You are here

Азаматтардың конституциялық құқықтары

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бұл прокуратура қызметінің басым бағыты

Ағымдағы жылы еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды орын алатын оқиға – Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы. Бұл  – мемлекетіміздің Ата Заңы республикамыздың бүкіл аумағында тікелей әрекет ететін ең жоғары заңды күшке ие негізгі саяси-құқықтық құжат болып табылады. 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Конституция Қазақстан халқының еркіндігін паш етеді, елді демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруға ұмтылысын көрсетеді. Онда  мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жазылған, мемлекеттіліктің, қоғамдық және экономикалық құрылыстың негіздері бекітілген.

Құқықтық жүйенің іргетасы ретінде, Конституция Қазақстан Республикасының тұрақты экономикалық дамуы үшін мықты негіз қалады, оның егемендігі мен халықаралық алаңдағы беделін нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сенімді қорғалуына кепілдік берді. Ата Заңымыз қоғамдық қатынастарға тікелей әсер етіп, ұлттық заңнаманы дамытудың қайнар көзіне айналды және мемлекетке, қоғамға, сондай-ақ әрбір азаматқа қызмет етуді жалғастыруда. Ең басты заңның қағидаты мен нормаларын шынайы өмірде іске асырудың маңызды шарты – оларды сақтауды қамтамасыз ету және қорғай алу. Прокуратура осы жүйеде ойып орын алатын маңызды буын болып табылады, ол Конституцияның 83-бабына сәйкес мемлекет атынан заңдардың, Президент жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ Конституция мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді.

Басқа мемлекеттік органдарға қарағанда прокуратураның қызметі көп қырлы және құқықтық қатынастардың барлық маңызды салаларын қамтиды. Тұлғалардың конститу- циялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалау әрқашанда прокуратура қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл Конституцияның, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ «Прокуратура туралы» Заңның және Бас Прокурордың нормативтік-құқықтық актілерінің мызғымастығының кепілі ретінде Мемлекет басшысының құқықтық мәртебесінен туындайды. Бұл орайда прокуратура аталмыш бағытта құқықтық функцияны тұрақты әрі мақсатты түрде іске асырады. Мәселен, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында Астана қаласы прокуратурасының органдары әлеуметтік-экономикалық салада 16773 азаматтың конституциялық құқықтарын қорғады, оның басым бөлігін еңбек құқықтары құрайды (7 830). Елорда прокуратурасының еңбек инспекциясына қатысты енгізген ұсынысы бойынша, «Астана ЭКСПО-2017» объектілерін салу кезінде еңбектің қауіпсіз жағдайларына «СемболУлуслаларасы» АҚФ-ның 4366 жұмысшысының құқықтары қорғалып, жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қадағалау актісі бойынша жұмысшылар қорғаныс құралдарымен, арнайы киіммен қамтамасыз етілді, ал объектіде болу жағдайлары еңбек заңнамасының талаптарына сәйкестендірілді.

Тағы бір айқын мысал, «Астана қаласының энергетика басқармасы» ММ басшылығының заңсыз бекіткен Астана қаласының тұрғын үй қорын жылытуға жылу энергиясын шығындау нормаларын жою туралы шара қолданылды. Соған байланысты, 2015 жылдың қаңтар айында 3773 тұрмыстық тұтынушыға 17 млн. 370 мың теңге көлемінде сома қайта есептеліп қайтарылды, ол ағымдағы жылдың ақпан айындағы шот-хабарламаларда көрсетілді. Конституциялық құқықты қозғайтын заң бұзушылықтар прокуратура қызметінің өзге де бағыттарында анықталуда, олар бойынша ықпал ету шаралары қолданылып, кінәлі тұлғалар заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылуда. Атқарушылық іс жүргізу заңдылығын прокурорлық қадағалау шеңберінде жалақы бойынша 36 млн. теңге болатын берешек өтелді. Прокурордың наразылықтары бойынша азаматтардың тұрғын үй, еңбек және басқа да конституциялық құқықтарын бұзатын 12 сот актісі күшін жойды.

Полиция органдарында құқық бұзуды болдырмау және алдын алу мақсатында прокуратура қызметкерлері қаланың аудандық ішкі істер басқармаларында ұдайы кезекшілік етеді. Енді әрбір азамат «кезекші прокурорға» қоңырау шалып, конституциялық құқықтар мен бостандықтарды бұзудың кез келген фактісі туралы хабарлай алады. Саралай келгенде елорда прокуратурасының органдары конституциялық нормаларды іске асыруда аз жұмыс жасаған жоқ, алайда тындырар іс әлі де көп.

Сабыржан БЕКБОСЫНОВ,

Астана қаласының прокуроры.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.