You are here

Біздің басшылыққа алатынымыз – Конституция

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстандық құқықтық жүйенің шыңында елімізде ең жоғары заңдық күші бар, нормалары республикамыздың барлық аумағында тікелей қолданылатын Ата заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы.

 Осы Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында еліміздің Бас әскери прокуроры, әділет генерал-лейтенанты Ерғали Мерзадиновпен сұхбаттасқан едік.

– Ерғали Серікбайұлы, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына биыл 20 жыл болды. Бұл мерейтой бүкіл қазақстандықтардың мерекесі, дегенмен республикадағы бүкіл заңдардың бұлжытпай орындалуын қадағалайтын прокуратура органдары болғандықтан сіздердің де кәсіби мейрамдарыңыз. Қадағалаушы ведомстволардың бірін басқарып отырған білікті заңгер ретінде Ата заңымыз туралы түйген ойларыңызды айтсаңыз.

– Конституциядан ұлттық құқықтық жүйенің барша құрамдас бөліктері бастау алады: онда құқық субъектілері анықталып, сан алуан құқық салалары арасындағы қатынастарды заңдық тұрғыдан реттеудің негіздері бекітілген, құқық шығармашылығы мен құқық қолданудың жалпы қағидаттары белгіленіп, адам және азаматтардың заңды дұрыс ұғынуы мен құқықтық сана-сезімін, құқықтық мәдениетін тиісті қалыптастырудың іргетасын қалайтын қоғам және мемлекеттің құндылықтары, еліміздің келешекте қандай жолмен дамуының жалпы принциптері конституциялық деңгейде орнықтырылды. Мемлекет басшысы Елбасы Н.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол – отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік» деп айрықша атап өтті. Мұндай түбегейлі принциптердің биыл 20 жылдығын атап өткелі тұрған Конституциямызда көзделуінің кездейсоқ еместігін айтқан жөн.

– «Конституционализм доктринасы» деген ұғымға түсінік бере кетсеңіз.

– Конституция мен конституционализм доктринасы бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Ата заң мазмұны мен мән-мағынасын сипаттайтын конституционализмнің күретамыры, өз кезегінде, аталған доктрина Конституция туралы ілімді дәріптейтін болғандықтан қазақстандық заңгер ғалымдардың «осы идеологиямен әрі қалыптасқан және де қалыптасу үстіндегі құқықтық мемлекеттілік институттарының қызметі түгелдей қамтылуы тиіс» деген тұжырымдары қолдауға әбден лайық. Ұлттық келісім – ол конституциялық жүйенің өзегі, Конституция мен конституционализмнің мызғымас қазығы. Халықтың басым көпшілігі Конституцияда көзделген мемлекеттік құрылымның принциптеріне қолдау көрсетсе және соған сәйкес құқықтық жүйенің дамуына бағыштайтын құндылықтарды мойындағанда ғана конституционализм тіршілікке ере алады. Конституционализм доктринасы жалпы даму бағытының мәселелері бойынша жалпы халықтық консенсусты, яғни келісімді білдірсе керек. Мұндай ұлттық келісімге қол жеткізу – сол халықтың тек өзіне тән даму ерекшеліктерін шоғырландырған ұзақ мерзімді әлеуметтік эволюцияның нәтижесі деп бағалаған жөн.

– Бұрынғы қазақ хандығы тұсындағы «Жеті жарғыдан» басталатын заңдардан басқа кеңестік дәуірден бері қарай Қазақстан тарихында Конституция неше рет қабылданды?

– Өткен ғасырда Қазақстанда бес Конституция болды: Қазақ АССР-ның 1926 жылғы Конституциясы, Қазақ ССР-ның 1937 жылғы Конституциясы, Қазақ ССР-ның 1978 жылғы Конституциясы, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы және қазіргі қолданыстағы, 1995 жылы қабылданған Конституция. Қазақстанның конституциялық құрылысының бұрынғы табыстары мен жетістіктері, сонымен қатар олқылықтары мен сәтсіздіктері де бүгінгі таңда бірдей бағалы дүниелер.

Егеменді еліміздің 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Жоғары кеңесінің ІХ сессиясында қабылданған алғашқы Конституциясы мемлекет тәуелсіздігін бекітіп, оның негізіне парламенттік республиканың негізі қаланып, жартылай президенттік басқару нысанын орнықтырды. Бір қарағанда ол Конституция демократиялық мемлекет пен нарықтық экономиканы қалыптастыру үшін қажетті заңдық негіздерді құрды, бірақ екінші жағынан – заң шығарушы және атқарушы биліктердің өкілеттігі, жерге жекеменшік және азаматтық, мемлекеттік тіл және т.б. туралы мәселелер шешімін тиісті деңгейде таппаған болатын. Дегенмен де отандық конституциялық доктринаның қалыптасуына 1993 жылғы Конституцияның оң ықпал еткені даусыз, оның көптеген кемшілігi мен шикі тұстары сол мерзімдегі объективті себептердің салдары болды деп білеміз. Аталған мәселелер өз түйінін жаңа Конституциядан тапты.

