You are here

АЙЫППҰЛ ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОНДАҒЫ АҚШАДАН ӨНДІРІЛЕДІ

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстандықтардың айыппұлдар бойынша мемлекет алдындағы қарызы 200 миллиард теңгеден асты.

Бас прокуратурада өткен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында осы түйткіл талқыға салынды. Мемлекет халыққа осы салада жан-жақты жағдай жасауда: айыппұлдарды үйден шықпай-ақ, «Электрондық Үкімет» порталы арқылы төлеу мүмкіндігі берілген. Жол жүрісі айыппұлдары бойынша бір апта ішінде төлегендерге жеңілдік ұсынылады. Алайда әкімшілік айыппұлдар салу туралы қаулылардың орын, далмау проблемасы толық шешілер емес.

Жиында айтылғанындай, соңғы 5 жыл ішінде 1,5 миллионнан астам азаматтар мен заңды тұлғалар өздеріне салынған айыппұлдарды төлемепті. Осылайша, өтелмеген айыппұлдардың жалпы сомасы 201 миллиард теңгені құрап отыр. Орындалмаған қаулылардың саны екі есеге дейін өскен: 2010 жылы 218 мың болса, биылғы жылы 574 мыңға жетті!

Әрине, Қазақстан айыппұл жүйесінен бас тартпайды. Өйткені елімізде қылмыстық жазалауды ізгілендіру және түрмеге қамалатындар санын азайту жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда әкімшілік жаза мен айыппұл салу – «қылмыскерлерге профилактикалық және тәрбиелік тұрғыда әсер етудің тиімді шарасы» ретінде қарастырылуда.

Әйтсе де, Бас прокуратураның байламынша, «айыппұлдарды төлеу жағдайы айтарлықтай күрделі күйде қалуда». Отырыста Бас прокурор Асхат Дауылбаев осы бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуына теріс әсерін тигізіп жатқан басты алғышарттарды атады, бұлар – «өздері шығарған қаулылардың орындалуына мемлекеттік органдар тарапынан қадағалаудың болмауы, айыппұлдарды өндіріп алу үшін тиісті шараларды қолданбауы, сөзбұйдаға салу және немқұрайдылық».

Оның айтуынша, сот орындаушыларының жұмысында да кемшіліктер жеткілікті. Олар айыппұлдарды өндіріп алу туралы атқарушылық өндіріс қозғау, борышкерлердің мүліктік жағдайын анықтау, борышкерлердің шет елдерге шығып кетуіне шектеу қою жөнінен тиісті шаралар қолданбайды, атқарушылық құжаттар негізсіз тоқтатылады және кері қайтарылады.

Бас прокурор мемлекеттік органдардың басшыларынан ведомстволық бақылауды және атқарушылық өндіріс органдарымен өзара іс-қимылды күшейтуді, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған кезек күттірмес шаралардың қабылдануын қамтамасыз етуді талап етті.

Ұсынылып отырған шараларды құқықтық қамтамасыз ету аясында Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне жазалаудың жаңа түрін нормативтік бекіту туралы ұсыныс енгізілді. Оған сәйкес, айыппұл төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін жазалаудың баламасы ретінде «қоғамдық пайдалы жұмыстар атқару» қолданылуға тиіс.

Бір жағымды ұсыныс та бар: егер айыппұл туралы хабарлама алынғаннан кейін жеті күн ішінде төленсе, оның жартысын қысқарту мүмкіндігін заңнамалық бекіту ұсынылды. Сондай-ақ айыппұлдарды төлемейтіндердің «кредиттік тарихы» бүлінуі ықтимал. Осы мақсаттарда Ұлттық банкке айыппұлын өтемеген борышкерлер туралы мәліметтерді «Несиелік деректер тарихының» базасына түсіру үшін Мемлекеттік несие бюросына жіберіп отыру тәжірибесін қалыптастыру ұсынылды.

Ал ұялы байланыс операторлары енді ол адамның өз ұялы телефондарының шоттарына салған қаржысынан айыппұлдар сомасын алу тетігін енгізетін болды.

Елдос СЕНБАЙ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.