Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Біз бүгінгі тәуелсіздігімізге оңайлықпен жеткеніміз жоқ. Оның жолында азаматтарымыз аттан бір сәт те түскен емес. Олардың қатарында Бопай ханым сияқты ақ білекті аруларымыз да жүргені аян. Ал Домалақ ене, бүкіл бір рулы елге атын берген Қызай, Қарқабат сияқты елге ұйытқы болған ақ тілекті аналарымыз қаншама!

Кешегі Ұлы Отан соғысында бүкіл Шығыстан шыққан қос шынар Әлия мен Мәншүктің ерен есімдері күні бүгін бәрімізді елдікке де, ерлікке де шақырып тұрғандай.

Осындай аналарымыз аңсап кеткен азаттықтың ақ таңы атқаннан кейінгі біздің мемлекетіміздің әйелдерге деген саясаты ұлтымыздың ұлағатты салт-дәстүрлеріне қарай жасалды. Ал мұның басында еліміздің Тұңғыш Президентінің тұрғаны әмбеге аян.

Бар берекенің бастауы Ата Заңымыз десек, оның 27-бабында «неке мен отбасы, ана, әке мен балалар мемлекеттің қорғауында болады» деп жазылған. Ал осылардың қамсыз, қайғысыз өмірі үшін бірінші кезектегі қажеттіліктер тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру, халықтың еңбекпен қамтылуы сияқты түйінді мәселелер Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Бұлар туралы тапсырмалар Президентіміздің жыл сайынғы халыққа жолдауларында да айтылып, арнайы қабылданған заң актілері мен басқа да ұйымдық шаралар арқылы өз шешімін тауып келеді. Әйелдердің конституциялық құқықтарының ең сенімді кепілі – ол Президенттің өзі болып табылады.

Бұл ретте 2002 жылы қабылданған Гендерлік саясат тұжырымдамасының рөлі аса зор болды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдіктің даму стратегиясы бекітілді. Одан кейін қабылданған «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктеріне мемлекеттік кепілдік туралы» және «Тұрмыстық күш көрсетудің алдын алу туралы» заңдардың мәні мен маңызы зор екенін атап айтар едік.

Демек, әйелдер үшін елімізде құқық­тық қорған берік те бекем орнатылған деп ауыз толтырып айтуымызға әбден болады. Әрине, өмір ағысы бір сәт те тоқтамайды. Оларды жыл өткен сайын жетілдіре беру – заңды құбылыс. Бұл ретте күні кешеге дейін халқымыздың ардақты қыздарының бірі Гүлшара Әбдіқалықова басқарған Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның атқарып отырған істері атап айтуға тұрарлық. 1995 жылы құрылған бұл ұйым да Тұңғыш Президентіміздің халық тамырына қан жүгіртіп отырған төл перзенттерінің бірі.

Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Туған елім – тірегім» атты кітабында: «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды. Әйел бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді. Бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» деген екен.

Елбасымыз өзінің әйелдер жөніндегі мем­лекеттік саясатты қалыптастырудағы қат-қабат ісінде осы ұстанымынан ай­ныған емес. Тіпті, осы жақында ғана жұртшылық арасында үлкен әңгіме туғызған әйелдердің зейнеткерлік жасы туралы оқиғаны алайықшы. Сол кездегі Ұлттық банк басшысының «Біздің қаржы саласында істейтін әйелдер зейнеткерлікке шыққылары келмейді» деген ойланбай айтқан сөзі отқа май құйғандай болды. Енді жылы жерде май шелпектің иісін иіскеп отырғандар мен елдің шеті, желдің өтінде жүрген әйелдердің жағдайы мүлдем салыстыруға да келмейді ғой. Осы жерде реті келгенде айта кетелікші, қазақтың тағы бір қайраткер қызы депутат Светлана Жалмағамбетова аналар үшін ақырына дейін айқасып, үлкен қайрат көрсеткені елдің есінде қалды. Дегенмен, елдің соңғы үміті Елбасына келіп тірелген күн туды сол кезде.

Ол тағы да халықтың сенімінен шықты. Елбасымыздың кемел ой, кемеңгерлік шешімінің арқасында бұл мәселенің түйіні оң шешіліп, демін ішіне тартып аңысын аңдып отырған мыңдаған аналардың алғысында шек болмады.

Тұңғыш Президент еліміздің әйелдеріне де қатысты біраз «тұңғыш» деген анықтауышты қосты. Мәселен, жоғарыда айтылған әйелдер істері жөніндегі ұйым да Президент жанынан тұңғыш рет құрылды.

