You are here

БАЛАНЫ САТУ ЖЕТІМДІ ЖЫЛАТПАУДЫҢ ЖОЛЫ ЕМЕС

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

«Ақшаң болса бәрін сатып алуға болады». Бұл – бүгінгі елдің санасына әбден дендеп сіңіп алған ұғым. Бар дүниенің құнын «сиқырлы қағазбен» өлшейтін қазіргі нарық заманында, белгілі бір деңгейде ол шындық екенін жоққа шығара алмаймыз. Үй немесе жер дейсіз бе, көлік әлде төрт түлік дейсіз бе – бәрі-бәрін саудасын келістірсең, сатып аласың не сатасың. Ол үшін ешкімге ешкім шектеу қоймайды, қоя алмайды да.

Алайда, сол шектеуді керек ететін де сауда түрлері бар. Солардың арасындағы ең сорақысы, сірә, адам, оның ішінде бала саудасы шығар. Мұны қылмыстың қай түріне, санатына жатқызатынын әркім өзі шешер. Тек бала саудасы бүгінгі күннің ащы шындығы екенін мойындауымызға тура келеді. Иә, оны мемлекеттің заңы кешірмейді, оған барғандарды жазалайды. Өкініштісі, содан аяқ тартып жатқан ешкім байқалмайды. Аяқ тартса, бала саудалаушылардың қарасы азаяр еді ғой. Керісінше, Қазақстанда сәби саудалаушылар жылдан-жылға көбейіп барады. Қадағалаушы органның өзі солай деп отыр.

«2013-2014 жылдары бала саудасына байланысты қылмыстың өсуі байқалады. 2012 жылы екеу болса, 2013 жылы 25-ке, ал, 2014 жылы 15-ке артқан. 2012 жылы аталмыш қылмысқа қатысты 7 тұлға, 2013-2014 жылдары 34 тұлға сотталған. Оған қоса, тіркелген 15 фактінің төртеуі балаларды әлеуетті асырап алушылардың сатып алуымен  байланысты болған», – дейді Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко. Қадағалаушы орган өкілі мұны «Нұр Отан» партиясы фракциясының әлеуметтік кеңесі мен Парламент Мәжілісі жанындағы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жетім балаларды асырап алу мәселесі бойынша апта басында өткізген бірлескен жиынында мәлімдеген-ді.

Басқа басқа, құзырлы органның мәліметіне иланбасқа болмайды. Олардың нақты істерге, фактілерге ғана сүйеніп сөйлейтіні бесенеден белгілі. Тағы бір жайт, бала саудасының көрсеткіші, расында, прокуратура өкілі айтқандай деңгейде екендігіне күмәнмен қарайтынымыз жасырын емес. Өйткені, бізде тиісті орындардың ақпараты шынайы өмірмен қабыса бермейтін «үрдіс» қашаннан қалыптасқан. Құқық қорғау органдарының құрығына, заңдылықты қадағалаушы прокуратураның назарына ілінбей қалатындары болуы мүмкін екендігін жоққа шығара алмаймыз. Олай дейтініміз, аталмыш отырыста таратылған мәліметке сенсек, Қазақстанда ата-анасының қарауынсыз қалған 32 362 бала бар. Ал, үкіметтік емес ұйымдар бұл көрсеткіштің 100 мыңға жуықтайтынын айтады.

Енді қайтадан Бас прокурордың орынбасарына оралсақ. Оның сөзінше, көп жағдайда қызығушылық танытушы тұлғалар бала асырап алудың белгіленген тәртіптерін айналып өтіп, бала сатып алуға келісім жасау мақсатында перзентханаларға тікелей шығады. Осы арада баланы саудалаушылардың кімдер екеніне тоқталсақ, делдалдық жасайтындардың дені медициналық және әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері. Тіпті, кейбір кездерде олар делдал емес, ата-анасы бас тартқан дүниеге жаңа келген сәбилерді тікелей сатушыға айналады.

Бала саудасына шатылған ондай қызметкерлер және басқалар заңдағы белгіленген шара бо­йынша жазасын алып та жатыр. «Оңтүстік Қазақстан облысын­да жаңа туылған баланы 6 мың долларға сатқан перинатальды орталықтың екі қызметкері 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Жамбыл облысында да анаға баласын 170 мың теңге­ге саудалауға көмектескен Жамбыл ауданы әкімшілігіндегі бала асырап алу мәселелері бойынша комиссияның мүшесі 7,5 жылға сотталды», –  деп келтірді Андрей Кравченко.

Өмірге жаңа келген, бұл жалғаннан бейхабар баланы тауар секілді сатып жіберудің түп-төркініне үңілсек, түрлі себептер кесе көлденең шыға келуі мүмкін. Бірақ, біздіңше ешқандай себеп ол қылмысқа барған адамның қадамын ақтай алмас. Оған түрткі болатын тұрмыстық себептер жайлы әңгіме басқа. Сонымен қатар, құжаттық қиындықтар да бар. Яғни, сансыз құжат жинау, анықтамалар әкелу, қағазбастылық, мекеме есіктерін қағып табаннан тозу, нәтижесін сарыла күту –  бұлар бала асырап алудың белгіленген тәртіптерін айналып өтуге итермелейтін жайттар. Прокуратура өкілінің сөзімен айтсақ, аталмыш қылмысқа итермелейтін «бала асырап алу үдерісінің жетілдірілмегендігі және тым күрделілігі». Содан келіп «тіпті, бала асырап алудың талаптарына сай келетіндігін дәлелдейтін керекті құжаттарды жинаған күннің өзінде, үміткердің оң шешімді айлап, кейде жылдап күтуіне тура келеді» екен. Демек, осындай әкімшілік кедергілердің салдарынан шаңырағын жанға толтырудан үміттілер бала сау­дасының нарығына қатысуға мәжбүр болады-мыс.

Бас прокуратура орынбасары айтқан «күрделі және жетілдірілмеген» үдерісті жетілдірсе, жеңілдетсе, ол бала саудасының азаюына кепіл бола ма?! Бұл жауабы жоқ сұрақ. Бала саудасы Қазақстанда ғана емес, әр елде де бар. Бәрінде қылмыстың түрі біреу болғанымен, әрқайсысының күрес тәсілі, жазасы әрқилы. Мәселен, мақала барысында елімізде бала сатқандардың 7-8 жылдың шамасына бас бостандығынан айырылғанын айттық. Ал, жазасының қаталдығымен атышулы Қытай бұл мәселеде де жүрісінен жаңылмаған екен. Бала саудасы өршіп тұрған аспан асты елінде ол үшін өлім жазасына дейін кеседі. Басы ашық нәрсе, жазалау «болары болып, бояуы сіңіп қойған» қылмыс­тың өтеуі. Қолдан келсе, оны болдырмағанға, алдын алғанға не жетсін. Өйткені, анасының құрсағын тоғыз ай, тоғыз күн мекен еткен тіршілік иесі дүниеге тірі тауарға айналу үшін келмейді ғой. Әттеген-айы, бала саудасының «көркін қыздыратындар», бұл қадамдары жетімді жылатпаудың жолы еместігін ескермейді-ау.

 Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.