You are here

БАС ПРОКУРОР ПЕДОФИЛДЕРГЕ ЕШҚАНДАЙ РАҚЫМШЫЛЫҚ ЖАСАМАУДЫ ҰСЫНДЫ

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Кеше еліміздің Бас Прокуроры Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы болып өтті. Онда жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарды тергеу, ашу, жаза тағайындау мен өтеу заңдылығының мәселелері, сондай-ақ олардың профилактикасы мен сақтандыру ісі бойынша уәкілетті органдар қабылдап отырған шаралар кеңінен талқыланды.

Соңғы бес жылдың ішінде осы саладағы тіркелген құқық бұзушылықтардың саны екі есеге өскен. Мысалы, үстіміздегі айдың басынан бері кәмелетке толмағандарға жыныстық қысым көрсетудің 16 фактісі тіркеліп үлгерген. Әсіресе, сәбилерге жасалып жатқан ауыр қиянаттың артуы айрықша алаңдаушылық тудыруда. 2010 жылы 491 сәби, ал 2014 жылы 943 сәби осындай қаныпезерлердің құрбанына айналған.

Бас прокурор А.Дауылбаев: «Жыныстық қылмыстардың өршуіне бірқатар жағымсыз факторлар, оның ішінде бірінші кезекте адамгершіліктің жаппай құлдырауы кері әсерін тигізіп отыр. Бұдан бөлек, мұндай қылмыстардың басым бөлігі алкогольдік ішімдік ішу салдарынын жасалып жатады. Жәбір көрген сәбилер тәрбиеленіп отырған отбасылардың төмен әлеуметтік жағдайлары да жағымсыз ахуалдың белең алуына жол ашатын факторлардың бірі болып табылады. Осы жағдайдың барлығын ғаламтор жүйесіндегі зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен порнографияны насихаттайтын құқыққа қайшы ақпараттың қолжетімділігі де барынша асқындырып барады» деп жантүршігерлік қылмыстың орын алу себептерін атап өтті.

Солай бола тұра, жыныстық қылмыстардың тергелуі мен ашылуының сапасына қатысты олқылықтар аз емес, істі созбалаңға салу, қылмысты жасыру фактілері көптеп кездеседі. Соңғы бес жыл ішінде жыныстық тиіспеушілікке қатысты үш мыңға жуық (2 988) қылмыстық құқық бұзушылық ашылмай қалған, оның ішінде 605 қылмыс кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған.

Кеңес барысында балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасауға қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі заңдық базаны жетілдіруге айрықша назар аударылды. Бұл қылмысқа жауапкершілікті қатаңдату, балаларға зорлық көрсетіп сотталып шыққан адамдарға әкімшілік қадағалауды күшейтуді қамтамасыз ету мәселелерін де қамтиды.

Бас Прокурор А.Дауылбаев мұндай қылмыскерлерге кесілген жазаны жеңілдетудің шартты түрде мерзімінен бұрын босату, шартты түрде соттау, рақымшылық жасау, жеңіл жазаға ауыстыру, т.б. сияқты қандай да бір шараларын енгізуге тыйым салуды ұсынды. Бұл санаттағы қылмыстарды тергеудің тиімділігін арттыру мақсатында күдіктіден жауап алған кезде полиграфологиялық зерттеуді пайдалануды заңмен бекіту қажеттілігіне де тоқталды.

К.ЫСҚАҚОВА

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.