You are here

Баланы ғаламтордағы қауіпті ақпараттан қалай қорғаймыз?

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бүгінде әрбір баланың қолында бір-бір ұялы телефон немесе планшет. Осы байланыс құралдары арқылы ғаламдық желіге кіру күнделікті дағдыға айналды. Алайда ғаламтор тек пайдалы ақпарат қана емес, түрлі қауіп-қатердің де көзіне айналды.

Жасөспірімдер порнографиясы, суицид, нашақорлық, ксенофобия, экстремизм мен террорлық әрекеттерді насихаттау – ғаламтор төндіретін қауіптің толық тізімі емес. Қазақстанның интернет қауымдастығының деректеріне сүйенсек, 2013 жылы шұғыл байланыс желісіне 612 хабарлама келіп түскен. Оның жартысынан астамы өзгеге тіл тигізу мен қудалауға қатысты болса, 15 пайызы интернеттегі алаяқтыққа, 6 пайызы заңға қайшы келетін контентке байланысты болған. Осы мәселеге орай Қазақстанның интернет қауымдастығы әлемдік желідегі заңға қайшы келетін контент таратумен күресудің механизмдері талқыға түскен «Балалар үшін ғаламторды қауіпсіз ету жолдары» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің өкілі Ерғали Мабиевтің айтуынша, қазіргі кезде прокуратура 90 мыңнан аса сайтты тексеріп, 596 сайтты заңға қайшы контент таратты деп тапқан. 

– Балалар әуестікпен  нашақорлықты, суицидті насихаттайтын сайттарды тауып алуы мүмкін. Сондықтан тұрақты түрде осындай сайттарға мониторинг жүргізіп отырамыз. Заңға қайшы контент табылса, оның қазақстандық интернет-порталдарда жариялануына шек қою ұсынысымен Бас прокуратураға шығамыз. Алматы қаласы бойынша 1 айдың ішінде 20-ға жуық суицид әрекеті болды. Оның 11-і қайғылы аяқталды. Әрбір жасөспірімге қатысты жағдайды талдай отырып, әр баланың интернеттен өмірден еш ауырсынбай кету жолдарын іздегенін байқаймыз. Мәселен, өз-өзіне қол жұмсаған 15 жасар жасөспірімдер әлеуметтік желілердегі арнайы қауымдастыққа тіркелген. Бұл тек бір отбасының ғана емес, қоғамның жанды жарасы, – деп тұжырымдайды Алматы қалалық прокуратурасының өкілі Гүлжан Хамитқызы.

Алайда мамандардың пікірінше, зиянды ақпарат тарататын интернет-ресурстарға тосқауыл қою – мәселенің шешімі емес. Өйткені бүгін бір сайт жабылса, ертесі тура сондай екі сайт ашылуы, әлеуметтік желілерде түрлі парақшалар пайда болуы мүмкін. Ал заңсыз ақпарат тарататын адамдар аккаунт ауыстырып алып, алаңсыз өмір сүре береді. Тіпті қазіргі кезде таратылған ақпараттың зиянды-зиянсыз екендігін нақты анықтайтын өлшем де жоқ. Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына қайшы деп табылған күннің өзінде, өзге мемлекетте орналасқан сайт иесін заңды түрде жауапқа тарта алмайды. Сондықтан заңсыз контентпен күресуге бағытталған халықаралық ұйымдармен әріптестік орнатқан тиімді.

2011 жылдан бері интернет қауымдастық тарапынан  заңсыз контентпен күресу үшін   «Safekaznet шұғыл байналыс желісі» құрылған. Қандайда бір қауіпті контентке кездескен интернет пайдаланушысы www.safekaznet.kz сайтына кіріп, хабарлама қалдыра алады. Осы хабарламаны алған шұғыл байланыс сарапшылары бірден контенттің мекенжайын анықтап, оның қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін тексереді. Егер заңсыз деп танылса, құқық қорғау органдары арқылы оны жою немесе блоктау сияқты шұғыл шаралар қолданылады. Сондай-ақ, Safekaznet шұғыл байланыс желісі былтыр халықаралық INHOPE интернет жедел желілері қауымдастығымен  әріптестік орнатқан. Осы халықаралық ұйымның  2012 жылғы дерегіне сүйенсек, ақылы түрде көрсетілетін жасөспірімдерге қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық бейнеленген материалдардың көп бөлігі қазақстандық серверлерде жатыр. Яғни INHOPE ұйымынына кірмейтін елдердің арасында зиянды контенттің 47 пайызы Қазақстанға тиесілі екен. Ал тегін көруге болатынының өзі 14 пайызға жеткен. 

INHOPE интернет жедел желілері қауымдастығымен әріптестік орнатқалы бері,  сексуалдық зорлық-зомбылықты насихаттайтын сайттар туралы 467 хабарлама келіп түсіпті. «Қазақстан интернет қауымдастығының» президенті Шавкат Сабировтың айтуынша, заңсыз контент қазақстандық серверлерге арнайы салынбайды. «Заңсыз контент, әсіресе, балалар порнографиясын хакерлер серверлерді бұзып, лақтырып жібереді. Ал сайттың иесі ол туралы мүлдем хабарсыз болуы мүмкін» деп тұжырымдайды маман.

Еліміздегі белгілі байланыс операторының өкілі Аида Досаеваның айтуынша, мобилдік интернет күннен-күнге дамып келеді. Алайда мобилдік байланыс провайдерлердің заңсыз контентті блогтап отыруға құқығы жоқ.

Қазіргі кезде тек біздің желі арқылы күніне 5 миллионнан аса адам ғаламторға кіреді. Ғаламторда қажетті, пайдалы контентпен қатар, заңға қайшы дүниелер де көп. Сондықтан қазірден бастап, зиянды ақпараттан қорғану жолдарын, жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Бұл  мәселемен тек өкілетті органдар  айналысып қоймай, әрбір адам заңсыз контентке қарсы тұруды ойлағаны маңызды. Осы мақсатта интернет провайдерлер, сайт иелері,  қарапайым пайдаланушылар барлығы біріккенде ғана нәтиже шығаруға болады.

Компания өкілінің айтуынша, байланыс провайдері Швеция, Финляндия, Норвегия, Дания, Балтық жағалауы елдері қолданатын арнайы бағдарлама орнатпақшы болған. Бұл софт заңға қарсы контентті, әсіресе, балалар порнографиясын  өзі блоктап  отырады. Алайда байланыс провайдерлері туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, байланыс операторының мұндай софт орнатуға құқығы жоқ болып шықты. Тек сот шешімінен соң ғана сайтқа тосқауыл қоюға болады. Бұл үшін заңға өзгеріс енгізу қажет.

Ал «Дағдарыс орталықтары одағының» төрайымы Зүлфия Байсақова ата-аналардың баласын қажетсіз ақпараттардан қорғаудың жолдарын білмейтіндігін алға тартады. Сондықтан ғаламтордағы қажетсіз сайттарға тосқауыл қоюдың жолдарын үйрететін арнайы семинарлар өткізіп тұрған жөн. Сайттағы контенттің зиянды-зиянсызын нақты анықтап отыратын сарапшылар кеңесін құру туралы ұсыныс та болды. Дегенмен дөңгелек үстелге қатысушылар бір жағы сөз бостандығын шектемей, балаларды зиянды ақпараттан қорғаудың нақты жүйесі белгіленбейінше, ата-аналарға балаларының ғаламторда не істеп отырғанына көп көңіл бөлу қажет деп тұжырымдайды. 

Үмітжан Жапар

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.