Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Жақып АСАНОВ, Бас прокурордың орынбасары:

Қазақстан Республикасының 2010–2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында сот төрелігін қамтамасыз ету, азаматтық сот ісіне қатысушылардың құқықтарын қорғау, азаматтардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын дер кезінде қорғау, қоғам мен мемлекет мүддесі мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. 2013 жылғы қарашада өткен Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде Мемлекет басшысы сот жүйесін одан әрі дамыту мен азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіруді тапсырды. Осыған орай, өткен жазда Қазақстан Жоғарғы соты Азаматтық іс жүргізу кодексінің (АІЖК) жаңа жобасын әзірлеп, жұртшылықтың талқылауына ұсынған болатын. Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасы соттардың азаматтық істерді қарау кезіндегі тиімділігін, шапшаңдығы мен мінсіздігін арттыруға бағытталған және сот төрелігін жүзеге асыру сапасына, сот билігінің түбегейлі тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға септігін тигізіп, Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруіне ықпал ететін болады. Өткен аптада Парламент депутаттары осы заң жобасы бойынша Жоғарғы соттың және Бас прокуратураның өкілдерін тыңдады. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Жақып Асановпен хабарласып, жаңадан қабылданғалы жатқан Азаматтық іс жүргізу кодексіндегі өзгерістер жайында сұраған едік.

– Жақып Қажыманұлы, қазіргі кезде Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасы Парламентте қаралып жатыр. Жаңа заңға ел ішінде жиі болатын дау-дамайларға қатысты қандай өзгерістер енгізілді?

– Біріншіден, даулар кез келген қоғамда бар. Бірақ олардың барлығын сот арқылы шешу мүмкін емес. Дамыған елдердің соттары бар күшін салып, екі жақты келістіруге тырысады. Әрине, тараптар өз еркімен келісіп, ымыраға келіп жатса, онда дау сол жерде бітіп, жоғары сатыларға кетпес еді. Кейбір адамдар алғашқыда ашуға беріліп, сотқа жүгінеді, кейіннен басылып, «Мен осы қатты кеткен жоқпын ба? Алдыма келсе, шешу жолын іздер едік қой» деп айтып жатады. Ал қазіргі қолданыстағы АІЖК бойынша процеске дейін екі жақты жүздестіруге, оларды бітімге шақыруға, келісімнің артықшылықтарын түсіндіруге сот міндетті емес. Соттың мақсаты – қалай да істі тез қарап, тез шешім шығару. Тікелей айтсақ, дауларды ушықтырып жүрген қазіргі АІЖК-нің өзі. Дауласушыларды келісімге шақырмай, оларға сот процесінің немен аяқталатынын айтпай, екі тарапты ортақ әңгімеге тартпай, боксшылар сияқты дереу рингке шығарып жібереді. Ел ішіндегі дауласып жүргендердің көп болуы сондықтан болар. Дамыған мемлекеттерде осындай тартыстарды шешетін балама институттар көп. Мысалы, АҚШ-та дау-тартыстардың 97 пайызы соттан тыс жерлерде шешіледі. Яғни сотқа 3-ақ пайыз жетеді. Қытайда – сотта даулардың 30 пайызы, Словенияда – 40, Батыс Европада тіпті 90 пайызы бітімгершілікпен аяқталады екен.

Жаңа жоба осы проблеманы шешеді деген сенім бар. Заң қабылданса, тараптардың бітімге келуіне жәрдемдесу сот үшін басты міндет болмақ. Ол үшін медиациядан бөлек, бірнеше жаңа мүмкіндіктер пайда болады: адвокат көмегімен, тараптарды бітімге келтіру үшін арнайы судья бөлінеді немесе тараптар қаласа, онда істі қарайтын судья медиаторға айналады. «Тараптарды бітімге келтірген сот – ең мықты адам» деген бір классиктің сөзі бар. Бітімгершілік қазақ халқына да жат емес. Билер сотының түпкі мақсаты – дауласушы жақтарды бітістіру, татуластыру, табыстыру болған. «Дау мұраты – біту» деген нақыл сөз содан қалған. Қазақ әдет-ғұрпын зерттеген Левшин, Баллюзек, Козлов «қазақ билер соты – бітім мен келісім соты» деп таңғалып  жазған. Ғалым Күлтелеев «Уголовное обычное право казахов» деген кітабында 120 мың ресей шаруасы өзара дауларын шешу үшін қазақ билеріне жүгінгенін айтады. Олар сот бюрократиясынан қашқандарын атап көрсеткен. Демек, жаңа кодекстің ең басты жетістігі – дауласып жүрген тараптардың бітімге келуіне барлық жағдайдың жасалуы. Екі жақтың өз еріктерімен, ұрыс-керіссіз, бір-бірін тыңдап, дау-дамайды таразылап, бір мәмілеге келулеріне ықпал етуі. Басқаша айтқанда, халқымыздан қалған бай тәжірибені, жүздеген жылдар бойы дұрыстығын дәлелдеген идеяларды заңымызға енгізуді жөн көріп отырмыз.

