасы арасындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл меморандумның мақсаты –Атырау облысында кәсіпкерлікті бұдан әрі дамыту және өркендету үшін конструктивтік, ашықтық және тиімділік қағидаларында институттық негіздерді қалыптастыру бойынша бірлескен және келісілген іс-қимылдарды жүзеге асыру. Осы тектес меморандум 2013 жылдың желтоқсан айында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың аумақтық филиалымен жасалды. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында прокурордың бөлмесі ашылып, онда аптасына бір рет кәсіпкерлерді қабылдау өткізіледі. Біздің тарапымыздан қабылданып жатқан іс-шаралар шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын.

– Экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимылдың тиімділігі, жалпы өңірдегі қылмыстық ахуал туралы не дейсіз?

– Облыстық құқық қорғау және арнайы органдарымен былтыр құқық қорғау қызметкерлеріне қарсы бірқатар террористік актілер жасауды жоспарлаған қылмыстық топ құрықталды. Статистикалық мәліметке сәйкес, өткен жылы бірлескен күшпен 20 қылмыс анықталған, оның ішінде 3-уі терроризмді қаржыландыру фактісі. Соттың үкімдерімен 36 адам сотталды.

Облыс көлеміндегі жалпы қылмыстық құқық бұзушылық саны республика деңгейіндегідей көбейіп отыр. Нақтылай айтқанда, қылмыстың көбею деңгейі –22,7 %. Қылмыс санының өсуі пайыздық мөлшермен саралағанда, былайша сипатталады: онша ауыр емес қылмыс – 55,7%, ауырлығы орташа қылмыс – 22,2%, ауыр қылмыс – 0,9% . Өз кезегінде, ерекше ауыр қылмыс түрі 45%-ға төмендеген.

– Прокуратура органдары қылмыспен келтірілген залалды, сонымен қатар, өзге де берешектерді өндіру барысындағы жұмысқа қандай үлес қосуда?

– Прокуратурамен жүргізілген тексерулермен қылмыстардан өндірілмеген залал көлемі анықталып, ықпал ету актілерімен мемлекет пайдасына 200 млн. теңге өндірілді. Прокуратура органдарының 10 талап арызы бойынша қылмыс жасаған тұлғалардан жапа шеккен жандарға медициналық көмек көрсету кезіндегі мемлекеттің жарты миллион теңге шамасында шығыны өндірілді. Сот орындаушылар қызметіне 130 тексеру жүргізіліп, прокурорлық ықпал ету актілерімен борышкерлерден барлығы 420 млн. теңге, соның ішінде мемлекет пайдасына 263 млн. теңге өндірілуіне атсалыстық.

Прокуратураның бастамасымен «Балалықтан айырма – алимент төле» және «Балаңды есіңе ал, алимент төле» атты акциялар өткізіліп, нәтижесінде 15 млн. теңге көлемінде берешектер өндірілді. 284 баланың құқықтары қорғалды. Сонымен қатар, алимент төлеуге мүмкіндіктері жоқ 1008 борышкердің ішінен 265 тұлға жұмыспен қамтылып, 2-уі кәсіби оқуға, 1-уі қайта даярлау курсына және 2-уі әлеуметтік жұмыс орнына жіберілді.

Мемлекет пайдасына берешектерді өндіру туралы атқару өндірістері бойынша 3 қылмыстық іс қозғалды. Борышкерлердің автокөліктерін ұстау, оларды сот орындаушыларға жеткізу және сауда-саттыққа шығару сапасын көтеру мақсатында құралған мобильдік тобы да жұмыс жасайды. Осы топтың атсалысуымен 27 автокөлік ұсталынып, оның 5-уі сауда-саттық арқылы сатылды. Осылайша, мемлекет пайдасына 1,5 млн. теңгеден астам сома өндіріліп, қалған автокөліктер бойынша сауда-саттықтар жүргізілуде. Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың Конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сол себептен, бұл бағыттағы прокурорлық ықпал ету жұмыстары жалғаса береді. Ең бастысы, ел заңдарының үстемдік құруын қамтамасыз етуді көздейміз.

Әңгімелескен Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.