You are here

Бала дінге қызығады. Біз жауап бере аламыз ба?

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың дінтану кафедрасының доценті Кеңшілік Тышхан ақтөбелік дінтану пәні мұғалімдерімен кездесіп, өз тәжірибесімен бөлісті.

«Біздің мақсатымыз — оқушыларға діни тәрбие беру емес, олардың діни сауатты болуына қол жеткізу. Ал діни сауаты бар адам хақ дін мен теріс ағымдардың арасын ажырата алады, дін атын жамылып жүрген жымысқы пиғылдылардың қақпанына түспейді» — деп бастады ол сөзін.

Сондай-ақ, ол қазіргі балалардың, әсіресе, жоғары сынып оқушыларының дінге деген қызығушылығы ерекше екендігін атап өтті:

— Кейбір балалар дінге қызығады. Сөйтіп, ата-анасына, ұстаздарына сан түрлі сауалдар қоя бастайды да, олардан жауап ала алмаған соң, ғаламторды ақтаруға көшеді. Қазіргі балалар не нәрсенің де жауабын ғаламтордан іздейтіні белгілі. Енді біреулері теріс ағымдар ықпалынан қорқып, діни сайттарға жоламауға тырысуы да мүмкін. Бірақ қайткенде де дінге қатысты көптеген сауалдар мазалайды, көкейінде тұрады. Ондайда, мектептерде жергілікті теологтармен, имамдармен кездесулер ұйымдастырып тұрған дұрыс болады, — деді Кеңшілік Тышхан.

Ол мектептердегі орамал тағып жүретін қыз балаларға қатысты да сөз қозғады:

— Әдетте біз орамалмен күресеміз. Оқушыны орамалын шешуге мәжбүрледік делік, бірақ жан дүниесіндегі «орамалы» — ұстаным-сенімі өзінде қалады ғой? Сондықтан алдымен оның ұстанымдарын, пікірлерін өзгертуге тырысу керек. Бұл үшін араб тілін, Құранды терең білетін дін маманы болу да міндетті емес. Нақты қандай теріс ағымдар бар, олардың көздеген мақсаттары не? Дәстүрлі ислам мен теріс ағымдардың арасындағы айырмашылық қандай? Осыны оқушыларға айтып, жеткізе білу керек. Теріс ағымдар ылаңына тарихтан да түрлі мысалдар келтіруге болады, —  деді.

Бүгінгі жаһандану заманында салафиттік ағымдармен қатар, протестанттық ағымдар да белсенді насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ протестанттық ұйымдар көбіне тіркеуден өтетін болғандықтан, оларды бақылап отыру оңайырақ. Заңға қайшы әрекет еткен жағдайда, тіркеуден өткен ұйымның басшысын жауапқа тартуға болады. Ал салафиттік ұйымдар жасырын, астыртын түрде әрекет етеді.

— Салафизм — әлемнің бүкіл дерлік мемлекеттерін шарпып отырған идеология. Оған қарсы күресудің басты амалы — жастар санасында осы жат идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру, — деп санайды Кеңшілік Тышхан.

 А.ҚАРАТАЕВ

http://www.aktobegazeti.kz/?p=46117

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.