You are here

ЭКОНОМИКАНЫҢ «КӨЛЕҢКЕ» ЖАҒЫ ДА ЖАРҚЫРАЙДЫ

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Көп жағдайда қадағаланбайтын, «көлеңкелі» экономика есірткі бизнесі, жезөкшелік, қару-жарақ саудасы, контрабанда және т.б. сияқты заңсыз экономикалық қызметпен теңестіріледі.

Сонымен қатар бұған парақорлық, ұрлық, алаяқтық, рэкет және өндірушілер қалыптастырып қойған табысты қайта бөлуге алып келетін өзге де заңға қарсы әрекеттер сияқты экономикалық емес қызмет түрлері жатады. Қазіргі уақытта терминдерді қолдануда және «көлеңкелі экономика» ұғымын айқындауда біркелкілік жоқ. Жалпы айтқанда, «көлеңкелі экономика» термині салық салынбайтын және жалпы ішкі өнімде ескерілмейтін заңсыз шаруашылық-экономикалық қызмет ретінде түсіндіріледі.

Еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін «көлеңкелі» экономикамен күреске барлық құқық қорғау органдары қызметінде басымдылық берілген. Қазіргі кезде бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасында «көлеңкелі» экономикаға қарсы әрекеттердің 2013 – 2015 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес жүргізілуде. «Көлеңкелі» экономикаға баға  беру,  мем­лекеттік қаржылар, сыртқы экономикалық қызметтер, заңдарды жетілдіру саласында еліміздегі бірден-бір заң қадағалаушы орган – Бас прокуратура бірқатар өзекті шараларға араласуға құ­зыр­лы. Бүгінгі күні Бас прокуратура ойын биз­несі, мемлекеттік сатып алу, электрондық сауда-саттық саласы бойынша күші бар заң актілеріне сараптама, талдау жасады. Алдағы уақытта прокуратураның ұсынысымен осы салаларға қатысты заңдарға көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі деп күтілуде.

Алдымен Бас прокуратураның электрондық сауда саласындағы сараптамасының нәтижесі туралы айтайық. Бұл мәселені барлық мүдделі мемлекеттік органдардың позициясымен кешенді шешу қажеттілігін назарға ала отырып, Бас прокуратура – Қазақстан Республикасында электрондық сатуды реттеу консепциясын, «Электрондық сату туралы» заң, киберқылмыстарды зерттеу бойынша мақсатты бағдарлама, сондай-ақ электрондық сауда саласындағы реттегішті анықтауды ұсынды. Осы ұсынысты қабылдаған Президент әкімшілігі Қаржы министрлігіне электрондық сауда регламентіне бағытталған құқықтық нормативтік актілер жасауды тапсырды.

Бас прокуратураның ойын бизнесі саласы бойынша да бірқатар тұжырымдар жасады. Бас прокуратура ойын бизнесі туралы заңның бұзылуы кезінде жауапқа тарту мәселесі бойынша әртүрлі оқылып, әртүрлі түсініктердің туындауын болдырмау мақсатында және іс жүзінде бірыңғай құқықтық қолдануларды қалыптастыру үшін Жоғарғы соттың тиісті нормативтік қаулысын жасауды ұсынып отыр. Қазіргі кезде Президент әкімшілігі Жоғарғы сотқа тиісті нормативтік қаулы қабылдау туралы Бас прокуратураның ұсынысын қарауға кеңес берді. Сонымен қатар Бас про­куратура мемлекеттік сатып алу саласындағы коррупциялық былықтардың алдын алуға байланысты мәселелерді зерттеп, мемлекеттік органдардың сатып алуларына заңдық сараптама жасады. Мемлекеттік сатып алу бүгінде коррупцияға бой алдырып, сыбайлас жемқорлықпен шырмалған сала болып отыр.

– Бұл салада, жоспарлаудан бастап міндеттемелерді орындау жөніндегі келісім жасауға дейінгі сатып алудың барлық кезеңдерінде заң талаптарының орын­далмайтыны анықталды, – дейді. Бас прокуратураның Қаржылық заңна­ма­лардың орындалуын қадағалау жөніндегі бөлімнің басшысы Артур Ластаев, – осыған байланысты, жұмыстар мен қызметтерді, тауарларды мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық факторларын жоюға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асыруды ұсындық.  Біріншіден, дербес мемлекеттік орган құру арқылы сатып алуларды орталықтандыру қажет. Оған тауар берушіні, жұмыс, қызмет көрсетушілерді таңдау, сондай-ақ тауар, жұмыс, қызмет көрсету бағаларына мониторинг жасау бойынша мемлекеттік сатып алу тәртібін ұйым­дастыру құзыреті беріледі. Екін­шіден, бюджеттік сұранымдарды, мемлекеттік сатып алу және бюджет қаржыларының бөліну мен пайдалануына қатысты басқа да әрекеттерді бекіту  тәртібін қатайта отырып, тауармен қамтамасыз ететіндерді таңдау рәсімі жеңілдетіледі. Үшіншіден, тапсырыс берушілер, ұйымдастырушылар және тапсырысты жеткізушілердің мемлекеттік сатып алудың бар­лық кезеңдерінде заң талаптарын орындамайтынын есепке алып, құзыреті бар және басқа да тұлғалардың жауапкершілігіне қосымша шаралар белгілеу қажет. Қызметінен төмендетілетін немесе жұмыстан шығып қалу қаупі болса, мұндай шаралар  лауазымды тұлғалардың жауапкершілік деңгейін арттыруға себеп болады.