– Демек, сот процесінде бюрократия болмайды ғой?

– Иә, жаңа жобаның тағы бір жетістігі – қажетсіз құжаттарды, артық бюрократияны азайтады. Мысалы, кейбір істер бойынша сот отырысын өткізу қажет емес. Өйткені барлығы құжаттармен дәлелденіп тұр. Бірақ қолданыстағы АІЖК көп жағдайда сот отырысын талап етеді. Бүгінгі күні кез келген дау бойынша сотқа жүгінсең, оны ол қарауға міндетті. Ал жаңа жобада кейбір даулар ең алдымен соттан тыс жерлерде қаралуы тиіс. Ондай қадам жасалмаса, тараптардың арызын сот қабылдамайды. Төртіншіден, тараптар барлық дәлелдерін сот процесіне дейін ұсынып, көрсетуі қажет. Егер ұсынбаса, оны дәлел ретінде кейін сот қабылдамауы мүмкін. Бұл да маңызды норма. Көп жағдайда тараптар дәлелдерін басында көрсетпей, жоғарғы сатыларда қоныштан суырып жатады. Көптеген төменгі соттардың шешімдерінің бұзылуы содан. Мұндай норма болса, екі жақ сот алдына дейін өз перспективаларын бағалап, одан әрі соттасудан бас тартуы да мүмкін. Екі жақ бітімге келіп жатса, онда адвокат жалдауға, экспертиза жүргізуге, жол шығындарына шашылмай, қаржысын қарызды жабуға жұмсайды. Оның үстіне татуласқан жағдайда мемлекеттік салық кері қайтарылады.

– Азаматтық істер бойынша прокурордың рөлі қандай болмақ?

– Мұндай процесте екі жақ та тең тұрады. Әр тарап өз мүддесін өзі қорғауы тиіс. Егер тараптар жеке мүдделерін қорғап жатса, ондай процеске прокурордың ешқандай қажеттілігі жоқ. Былтырғы статистикаға қарасақ, істердің 70 пайызы прокурорлардың қатысуын талап етпеген. Ал қандай жағдайда біз сот процесіне баруға міндеттіміз? Ең алдымен, дауда мемлекеттің мүддесі қозғалып жатса. Жеке компаниялар мемлекет қарыз деп, бюджеттен қыруар қаржыны талап етіп жатқан істер аз емес. Көбінесе олар мемлекеттік сатып алу, салық, кеден даулары. Мұндай істерге қатысу – біздің конституциялық міндетіміз. Сот тек төрелік жасап, қай жақтың дәлелдері басым, соның пайдасына шешіп отырады. Егер прокурор процесте мемлекеттің мүддесін сауатты және белсенді қорғай білсе, онда бюджетке заңсыз қол сұғушылар азаяды. Тек 2014 жылы прокурорлар наразылық келтіру арқылы 42 млрд теңге мемлекет қаржысын сақтап қалды. Екінші жағдай – өздерінің құқығын өз бетінше қорғауға қабілеті жоқ азаматтар мүддесін қорғау үшін. Үшінші жағдай – прокурордың қатысуы заңда тікелей қаралса немесе сот солай деп шешсе.

– Жақып Қажыманұлы, қалай ойлайсыз, жаңа заң күшіне енгеннен кейін, сотта қаралатын дау-дамайлар азая ма?

