You are here

БАЛАЛАР «БАЗАРЫН» ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР БАР МА?

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Жақында Бас прокуратураның алқа мәжілісінде еліміздің Бас прокуроры Асхат Дауылбаев: «Асырап алғандардың уақытында есеп бермеуінен, 3,5 мың баланың өмірі мен тәрбиесіне қатысты ақпарат жоқтың қасы.

Мұның себебі балалардың есебімен айналысатын қамқоршылық органдарының, Білім және ғылым, Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктерінің мекемеаралық қарым-қатынасының жеткіліксіздігі болып отыр», – деген-ді. Тіпті шетелдіктер асырап алған 673 қазақстандық баланың қайда тұрып жатқаны туралы мәліметтің жоғы жұрттың жағасын ұстатты. Бірақ сыртқа кеткен бүлдіршіндердің бұл мәселесі тез ұмыт болары анық. Ал балалардың өз елінде жүріп тағдыр тәлкегіне ұшырауы барша ата-ана мен қоғамды соншалықты елеңдетпейтіні өкінішті.

Ұлы мен қызының әр қадамын қадағалай алмайтын ата-аналар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Алажаздай суға шомылуға кетіп, үйіне оралмаған жүздеген бала жер қойнына берілді. Тіпті көз алдында сұм ажалдан арашалап қала алмағандар қаншама? Бір мысал: суға шомылуға барған ата-аналар араққа сылқия тойып ұйықтап қалған. Ал еңбектеп жүрген бір жастағы бала жағалауға барып, толқынға тұншығып өлген. Қарыс қадам жердегі өзеннен су алып келуге қызын жұмсап, оның өлі денесін бірнеше күннен соң тауып алғандар да бар.

Ақтөбе облысында 1 жасар сәби шелектегі суға тұншығып өлген. Ата-анасы оған қарап отыруды бауырына тапсырып, әлдебір шаруамен кеткен. 4 жасар баламен бірге аулада отырған сәби су толы шелекке басымен ауып, тұншығып қалған. Суға тұншыққан баланы Ембі елдімекеніндегі орталық ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер аман алып қала алмады. Өкпесіне су кеткен бөбек шетінеп кетті.

Күні кеше Ақтөбеде 5 жасар Темірлан Сандыбаев қақпа алдында ойнап отырған жерінен із-түзсіз жоғалды. Мыңға тарта тәртіп сақшысы мен еріктілер тобы қаланың түкпір-түкпірін сүзіп шыққан. Осы оқиғадан соң өңірде бала ұрлаумен айналысатын қылмыскер туралы қауесет тараған. Бірақ мұны полиция жоққа шығарды.

Әңгіме қауесеттен шығады. Шынында да, ел арасында балалар «базарын» ұйымдастырушылар бары жиі айтылып қалады. Қолмен ұстап, көзбен көрмеген соң ештеңе айта алмайсың. Алайда құзырлы орындардың осы мәселені зерттеп, елді үрейлендірген ақпаратпен мықтап шұғылданғаны жөн шығар. Барымташылар секілді, балаларды да ойыншыққа айналдырғандар айылын жияр емес. Қаншама бала қылмыскерлердің, педофилдердің қолынан қаза табады. Алматының бір өзінде жоғалған балалар мен жасөспірімдер туралы «Алматы» телеарнасы күнде хабарлайды. Соны көріп отырып, балаларды бақытсыздыққа ұшыратқандарға қатаң жаза қолдану қажеттігін қолдайсыз.

Жеме-жемге келгенде, баладан кейде өз ата-анасының жерінуі де ойландырады. Жақында Жамбыл облысында баласынан безінген ана іздестіріліп жатқаны қоғамды дүр сілкінтті. «Шымкент-Астана» бағытына бет алған автобус Шу ауданында жанармай бекетіне аялдағанда, бір келіншек 5 жастағы баласын тастап, қашып кеткен. Жанталасқан жұрт бүлдіршінді тәртіп сақшыларына тапсырып, олар тастанды баланы бейімдеу орталығына жеткізген.

Ақтаудағы балабақшадан да бір бала талтүсте жоғалған. Босанып алып, қызылшақаны далаға тастағандар, тоғыз ай күткен нәрестені өз қолымен өлтіргендер де баршылық. Осының барлығы балаға бақылаудың, заңның әлсіздігін көрсетсе керек-ті. Енді бұл мәселеге тағы бір мәселе қосылады. Күн суытысымен ата-анасының қарауынсыз үйде отыратын бүлдіршіндер жиі душар болатын қасірет – өрт. Электр желісінен, тұрмыстық техника, тіпті оңай жерде тұратын сіріңкемен ойнап та от ішінде қалатындар жеткілікті. Есікті сыртынан құлыптап, қонаққа кететіндердің өмірлік өкінішке ұрынғандарын да көзбен көргенбіз. Демек, ойда жоқта қасіретке тап болмас үшін баланы назардан тыс қалдырмау қажет. Әр отбасы шаңырағының шайқалмауымен қатар, көз алдында жүрген ұл-қызын назардан тыс қалдырмағанда ғана шын бақытты сезінеміз.

Дуанабай Жолдасбек 

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.