You are here

ДЕПУТАТТАР ҚЫЛМЫС ҮСТIНДЕ ҰСТАЛСА...

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бүгінде жаңа «Қылмыстық іс жүргізу кодексінің» жобасы айналасында үлкен айтыс-тартыстар жүріп жатыр. Парламентте ең қызу пікірталастар әсіресе, депутаттарға қатысты баптар бойынша өрбуде.

Кеше Мәжілісте өткен арнайы жұмыс тобының отырысында бұл жөнінде Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне, Конституциялық кеңеске, Жоғарғы сотқа, тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитетіне өз ұстанымдарын білдіруге тура келді. Өйткені Қазақстанда Парламенттің әлдебір қылмысты болған депутатын, шетелге қашып, табанын жалтыратпай тұрғанда, жедел «құрықтау» үшін қажетті алғышарттар түзілгелі тұр.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жаңа редакциясында, кез келген депутатты, оның өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанша, «Парламенттің тиiстi палатасының келісімiнсіз» тұтқындауға, қамауға, құқық қорғау органының бөліміне алып келуге, қылмыстық жауапкершілікке тартуға тыйым салынады. Дегенмен егер депутат «қылмысы үстінде ұсталса», сондай-ақ «ауыр немесе айрықша ауыр қылмыс жасаса», оны еш келісімсіз кісендеуге ұлықсат етіліп отыр.  Осы орайда бірқатар депутаттар аталған баптың сөйлемдерінің өзі «бір-біріне кереғар келіп тұрғандығын» алға тартып, қарсылықтарын білдірді: олардың байламынша, парламентарийді, оның мандаты тоқтатылғанша, «ұстауға, қамауға болмайды» деп нақты жазылған, демек, «қылмысы үстінде ұсталса» да тұтқындауға жол бермеу керек. Бұл дәйектемені естіп, жиынға қатысқан барлық дерлік құқық қорғау органдарының өкілдері қарсы өре түрегелді. «Бұл сөйлемдер бір-біріне мүлдем қайшы емес! – деп қадап айтты Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель. – Егер тіпті дәл қылмысы үстінде қолға түсіп тұрған депутатты ұстауға палатаның келісімін сұрайтын болсақ, онда ешқандай мән қалмайды». Осы тұжырымға тоқтаған жұмыс тобы бапты өзгеріссіз құптады. Бірақ құқық қорғау құрылымдарын алаңдатып отырғаны басқа. Қолы арам, ниеті қарау қалаулының жемқорлық қылмыстары мысалға, кейін ашылып жатса, жедел қамауға алу қиын. Бұл ретте тәртіп пен құқық қызметкерлеріне ұзын да ұзақ бюрократиялық процедуралардан өтуге тура келеді. Атап айтқанда, «Парламент депутатын қылмыстық жауапқа тартуға, қамақта және үй қамағында ұстауға, алып келуге» келісім алу үшiн алдымен Бас прокурор тиісінше Сенатқа немесе Мәжіліске ұсыныс енгiзедi.

Егер Парламенттің тиiстi палатасы әлгі депутатты қылмыстық жауапқа тартуға, не полиция бөліміне алып келуге, тіпті қамап тастауға келісім берсе, сол қылмыстық iс бойынша ары қарай тергеу басталады, күдікті қамалады.

Бұл әрине, егер Сенат не Мәжіліс өз әріптесін жазалауға келісім берсе ғана. Егер келісім бермесе, «қылмыстық іс осы негiзбен қысқартылуға тиiс»!

Алайда тіпті палата келісім бергеннің өзінде, оны алуға көп уақыт кетеді де, қылмыскердің елден тайып тұруына мүмкіндік туады. Сондықтан жаңа Кодексте жедел ден қоюға жол ашатын тетік қарастырылған екен.

Жалпы, қылмыс туралы келіп түскен «дабылдарды» «Бірыңғай реестрде» тіркегеннен кейін, құқық қорғау органдары сол қалаулыға қатысты сотқа дейінгі тергеуді ары қарай тек «Бас прокурордың келісімімен ғана» жалғастыра алады. Бұл бұрыннан қалыптасқан тәжірибе көрінеді. Алайда енді «Парламент депутаты ауыр немесе айрықша ауыр қылмысты дайындауда немесе жасады деп ойлауға негіздер бар болса», онда сотқа дейінгі тергеуді Бас прокурордың келісімін алғанға дейін-ақ жалғастыра беруге рұқсат етілгелі отыр. Тиісті норма Кодекс жобасында қарастырылған.

Осы тұста «ойлауға негіздер бар болса» деген сөздер дау туғызды. «Кез келген ойлар мен тұспалдауларға сүйеніп, депутаттың жағасына жармасуға және қылмыстық жазаға тартуға болмайды!» десті жиналғандар. Сондықтан Конституциялық кеңес оны депутаттың ауыр немесе айрықша ауыр қылмысты дайындау немесе жасауының «анықталған дерегі бар болса» деп өзгертуді ұсынды.

Қалай болғанда да күдікті қалаулының жолын шұғыл кесу тетігі сақталатынға ұқсайды. Құзырлы құрылымдар өз ұстанымдарынан табандайтын түр танытты. «Шынында, ауыр немесе айрықша ауыр қылмысты дайындау немесе жасау туралы сөз болып отырғанда, алдын ала тергеу органдарының осы іске үн қатуға мүмкіндігі болуы қажет. Бұл – дұрыс!» деп нықтады Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель.

«Дайындалып жатқан қылмысқа қатысты тергеуді бастау мүмкіндігін толық жоюға жол берілмеуге тиіс! Бұл – еш дау тудырмауы керек. Мысалы, қандай да бір азамат иммунитеті бар тұлғаның одан пара талап етіп отырғанын айтып, құқық қорғау органына жүгінді делік. Оның үстіне ол адам параны сол тәулік ішінде әкеліп беруге міндетті. Осы мерзім ішінде Бас прокурордың келісімін алу объективті түрде мүмкін емес» деп шарт түйді жиынға қатысқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі. Ол бұл жерде иммунитетті пайдаланатын тұлғаларды ұстау туралы сөз болып отырмағанына назар аудартты: «Тек тергеуді бастау туралы әңгіме болуда. Яғни ақпарды процессуалдық жолмен тексеру мүмкіндігі беріледі».

Бір айта кетер жайт, жоғарғы заң шығарушы органның «қылмыс жасады» деген күдікке іліккен өкілін, яғни депутатты қамауға алуға немесе үй қамағына отырғызуға санкцияны Астана қаласының аудандық соты беретін болады.

– Көрші Ресейдің сот тәжірибесінде атақты «Басманный суд» деген бар, – деп еске салды депутат Қайырбек Сүлейменов. – Сол аудандық сот ГосДума депутаттарына қатысты санкция береді. Біз жаңа Кодексте келісім алуды прокуратурадан – Бас прокурор деңгейіне дейін көтердік. Ендеше, неге сот жүйесінде де Астана қаласының аудандық соты емес, қалалық сотына дейін көтермеске?

Сөйтсе, күдікті депутаттарға ары қарай жоғары инстанцияларға шағымдануға жол ашу үшін солай жасалыпты.

Жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жобасы талқылаудың соңғы сатысына шықты. Алда ол Мәжілістің жалпы отырысының мақұлдауына шығарылады.

Елдос СЕНБАЙ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.