You are here

Бас прокуратурада жер теліміне қатысты мәселе қаралды

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бүгін, 28 наурыз күні Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен алқа отырысы болып өтті. Онда 2012-2013 жылдары жер телімдері мемлекеттік қажеттіктер үшін алынған кездегі заңдылық пен сот-прокурорлық тәжірибенің жай-күйі туралы мәселе қаралды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Алқаның жұмысына Президент Әкімшілігінің, Жоғарғы Соттың өкілдері, Парламент депутаттары, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің, Өңірлік даму,  Әділет, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Көлік және коммуникация министрліктерінің, жер ресурстарын басқару және қаржылық бақылау комитеттерінің, бағалаушылар республикалық палатасының басшылары, Бас прокуратура жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Бейнебайланыс арқылы облыстардың прокурорлары, облыстық соттардың басшылары, облыс әкімі орынбасарлары мен қаржы полициясы облыстық департаменттерінің, аумақтық жер инспекциясы басшылары қатысты.

Жиында Бас прокурор республикамызда соңғы жылдары жер телімдерінің жосықсыз жер иелері мен шенеуніктер үшін алып-сату объектісіне айналғанын атап өтті. Бас прокуратура жүргізген тексерулер мемлекеттің экономикалық мүдделерін елеулі түрде бұзуға әкеп соққан бірқатар жүйелі проблемаларды анықтады. Соңғы үш жылдың ішінде ғана елімізде меншік иелеріне 12, 6 гектар жер және жылжымайтын мүлік үшін 47 млрд. теңге төленген. Бастапқыда осы қаражатқа 4,4 мың гектарға артық жер телімін сатып алу жоспарланған болатын. Бұл ретте, прокурорлар жергілікті атқарушы органдардың сатып алу бағасын дұрыс айқындамағандығын және оның салдары 1 млрд. 300 млн. теңгенің негізсіз төленіп кетуіне әкеп соққандығын анықтады.

Осыған дейін жеке меншікке заңсыз берілген жер телімдерін сатып алудың нәтижесінде мемлекетке 350 млн. теңгеден аса зиян келтірілген.

Прокурорлық ықпал ету шараларының арқасында жалпы сомасы 5 млрд. 368 млн. теңгені құрайтын бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді. Республикамыздың соттарында 1 млрд. 800 мың теңгенің мәселесін көтерген 84 талап-арыз қаралу үстінде. Қылмыстық қудалау органдарына тапсырылған фактілер бойынша 22 қылмыстық іс қозғалды, 95 материалға іс жүргізу шешімдері қабылдану үстінде.

Бас Прокурор әкімдіктерден бастап, сараптамалық-бағалау мекемелеріне дейінгі барлық деңгейлерде белең алған жер телімдерінің алыну рәсімдерінің барлық сатыларындағы заң бұзушылықтардың жүйелі сипат алып кеткендігін атап өтті. Бұл орайда, өтемақы мөлшерін арттыру үшін пайдаланылатын қылмыстық әрекеттердің әрқилылығы мемлекеттің миллиардтаған қаржысын шығын болуына әкеп соғатыны жасырын емес. Мұндай заң бұзушылықтарға мемлекеттік бағдарламалар және бас жоспарлар бойынша құрылыс салуға арналған жер телімдерін беру, әкімдіктердің жер телімдерін бөлу туралы қаулыларын, комиссиялардың заңдастыру туралы шешімдерін, бағалау туралы есептерді бұрмалау, жер телімдерін сегменттеу және қайта сату сияқты фактілерді жатқызуға болады. Осыған байланысты уәкілетті органдарға жер телімдерін мемлекет қажеттіліктері үшін алу мәселелерін ғана емес, тұтастай алғанда жер телімдері мен жылжымайтын мүліктер нарығында нақты баға көрсеткіштерін тәртіпке келтіруге мүмкіндік беретін бірқатар шаралар ұсынылды. Бірінші кезектегі шаралар ретінде жеке меншік иелігіндегі жерді алмай, мемлекет қажеттілігін мемлекет иелігіндегі жер телімі есебінен қанағаттандыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Алып-сатарлықты болдырмау мақсатында мүліктің мемлекет қажетіне алынатындығы туралы шешім шыға салысымен ол туралы мәміле жасауға тыйым салу қажеттігі ұсынылды. Мемлекет меншігіне алынған мүліктің орнына соған тең дәрежедегі мүлік беруді талап ететін заң талаптарын орындау мақсатында алынған мүліктің  баламасын беру тетігін қарастыруды да ескеру қажет. Жерді мемлекет қажетіне алатын кезде оның индексациясын алып-сатарлықты болдырмайтын фактор ретінде ескере отырып, жерді тек құқығы белгіленген сәттегі кадастрлық құнымен алу қажеттігі негізгі ұсыныс ретінде ұсынылды. Түптеп келгенде, бұл екінші сатылымдағы жер телімдерінің бағасын тұрақтандырып, алып-сатарлардың қитұрқы әрекеттеріне жол бермейді. Бұл сонымен қатар жер телімдерін қайта сату үшін емес, тікелей мақсатта пайдалану үшін сатып алуға ықпал ететін болады.Сонымен бірге, мемлекет қажеттілігі үшін жер телімдерін алу саласындағы барлық лауазымды тұлғалардың жұмыстарын бақылауды қаталдату, сондай-ақ жерді алудың оңтайлы бағасын анықтау мәселесіне бірыңғай ұстаным қалыптастыру шараларын қабылдау ұсынылды.

Талқылаудың қорытындылары бойынша Өңірлік даму министрлігіне жергілікті атқарушы органдардың жұмыстарын үйлестіруді жүзеге асырған кезде, сондай-ақ жер заңнамаларына өзгерістер енгізу туралы заң жобасын әзірлеу барысында осы ұсыныстарды ескеру тапсырылды.

Қаржы полициясы агенттігіне мемлекет қажеттігіне жер телімдерін алу кезінде бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемаларын анықтау жөніндегі жедел жұмыстарды күшейту ұсынылды.

Прокурорлар жер телімдерінің заңсыздығына қатысты кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарта отырып, заңсыз төлем төлеудің барлық анықталған фактілері бойынша мемлекет мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған түбегейлі шаралар қабылдауды қамтамасыз етуі тиіс.

Дереккөз: Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.