You are here

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН НЕГЕ БЫЛЫҒЫП ЖАТЫР?

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының өткен жылғы жұмыс нәтижелеріне қарағанда, шеткі облыстың шенеуніктері шетінен қызметтік лауазымын жемқорлықпен айналысуға ғана пайдалана ма деген ой келеді.

Бюджеттің ақшасына қолдары еркін жететін мемлекеттік қызметкерлердің ел қазынасына білдіртпей келтірген шығынның жалпы көлемі қанша екенін кім білсін, ал прокуратура органдары анықтап, тікелей араласуымен мемлекет бюджетіне қайтарылған қаржы 3 млрд (!) теңгеден асады. Қадағалау актілері бойынша  жалпы сомасы 1,6 млрд теңгенің 19 мемлекеттік сатып алу қорытындысы  бұзылған, мемлекеттік органдардың 5 басшысы осындай заң бұзушылықтарға барғаны үшін атқарып жүрген лауазымдарымен қош айтысып, оңай құтылыпты.

Батыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында үлкен жұмыстар атқарылып жатқаны облыстық прокуратураның көрсеткіштерінен байқалып тұр. Өткен бір жылдың ішінде коррупциялық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 122 мемқызметкер тәртіптік  жазаға тартылыпты, соның ішіндегі 46-сы (37,7%) лауазымды тұлғалар. Қазынаға қол сұғып, 240 млн теңгені ұрлаған «Жайықжылу­қуат» АҚ Бас директоры Нұрышев сияқты 32 қызметкер атқарып отырған лауазымдарынан босатылған. Жылда сыбайлас жем­қорлыққа қатысты ұзын-ырғасы осындай мөлшерде мемлекеттік қызметкерлер жұмыстан қуылады, орнына басқа адамдар келеді, бірақ келесі жылы осы картина тағы қайталанады. Халық игілігіне жаратыңдар, деп бөлінген мемлекеттік бюджеттің миллиардтаған қаржысы осылайша шенеуніктердің қалтасына кетіп жатыр. Ал халықтың еті оған үйренген.

Батыс Қазақстан облысындағы көлік жүретін жолдардың 80 пайызы асфальтталмаған екен. Бөлінген ақшаны белгісіз бір сиқыршылар орта жолда жоқ қылып отырса, жол қайдан салынсын. Соның салдарынан қысқа қарай бұл өңірде жол-көлік оқиғалары күрт көбейеді. Жол салуға бөлінген ақшаны иемденіп, астарына жаңа «Джип» сатып мінгендер көліктерін осы жолдармен жүріп-ақ құртып жатыр. Мысалы, Оралдан Казталовкаға дейін 350 шақырым жалғыз жол бар, оның бір бөлігі республикалық жолға жатады. Бұдан 3 жыл бұрын жол жөндеу жұмыстары басталған екен, бүгінгі күнге дейін 60 шақырымы ғана жөнделген. Жол бойымен келе жатқан жүк көліктерінің өздері балшыққа тығылып, айдалада қалатындай жағдайлар бұл өңірде жиі болып тұрады.

Жолды жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейді емес, бөлінеді, бірақ бәрі далаға кетеді.Мәселен, былтыр көлік инфрақұрылымын дамытуға 2 млрд теңге бөлініпті, биыл облыстағылар Астанадан келуі тиіс 4,5 млрд теңгені тосып, алақандарын ысқылап отыр.

Сыбайлас жемқорлықпен прокуратура, қаржы полициясы, ішкі істер органдары, тіпті бүкіл халық болып күресіп жатса да тыйылатын түрі жоқ. Былтыр Орал өңірінде тек қана прокурорлық ықпал ету шаралары бойынша мемлекет бюджетінен шығатын 410 млн теңге шығынға жол берілмеді, сондай-ақ мемлекет пайдасына 9 млрд теңгеден астам сома өндіріліп алынған. Бұдан біраз бұрын Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыста индустриалық-инновациялық бағдарлама бойынша миллиардтаған теңгеге салынған 3–4 кәсіпорынның уақытша жұмыс істемей, тоқтап тұрғанын айтып еді. Уақытша жұмысын тоқтатқан сол кәсіпорындар әлі қаңтарылып тұр. Сірә, бөлінген қаржы талан-таражға салынып, қолды болып кеткен сияқты. Бәлкім, ішінара банкротқа ұшырағандары да болуы мүмкін. Жеген ақшаны қайтармай-ақ сүттен ақ, судан таза болып шығуы үшін тиісті меморгандармен жең ұшынан жалғасқан кәсіпорын басшылары неше түрлі қитұрқы әрекеттерге барады. Ең соңында оның зардабын жұмысшылар тартады.