Алайда барлығы заң бұзушылыққа ке­ліп тіреледі, оны қалай өзгерткенмен, жемқорлар қалай жымқырудың жолын табатын сияқты. Прокуратура органдары жүргізген тексерулердің нәтижелері бюджеттік қаражатты жұмсаудың тиімділігі мемлекеттік сатып алу кезінде заңның сақталуына тікелей байланысты екендігін дәлелдеп отыр. Мемлекеттік сатып алу тәртібін өзгерту арқылы жасалған шаралар, соның ішінде заң деңгейінде қосымша талаптар қойылғанның өзінде, ойдағыдай нәтиже берген жоқ, көп жағ­дайда кәсіпкерлерге қосымша тосқауылдар қойылады. Тіпті электрондық сатып алудың өзі сыбайлас жемқорлық элементтерінен арылтатынына мемлекеттік органдарға толықтай кепілдік бермейді.

–  Қазіргі күші бар тауар жеткізушілерді таңдау механизмі көптеген жағдайда тапсырыс берушімен ауызжаласпаған, адал тапсырыс жеткізушілерді тендерге жолатпау құралы болып табылады. Мемлекеттік сатып алудың барлық кезеңдерінде заң бұзылатындығын прокурорлық сараптама көрсетті. Үстіміздегі жылдың 9 айы ішінде прокуратура органдары осы саладағы 7,5 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады. Алайда тапсырыс жеткізушілердің көпшілігі жазадан құтылып кетеді. Өйткені шағым түсіруге берілген қысқа мерзім жауапсыз тапсырыс жеткізушілерді жазалау механизміне толық күшпен жұмыс істеуге мұрша бермейді, нәтижесінде тапсырыс жеткізушілер заң талаптарын орындамайды және осындай жауапсыз субъектілер мемлекеттік сатып алуға қайтадан қатысады. Сондықтан прокуратура өз ісіне жауапсыз қарайтын мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды қара тізіміге кіргізу үшін шағым түсіру мерзімін ұзарту туралы талап қойылды. Алдағы уақытта сотқа шағым түсіру мерзімі бұрынғыдай он күн емес, бір айға дейін ұзартылады деп күтілуде. Тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушылардың өздері заң талаптарын жиі бұзатындарын есепке ала отырып, біз лауазымды қызметкерлердің жауапкершілігі бойынша қосымша шараларды енгізуді ұсындық.  Мысалы, Қазақстан Республикасының «Коррупциямен күрес туралы» заңындағы 12-бабының 1-тармағына өзгеріс енгізуді ұсынып отырмыз. Онда сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасау, мемлекеттік сатып алу заңын бірнеше рет бұзуды жазаға тарту мәселесі қарастырылған. Сондай-ақ жасырын, астыртын түрде жасалатын мүдделі әрекеттерді және бағдарлама әкімшілігінің мемлекеттік сатып алуға қатысушылармен ауызжаласуларын дер кезінде анықтайтын ақпараттық-аналитикалық базаның әлеуетін дамыту қажет, – дейді Бас прокуратурадағы ұйымдастыру-сараптау бөлімінің бастығы Алмас Аманов.

Қазіргі кезде Бас прокуратура ұсынып отырған мәселелердің біразы Қаржы министрлігі жасаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобасында қарастырылған.

Бас прокуратура жүйелі түрде жұмыс істеп жатқан «көлеңкелі» экономиканың тағы бір үлкен «саласы» туралы айту керек шығар. Ол – жалған кәсіпкерлікпен күрес. Салық төлеуден бас тарту немесе жалтару үшін белгісіз тұлғалардың атынан ашылған кәсіпорындарды мемлекеттік тіркеуден алып тастау және осы мәселені шешу бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті соттарға түсірген прокуратуралық шағымдар бойынша жұмыстар ұйымдастырылуда. Үстіміздегі жылы прокурорлардың шағымдары бойынша белгісіз тұлғалардың атынан ашылған 92 жалған кәсіпорын мемлекеттік тіркеуден алыныпты.

Салық салынатын  контрагенттер объектілеріне түзетулер енгізу үшін Салық қызметі органдарына прокуратура-дан 11 ұсыныс жіберілген. Салық қызметі органдарына прокурорлық қозғау салудың нәтижесінде контрагенттерден 450 миллион теңгенің салығы өндіріліп алы­ныпты. Сонымен қатар контрагенттерді Қылмыстық кодекстің 192-1 бабымен қылмыстық жауапқа тарту туралы тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.  Прокуратура органдары тарапынан жасалып жатқан қылмыстық қудалау бағытындағы қатаң шаралардың нәтижесінде осы санаттағы 8 қылмыстық іс қозғалыпты. Қазіргі кезде жалған кәсіпкерлікті әшкерелеу бағыты бойынша прокуратураның аймақтардағы органдары ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Алдағы уақытта біздің ел экономикасының «көлеңке» жағы болмайды деп сендіреді заңның орындалуын қадағалаушы орган.

ТӨРЕЖАН Қайыржан 

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.