– Өткен жылы соттарға 750 мың талап-арыз түскен екен. Әр іс бойынша кемінде 2 тарап болса, сот әуресіне шамамен 1,5 млн адам салынып жүр. Сонда қалай, табиғатынан сабырлы, жуас мінезді, жанжалды жақтырмайтын халқымыз дауға құмар болып бара жатқаны ма? Олар әрине, бала-шаға, қалтыраған қарт емес, көбісі бизнес жасап, жұмыс орындарын ашып, қоғамға пайда келтіріп жүрген атқамінер азаматтар. Кәсібін ысырып қойып, алтын уақыттарын соттасуға жұмсауда. Соттасып жатқандардың қатарына судьяларды, сот қызметкерлерін, прокурорларды, адвокаттарды, заңгерлерді, эксперттерді, сот орындаушыларды, «жанкүйерлерді» қосыңыз. Екі даугердің келіспеуінен қаншама адам сабылып жүреді? Оның үстіне, істер әртүрлі сатыларда бірнеше реттен қаралады. Мысалы, Астана қаласында бір судья күніне он шақты азаматтық іс қарайды. Соттарды «адам тағдырының конвейеріне» айналдырсақ, олардан қандай сапалы шешімдерді күтуге болады? Ал сот екі жақты бірдей қанағаттандыра алмайды. Алғашқыда бір жағы риза болса, екінші жағы өкпелі. Кейін соттың шешімі орындалмаса, дауда жеңгендер де ренжіп жатады.

– Соттан кейін даудың арты шиеленісіп кететін жағдайлар да жиі болып жатады...

– Иә, ондай да жиі болады. Біреу меншігін даулайды, екіншісі қарызын талап етеді, үшіншісі еңбекақысын өндіргісі келеді. Отбасындағы проблемаларын сотта шешемін деушілер де көп – ағасы інісімен, әкесі баласымен соттасып жатқан жағдайлар өкінішке қарай аз емес. Бір-екі мысал келтірейін. Былтыр Қарағандыда екі көлік соғысып, иелері соттасады. Сот процесінде талапкер ашуға басып, шыбын өлтіретін «мухобойкамен» судьяны сабаған. Содан төбелес басталып, сот залы шайқас алаңына айналып кеткен. Нәтижесінде, бұзақы 3 жылға сотталды. Ал Алматыда бір адам әкімдіктің ғимаратын жарамын деп, бүкіл қаланы шулатты. Кейін берген түсінігінде ол бір дау бойынша соттың шешіміне наразы болып, осындай қадамға баруға мәжбүр болғанын айтты. Теміртауда Зорин деген кісі «ерлі-зайыпты Морозовтар 2 млн қарыз» деп сотқа жүгінеді. Ал Морозовтар «дәлелің жалған» деп қарызды мойындамайды. Бұл тартыс аудандық соттан Жоғарғы сотқа дейін жетіп, үш жылға созылады. Сот болған сайын дау ушыға түседі. Бұрын туысқандай болып жүрген адамдар қас жауға айналып, сот залында бет тырнасып, жаға жыртысады. Даудың арты шиеленісіп, Морозовтың зайыбы Зориннің бетіне қышқыл су шашып жіберген. Аяғында дау Зориннің пайдасына шешілген. Морозовтардың негізгі табыс көзі – туристік автобусын сот орындаушысы қарызды өтеу үшін алып қояды. Бұл олардың ызасын қоздыра түседі. Түбінде не болды? Морозов мылтық сатып алып, көшеде Зоринді атып тастайды. Оғы жеткенде, мүмкін оның  әйелін де өлтіруге барар еді. Қазіргі кәсіпкерлерден «жағдайың қалай?» деп сұрай қалсаң, «біреумен соттасып жатырмын» деген жауапты жиі естисің.

– Осының барлығы бұрынғы кодекстің кемшіліктері болар?

– Қазақтың ғұлама ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің атақты еңбегі «Сот реформасы туралы жазбаларында» билер сотының басты міндеті – «жеңу не болмаса жеңілу емес – жеңілдету» деген екен. Жалпы, дауды шешу жүйесі мемлекет үшін үлкен салмақ болып отыр. Мұндай жағдайдың негізгі себебі – қолданыстағы АІЖК-нің кемшілігі. Ол 1999 жылы қабылданған. Негізінен, кеңестік кодекстің көшірмесі деуге болады. Ол кезде заман мүлдем басқа. Нарықтық экономика енді ғана бас көтерген кез. 15 жылда АІЖК-ге 50 рет түзетулер енгізілген екен. Бірақ бұл өзгертулер жыртыққа жамау болып, кодекстің концепциясын заман талабына сай келтіре алмай отыр. 2013 жылдан бастап біз Жоғарғы сотпен бірігіп, «Азаматтық және қылмыстық процестегі бітімгершілік» деген бастаманы іске асырудамыз. Оның негізгі идеялары ұсынылып отырған жобада көрініс тапты. Жобада көзделген мақсаттарға жетсек, онда қоғамымызда даулар біршама азайып, Елбасымыздың ұстанымындағы толеранттық, төзімділік идеясы жүзеге асады деген сенім бар. Парламент қабырғасында бұл жоба одан сайын пысықталып, жақсара түсетіні сөзсіз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАН

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.