You are here

ЕКІ ЕЛДЕН ҚАТАР НАН ЖЕГЕН...

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстан Ресейге қос азаматтық алу фактілерін жою жөнінде ұсыныспен шықты.

Бұл ұсыныс кеше Астанада еліміздің Бас прокуроры Асхат Дауылбаев пен РФ Бас прокурорының орынбасары Юрий Пономаревтің қатысуымен өткен, Қазақстан-Ресей шекара маңы прокуратуралары басшыларының кездесуінде жария етілді. Бұл үшін екі мемлекеттің көші-қон органдарының мәліметтер базасын интеграциялау талап етілетін көрінеді.

Қазақстанда тұрғындарға біздің көгілдір төлқұжатымыздың сыртында, басқа елдің паспортын иеленуге тыйым салынған. Ресей де жақында, Қырымды қосып алғаннан кейін іле-шала «қос азаматтығы» барлар үшін үлкен айыппұл салатын, тіпті абақтыға қамайтын заң қабылдады. Бірақ соған қарамастан, әсіресе, қазақ жерінде ресейлік азаматтығы да бар адамдар қатары көбеймесе, азаяр емес. Қарапайым «отандастарымыз» бұл қадамға Ресей заңымен, ерте зейнеткерлікке шығу үшін барады, ал кейбір бай, беделді, билікті тұлғалар «қос азаматтықты» әлдебір жылыстау-маневрлерге мүмкіндік беретін кепілдік санайды.

– Бұрынғы тарихта біртұтас аумақ болуы, қазіргі кездегі ашық-либералды шекаралар осының шарттарын туғызды: әсіресе, шекаралас облыстардағы біздің кейбір азаматтар қос мемлекет аумағында кезек-кезек тұрып жатады. Біздің уәкілетті органдарымыз олардың қос азаматтық алуы фактілерін әшкерелеуде. Соның кесірінен, Қазақстанның бұрынғы азаматтары Қазақстаннан зейнетақы мен жәрдемақылар алуды, қазақстандық кәсіпорындарда жұмыс істеуді жалғастыруда, – деді Бас прокуратураның Бірінші департаменті бастығының орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіков.

Ең сорақысы сол, Бас прокуратураның мәліметінше, құқық қорғау органдары тіпті ондай адамдардың мемлекеттік қызмет атқарып жүру фактілерін де әшкерелеуде. Соның ішінде «жасырын» Ресей азаматтары біздің депутаттар арасында да бар екен! «Бұлар Қазақстан азаматтығынан бас тарту процедурасын айналып өтіп, Ресей азаматтығын алған,– деді Н.Сүйіндіков. – Бұл – біздің Конституцияға қайшы. Онда қос азаматтыққа тыйым салынған».

Осы орайда қазақстандық тарап ресейлік әріптестерінен «өзара ақпарат алмасуды жолға қоюды сұрайды. Тіпті «миграциялық органдардың мәліметтер базасын интеграциялауға» баруға да дайын.

– Егер біздің мәліметтер базасы біріксе, тиісінше, азаматтық алуға жүгіну кезінде ол адамның басқа ел азаматы екендігі бірден көрінеді, – дейді Бас прокуратура өкілі. Бүгінде жаңа заңдар бойынша РФ өз азаматтығын сұраған адамдардан басқа ел азаматтығынан шығуды қатаң талап етеді. Онсыз төлқұжат бермейді. Бірақ кейбіреулер осыны да айналып өтетін жол тапса керек.

«Бүгінде Ресейдің –  біздің мәліметтерді, біздің ресейлік мәліметтерді көре алмауымыздың кесірінен әлгіге жол берілуде» дейді Н.Сүйіндіков.

Қалай болғанда, бұған қол жеткізу үшін екі ел арасында тиісті мемлекетаралық келісім бекітілуі қажет. Оған қол қоюды «екі елдің дербес мәліметтерді қорғау туралы заңнамаларының талаптарындағы айырмашылық қиындатып отырған» көрінеді.

Ресей жағы бұл бастаманың бетін қайтармайтын сыңай танытты: «Мәселе бар және ол жеткілікті түрде салмақты, – деді журналистерге түсініктеме берген Ресей Бас прокурорының орынбасары Юрий Пономарев. – Бірақ сонымен бірге оларды шешу, жетілдіру жолдары да бар». Дегенмен ол осы мәселенің кезек күттірмес проблема еместігін меңзеді.

Бір қайран қалдырғаны, ресейлік прокурорлар «қазақстандық барымташыларға» шағымдана келіпті. «Ең бастысы, мал ұрлау мәселелерін талқылауымыз керек. Бұл ретте тергеу іс-қимылдарын жүргізуде анағұрлым жедел өзара әрекеттестік болуға тиіс. Ұрлықтың ізін суытпай ашуымыз, ал қылмыс жасағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы қажет. Осы орайдағы заңнамаларымызда бар кедергілер тезірек еңсерілгені жөн» деді Пономарев.

Осы жиында Бас прокурор Асхат Дауылбаев Қазақстан мен Ресей арасында ешкім сырттан «құлақ түре» алмайтын, қорғалған байланыс арнасын құруды ұсынды. Құпия құжаттарды электрондық поштамен жіберу қауіпті болып барады. «Қазіргі заманауи коммуникациялық технологиялар дамыған уақытта поштамен корреспонденция жолдауға екі ай жоғалту – біз үшін басы артық шығын,– деді ол ресейлік әріптестеріне қайырылып. –Сондықтан тапсырмаларды және атқару материалдарын бағыттау үшін қорғалған арнаны құру және пайдалану мәселесін бірлесіп қарауды ұсынамын!»

Мәселен, құқықтық көмек көрсету туралы сұрауға орташа есеппен үш ай кетеді екен. Осыған орай  А.Дауылбаев Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінің прокуратуралары арасында өзара әрекеттестіктің жеңілдетілген тәртібін енгізу идеясын ортаға тастады. «Бір мысал: шекаралас кенттен бес шақырым жерде, Ресей аумағында тергеу амалдарын жүргізу үшін екі ел полицейлері процедуралық құжаттарды күтеді, ал олар Астана мен Мәскеуде қаралуы үшін ондаған мың шақырым айналып жүреді. 3-4 ай өтеді» деп түйді Асхат Дауылбаев.

Айхан ШӘРІП

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.