You are here

Азаматтардың құқығын қорғау – Абзал іс

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Шетелге сапарлап баратын қазақстандық азаматтардың мүдделерін қорғау, яғни, олар ауыр ахуалға тап болғанда құқықтық-моральдық кеңес беру, жалпылай алғанда, заңдық тұр­ғыдан жан-жақты көмек көрсету – еліміздің Сыртқы істер министрлігінің консульдік мекемелеріне жүктелген.

Иә, консульдықтарға жүктелген бұдан басқа да жұмыстар жетіп артылады. Алайда осылардың ішіндегі ең ілкімдісі әрі бір­ден-бір басым бағыты – шетелде ар-намысы аяққа тапталған болмаса қарақ­шылардың қолынан жәбір көрген қазақ­стандық азаматтарды қараусыз қал­дырмау.

Еліміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайы түзелгелі бері сырт елге саяхаттап баратын жерлестеріміздің саны жыл өткен сайын өскен үстіне өсіп келеді. Олардың барлығын бірдей «екі шоқып, бір қарап», тұрақты қадағалап отыру мүм­кін емес екені тағы белгілі. Осы ретте консульдық мекемелер биылдан бастап азаматтарға қызмет көрсетудің жаңа әдіс-тәсілдерін игере бастады. Биылдан бастап елшіліктер түйінді мәселелерімен арызданып келетін еліміздің азаматтарына тез арада әрі тиімді көмек көрсететіндей жүйеге көшеді. Бұл өз кезегінде артында адам тағдыры тұрған кейбір мәселелердің ізін суытпай ашуға, сондай-ақ қызмет сапасының артуына үлес қосары анық. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі еліміздің елшіліктеріне ең алдымен құқықтық негізде сенім артқан қазақстандықтар еш алаңсыз жүреріне сенімдіміз. Қазіргі уақытта шетелге баратын қазақстандық­тарды ол жақта орын алуы мүмкін қауіп пен қатерден сақтандыру үшін Бас про­куратураның бастамасы бойынша СІМ-мен «ҚР азаматтарының баруы қауіпті болып табылатын елдердің тізімі» жасақталып жатыр. Аталған тізім алдағы уақытта ми­нистрлік пен басқа да әкімшілікқұқықтық органдардың вебсайттарында жарық көретін болады. Бұған қо­са алдын ала ескерту құралы ретінде «шетелге баратын Қазақстан азаматтары үшін жадынама» және «ҚР шетелдік мекемелерінің байланыс деректері мен жалпы ұсыныстары» көрсетілген ақпараттық хабарламаның жобасы жасақталынып жатқанын айта кетелік. Аталған хабарлама БҒМ, Индус­трия және жаңа технологиялар министрлігі, ІІМ, Көлік және коммуникациялар министрлігі және Қазақстанның туристік ассоциациясы сайттарында жарық көретін болады.

 

Шет елдегі ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Бас прокуратура сүбелі үлес қосып отыр. Сөзімізге дәлел болуы үшін бір-екі мысалды алға тарта кетсек. Айталық, Бас прокуратураның араласуымен мемлекеттік думаның бұрынғы депутаты О. Михеевтің бақылауындағы Ресей Федерациясының мекемелері алдында «Казкоммерцбанктің» мүдделері қорғалды. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы жо­ғарғы қадағалау органының бастамасы бойынша Мәскеуде қазақстандық азаматтар жұмысқа жегілген заңсыз әрекеттің жолы кесілді. Ресейдің құзырлы органдарымен бірлесе отырып, бұл мәселенің аққарасы анықталды. Бұдан сырт Қылмыстық-процессуалдық заңнаманың аясында шетелде сотталған Қазақстан Республикасының азаматтарына тағайындалған жазаны өз жерінде өтеу мүмкіндігі көзделген. Бұл аса маңызды тармақ дер едік. Сотталғандардың жазасын өз жерінде өтеу мүм­кіндігі 95 пайыз жағдайда екі жаққа тиімді түрде шешіледі. Бүгінгі күні аталған салада біздің еліміздің Түрікменстан, Украина, Әзірбайжан, Қытай және Испаниямен екіжақты келісімшарттары бар. Қазіргі уақытта – Индия, Иран, Италия, Моңғолия, Сирия, Түркия, Тайланд, Чехия, Словения, Словакия және Біріккен Араб Әмірліктерімен осындай келісімшарт жасау жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Елімізде туристік бизнестің өркен жайып келе жатқаны даусыз. Бұл ретте шет елге сапарлап баратын азаматтардың талап, талғамы да өсе түсері белгілі. Осы мақсатта алдағы уақытта қазақстандық туристер мен сауда өкілдері үшін ең тартымды елдердің тізімі жасалынады. Осы арқылы біз аталған мемлекеттермен өзара әріптестік байланыс орнатып, екі елдің арасындағы барыс-келістің әрі қауіпсіз, әрі тиімді болуына баса мән беретін боламыз. Бұл өз кезегінде жерлестеріміздің алаңсыз демалуына жағдай жасап, әлдеқандай түйт­кілді мәселелер орын ала қалар болса, уақыт оздырмай тез арада көмек көр­сетуге жол ашады. Сөзіміздің түйінінде айтарымыз, халықаралық-құқықтық құ­жаттарды жетілдіру заман талабы. Соның нәтижесінде біз отандық туризмнің екінші тынысын ашуға мүмкіндік аламыз.

Данияр ШЕКІМОВ,

ҚР Бас прокуратурасы халықаралық ынтымақтастық басқармасының аға прокуроры.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.