1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы шын мәнісінде тәуелсіз, егеменді еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің терең іргетасын қалаған маңызы зор құжат болып табылады. Жаңа Конституцияның конституциялық-құқықтық доктринаны әлемдік өркениеттің озық жетістіктерімен нәрлендіруі сөзсіз табыс. 1995 жылы 6 қыркүйекте Алматыда еліміздің жаңа Конституциясының ресми тұсаукесер салтанатында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «Көптеген демократиялық мемлекеттердің конституциялары іспеттес біздің Конституциямыз да құр декларативті емес, керісінше, бүкіл құрылымымен және заңдық-техникалық негізімен, мемлекеттанушылық, саяси және құқықтық санаттардың қатаң жүйесімен заманауи мемлекет пен бүкіл халықтың игілігін көздейтін нарықтық экономика қалыптастыруға және оларды дамытуға сенімді алғышарттар құрайды» деп атап өтті.

– Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі қабылданған екінші Ата заңымыздың бұрынғыдан басты артықшылығы неде?

– Иә, бұл ретте, конституционализм жүйесін құрастырушы қағидаттардың ең маңыздысы заң билігі болса керек. Тек осы ұстанымның ауадай қажеттілігін ұғынған заң шығарушы құқық пен заңның үстемдігі идеясын Ата заңымыздың өзегінен өткізіп, мәңгілікке бойына сіңіру үлкен көрегендіктің айғағы. Сонымен, жаңа өмірге жаңаша аяқ басқан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет үшін оның ең қымбат қазынасы ретінде адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары танылды. Бұл дегеніміз, мемлекет үшін адамды және оның материалдық, рухани әл-ауқатын қамқорлыққа алудан және қамтамасыз етуден асқан маңызды міндет жоқ деген сөз. Мемлекет адамның қалыпты әлеуметтік-құқықтық жағдайда тіршілік етуіне мүмкіндік жасауға өзіне жауапты міндеттеме қабылдады. Мемлекет адам өмірін қол сұғушылықтардан қорғауға, сонымен қатар оның өзіне құқыққа қайшы әрекеттерден өзінің сақтануына мүмкіндік беруге міндеттенді. 1995 жылғы Конституция конституциялық құрылымның құқықтық негізін қалаумен бірге, республика қызметінің: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу сияқты түбегейлі принциптерін бекітті. Жаңа Ата заңымыз қоғамдық-саяси институттардың құқықтық негіздерін, адам және азаматтың конституциялық мәртебесін анықтады, экономикалық құрылымның негіздері айқындалып, мемлекеттік құқықтық жүйенің негізі қаланды.

– Конституцияға сай өмір сүру және оның талаптарын орындау мақсатында құқықтық жүйені дамытудағы маңызды рөлді атқару прокуратура органдарына жүктелген. Ата заңымыздың жиырма жылдығын қандай жетістіктермен қарсы алғалы отырсыздар?

– Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылу заңдылығына жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Бұл ережелер прокуратураның құқық қорғау органдары жүйесіндегі ерекше орнын, оның құқық қорғау сипатын айғақтайды. Республикамыздың Қарулы күштері, басқа әскерлері мен әскери құрылымдарында осы функцияларды әскери заң жүйесінде негізгі мемлекеттік орган болып табылатын әскери прокуратура органдары атқарады.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының әскери прокуратурасы нығайып келеді. Әскери прокурорлық кадрларды сапалы даярлауға, құқықтық тәртіпті нығайтуға барынша көңіл бөлінуде. Азаматтардың конституциялық құқығын, жеке өмірін, дербестігін сақтауда әскери прокуратура қызметкерлері аянбай қызмет ете береді. Конституцияның үстемділігін арттыру мақсатында, қысқа мерзім ішінде, заңнамалық бастамалықты қолдана отырып, әскери прокуратура органдары бірқатар ұсыныстар енгізді. Осының нәтижесі әскери-құқық қорғау жүйесінің реформасы, қылмыстық, қылмыстық-процесуалдық және жедел-іздестіру заңдылықтарының жетілдірілуі деп айтуға болады.

Конституцияда көзделген идеялар мен принциптер ұлттық құқықтық жүйенің, оның ішінде, конституциялық құқықтың ұзақ мерзімге дамуының негізгі бағыттары мен тетіктерін нақыштайды. Яғни негізгі заңның принциптері мен нормаларын, ең алдымен, мемлекеттік билік органдары және лауазымды адамдар қызметінде, бұл ретте Конституцияның тікелей қолданылуын және оның әлеуметтік-құқықтық мүмкіндіктерін қолданыстағы заңнама және құқық қолдану тәжірибесі арқылы толыққанды жүзеге асыруды қамтамасыз ету маңызды міндет болып табылады. Қорыта айтқанда, бәрі де Ата заңнан бастау алады. Біздің сүйенеріміз де, басшылыққа алатынымыз да – Қазақстан Конституциясы. Оны біздің алтын темірқазығымыз десе де болады. Ендеше, бағыт айқын, мақсат биік. Осы жолда елмен бірге болашаққа қадам басатынымыз анық.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАН

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.