You are here

АЙНАЛАЙЫН АБАЙЛА, АҚЫРЫН АЙДА, ЖАРАЙ МА?!

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстанның Бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың айтуынша, даладағы жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – нашар жол және жол белгілерінің болмауы. Кеше Бас прокуратурада өткен «Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің» кезекті отырысында осындай мәлімдеме жасалды. А.Дауылбаевтың  дерегінше, «барлық қаза тапқан адамдардың жартысынан астамы, немесе 61 пайызы – елді мекендерден тыс жерлерде болған жол-көлік оқиғаларының» құрбаны.

– Біз сол қайғылы оқиғаларды жол жабынғысын жақсарту және жол инфра-құрылымының бұзылуын жою бағытында шаралардың қабылданбауымен тікелей байланыстыра аламыз! – деп нықтады Бас прокурор.

Оның мәліметінше, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері салалық бағдарламаның елді мекендерде, жаяу жүргіншілер көп кесіп өтетін тұстарда кедергілік және бағыттаушы қоршауларды орнату бойынша іс-шараларды орындамаған.

«Қарапайым жол белгілерінің жоқтығы кесірінен адамдар мерт болуда! Атап айтқанда, Қарағанды облысының Шахтинск қаласында «басты жол» жол белгісінің болмауы салдарынан, үш көлік құралының қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алып, мотоциклист қаза тапты. Мұндай бұзушылықтар барлық жерде, жаппай сипат алған, бұл еліміздің барлық дерлік өңірлеріне тән! – деп бас шайқады Асхат Дауылбаев.

Қазақстан бейбіт күнде жолда азаматтарынан мыңдап айырылуын жалғастыруда. Кешегі жиында айтылғанындай, республикада әрбір жетінші жол-көлік оқиғасы адам өлімімен аяқталады! 2013 жылы көлік апаттарында 3 мыңнан астам қазақстандық өлген. Оның ішінде әлі өмірдің қызығын көрмеген 273 бала қыршынынан қиылды.

Өткен жылы осы жайтты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатты сынға алған болатын: «Дәл бір соғыс жүріп жатқан сияқты» деген ол ЖКО-ларға жол бермеу және осы көрсеткішті төмендету бағытында шаралар қабылдауды тапсырды. Нәтижесі қандай? «Былтырғы жылы жол-көлік оқиғаларының саны 65 пайызға артты және 23 мыңнан асып кетті. Апаттарда 3 мыңнан астам адам қаза болды, 33 мыңға жуық адам мертікті, жарақат алды. Олардың 5 мыңнан астамы – балалар» делінген Бас прокуратура ақпарында. Бұл ретте аса ауыр ахуал Алматы қаласын да, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында қалыптасқан көрінеді. Барлық ЖКО-лардың үлкен бөлігі осылардың үлесінде. Бас прокуратура жүргізген талдаудың нәтижесі қолға алынған шаралардың жолдардағы апаттарды азайтуға ықпал етпегендігін көрсетіпті.

Осы орайда Бас прокурорды жол ережелерін бұзған қылмыстылардың жазаға тартылмай, құтылып кету фактілерінің қаптауы ашындырып отыр. «ЖКО санының артуына құқықбұзушылардың жазаға тартылмауы үлкен ықпал етуде, – деді ол.

– ЖКО-ға тұсау салудың тиімді шараларының бірі жазадан бұлтартпау болып табылады. Алайда құқықбұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартпаудың көптеген фактілері анықталды. Ақмола облысының Жол полициясының тек жалғыз Бурабай аудандық бөлімінде ғана кінәлілердің жазасыз құтылып кетуінің 25 фактісі әшкереленді!»

Көлігімен адамды қағып өлтірген жауыз дар ары қарай бостандықта талтаңдап жүре беретінін көрген жұртшылықтың бүкіл билікке деген сенімі жоғалады. Осы кесір әрі аса қауіпті құбылыстың өршуіне биліктің өз өкілдері үлес қосуда.

– Бұған полиция қызметкерлерінің өздері де септесетіндігі жиі кездеседі, олар тиісті материалдарды бұзушылықтармен толтырады, соның кесірінен соттар мұндай істерді қайта пысықтауға қайтаруға мәжбүр. Қолдан жасалған сергелдең салдарынан 1048 құқықбұзушылыққа қатысты 1 мыңнан астам іс кейіннен мерзімінің өтіп кетуі себепті тоқтатылған! Соның ішінде көлікті мас күйде басқарған 195 жүргізуші еш жазасыз құтылып кетті, – деді Бас прокурор. Осыдан да болса керек, жүргізуші куәлігінен айырылған арам жүргізушілер де ары қарай көлік айдаудан қорқуды қойған. Биылғы сәуір айында прокуратура қызметкерлері, әкімшілік полициямен бірлесіп, арнайы рейд жүргізген, тек екі апта ішінде ғана осындай 134 жүргізуші қолға түсіпті. Демек, бүкіл еліміз бойынша жолдарда мыңдаған куәліксіз жүргізуші жүрген болса керек. Отырыс қорытындысында халық арасын да тиісті алдын алу жұмыстарын жүргізу, бұған қоғамдық ұйымдарды белсенді тарту тапсырылды. Ішкі істер министрлігіне жүргізушілерге бейнетіркеуіштерді қондыру және пайдалану тәртібін түсіндіру жүктелді. А.Дауылбаев жол жүру ережесін бұзғандарды жазадан бұлтартпау қағидасы қамтамасыз етілуге, әрбір бұзушының қатаң жауапкершілікке тартылуына қол жеткізілуге тиістігін нықтады. Үйлестіру кеңесінің мүшелері жолдардағы апаттылықты азайтуға, қауіпсіз жүріске жағдай жасауға бағытталған шаралар кешенін ұсынды. Осы мақсатта еліміздегі барлық үлкен автожолдардың апат бойынша неғұрлым қауіпті учаскелері анықталатын болды. Осы істе Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті әзірлеген «Апаттылықтың электрондық картасы» кеңінен пайдаланылады деп көзделуде.

Айхан ШӘРІП

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.