Жемқорлық жайлаған жерде жұмыстың да берекесі кетеді. Жақында жергілікті БАҚ Батыс Қазақстан облысындағы тағы бір былықтың бетін ашты. Орал қаласындағы жергілікті биліктің қоғам қажеттілігіне қамқорлық ретінде салып бермекші болған теннис корты бюджет қаржысын қымқырудың кезекті объектісі болып шықты. Жергілікті «Уральская Неделя» басылымының хабарлауынша, бұл жолы коррупциялық шеңбердің ішіне тікелей тапсырыс беруші – Қарашығанақ кенішінің операторы КПО компаниясының өзі кіріп кетіпті.

Теннис корттары кешені құрылысын 2012 жылдың ақпанында бастаған. Спорт кешеніне көрермендерге арналған 300 орындық трибуналар, үш теннис корты бар ғимарат және ашық аспан астындағы төрт корт кіреді деп жоспарланған. Жоба графигі бойынша құрылыс өткен жылдың мамырында бітуі керек болатын. объектіні пайдалануға беру уақыты екі рет кейінге шегерілген. Қазір құрылыс алаңында ілініп тұрған баннерде объект 2014 жылдың қарашасында бітеді, деп жазылыпты. Кешен құрылысы мерзімін созудың ресми себептері – жобаның өзгертілуі, ал жоба осы уақыттың ішінде екінші рет өзгертілген. Жобаға өзгерту енгізілгеннен кейінгі объектінің құны 870 млн теңгеден 1,7 млрд теңгеге жетіпті. Алайда соңғы рет өзгертілген жобаның өзі халықаралық стандартқа сай келмейді екен. Стандарт бойынша корттың ені 18,3 метр болуы шарт, ал өзгертілген жобада 16 метр, осы себептен құрылыс қазір қаңтарылып тұр. Бұған кім кінәлі екенін тапқанша құрылысшылар миллиондаған теңгенің шығынына батуы мүмкін.

Батыс Қазақстан облысындағы кейбір кәсіпорындар басшыларының қарамағында істейтін жұмысшыларын ашық қанап, маңдай терімен, табандары тілініп тапқан заңды жалақыларын айлап бермей қою фактілерін прокуратура органдары жыл сайын тіркейді. Мұндай жағдайлар өткен жылы да болды, биыл да болады. Жазасы жеңіл болғандықтан қайталана береді де. Прокурорлық тексеру барысында, жақында республикада алғашқы рет, 33,5 млн теңге мөлшерінде 262 қызметкерге жалақыны бірнеше рет, бірнеше ай бойы кешіктіру фактісі анықталып, сот осы іс бойынша «Металлоизделия» БК» ЖШС директорына қатысты айыптау үкімін шығарды. Сондай-ақ желтоқсан айында прокурорлық тексеру материалдары негізінде ішкі істер органдары «Уральскдорстрой» АҚ қызметкерлеріне жалақыларын төлемеу фактісі бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғады. Тергеу жұмыстары әлі жалғасуда.

Бүгінде халыққа қызмет көрсетуі тиіс мемлекеттік қызметкерлер халықтың өзіне жауша тиіп, ашық тонауға көшкен. Заң қадағалау органдары бұған да араласып, бизнес субъектілеріне шенеуніктердің заңсыз араласуынан қорғайтын жаңа шараларды қарастыра бастады. Былтырғы жылы Батыс Қазақстан облысының прокуратура органдарына 58 кәсіпкер көмек сұрап жүгінді, олардың арыз-шағымдарын қарау нәтижесінде 2 703 шаруашылық субъектісінің заңды құқы қорғалыпты. Өткен жылғы прокурорлық тексерулердің нәтижелері бойынша бизнесті қорғау саласында 1200-ден астам бұзушылықтар анықталып, бизнес субъектілеріне негізсіз түрде жоспарсыз жүргізілген 40-тан астам тексерудің жолы кесілген, жалпы алғанда 2700 кәсіпкердің  құқықтары қорғалды. Олардың конституциялық құқықтарын аяққа таптап, жәбірлеуші негізінен, мемлекеттік органдардың қызметкерлері. Мысалы, қылмыстық қудалау органдары жазықсыз адамға іс қозғап жіберуі бізде оп-оңай. Облыстық прокуратура бір жылдың ішінде  қылмыстық ізге түсу органдарының 960-тан астам заңсыз қаулысын бұзыпты. Бірақ заңсыз қаулы шығарған бірде-бір тергеуші немесе құқық қорғау органының қызметкері жауапқа тартылмаған. Сонда бұл қалай болғаны, демек, келесі жылы мұндай жағдайлар тағы қайталанады деген сөз. Шенеуніктер кәсіпкерлерді тонауын қоймайтын болғандықтан облыстағы бизнес субъектілерінің проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі тұрақты жұмыс тобын құруға мәжбүр болып отыр. Барлық қала, аудан прокуратураларында кәсіпкерлер құқықтарының бұзылу фактілерін жедел анықтап, жолын кесуге бағытталған  жедел топтар  құрылды. Заң қадағалау органдарының осындай мәліметтеріне қарап отырып «облыста сыбайлас жемқорлық жайламаған сала қалмаған ба» деген сұрақ туындайды.

Қайыр ТӨТЕНШИН

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.