2011 жылы тұңғыш рет Қазақстанның әйелдерінің съезі өткізілді.

2008 жылы алғаш рет Қазақстанның Еңбек Ері атағы тағайындалып, ең бірінші «Алтын Жұлдыз» қарапайым мұғалім Аягүл Миразоваға берілді. Бұл тек қана ұстаздар қауымына емес, бүкіл әйелдерге көрсетілген үлкен құрмет еді.

Ал елімізде әйелдер арасында тұңғыш генерал атағы маған бұйырғанына да, мені ұсынған Бас прокурор Асхат Қай­золлаұлына да, сондай шешім қабылдаған Елбасымызға да алғысым шексіз.

Елбасымыздың осындай қам­қор­лығына орай қыз-келіншектер де еліміздің қарыштап дамуына лайықты үлес қосып келеді. Әйел­дер өмірлік маңызы зор салаларда ең­бек етуде. Мәселен, біздің болашағымыз – жас жеткіншектерді тәрбиелеп жүрген педагогтардың 73 пайызы, халық денсаулығына жауапты дәрігерлер мен медперсоналдардың 87 пайызы – әйелдер. Ал бүкіл бюджеттік саланың 60 пайызын әйелдер құрайды екен. Бұл – мемлекеттік басқарудың бүкіл жүйесінің тірегі әйелдер деген сөз.

Тағы да статистикаға жүгінсек, бүгінгі күні Парламенттің төменгі пала­тасының және жергілікті биліктің өкілетті органдарының әрбір төртіншісі – әйелдер. Сондай-ақ, биліктің атқа­рушы органдары басшылығында да әйелдер саны өсіп келеді. Бүгінде саяси мемлекеттік қызметкердің әрбір оныншысы және жаңадан жасақталған «А» элиталық басқарушы корпустың әрбір жетінші мемлекеттік қызметкері де қыз-келіншектер. Олардың арасында бір Премьер-Министрдің орынбасары, үш министр, 6 вице-министр, жауапты хатшы, Премьер-Министр Кеңсесі басшысының екі орынбасары және өңір әкімдерінің сегіз орынбасары бар.

Жоғарыда аталған 2006-2016 жыл­дарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы бойынша алдағы уақытта мемлекеттік органдар басшыларының 30 пайызы әйелдер өкілі болуға тиіс деп межеленіп отыр.

Бұрынғы Бас прокурор бәріміз құр­меттейтін Рашид Төлеутайұлының бірде «Қыз-келіншектер мұғалім немесе дәрігер болса ол үйреншікті нәрсе, ал әйел затының прокурор болуы бұл енді мақтаныш», дегені бар.

Бүгінде заңдылық сақшысы прокурорлардың қатарында мыңдаған қыз-келіншектер жемісті еңбек етіп жүр. Нақтырақ айтсақ, 5 мыңдай прокурордың бір мыңнан астамы қыз-келіншектер. Бас прокуратурадағы 5 саяси лауазымның біреуі әйел адамға жүктелген.

Қазақстан армиясында да әйелдердің өкілінсіз бір де бір бөлімше жоқ десек қателеспейміз. Бүгінде республикамыздың қарулы күштерінде 8,5 мыңға жуық қыз-келіншектер сапта тұрса, олардың 750-і офицерлер. Олардың 4-уі полковник, 30-ы подполковник, 120-сы майор шенінде.

Ал Ішкі істер министрлігінде де 10 мыңнан астам қыз-келіншек ел тыныштығын күзетуде. Құқыққорғау органдары қызметкерлерін аттестаттаудан өткізу кезінде әйелдердің ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгенін Елбасының өзі атап көрсетті.

– Қазіргі кезде әйелдер бір уақытта көптеген істерді қатар тындыруда, – деді ол биылғы наурыз айын­дағы құттықтауында. Тұрмысты жақсартады, бюджетті жоспарлайды, балаларды тәрбиелеп, сонымен бірге, тартымдылығын да жоғалтпай, еркектерге дем береді.

Әйелдердің ең басты парызы дүниеге ұрпақ әкелу десек, алтын құрсақ аналарымыз тәуелсіздік алған жылдардан бері 100 мыңдаған сәбиді дүниеге әкеліпті. Тағы да Пре­зидентіміздің сөзімен айтсақ, «бұл – әйелдердің 100 мыңдаған ерлігі».

Еліміздің қыз-келіншектері туралы әңгімелегенде айтпай кетпейтін бір жайт бар. Қолдан құрастырған Кеңестер Одағының қабырғасы қақырап сынып, шаңырағы ортасына түскен сонау бір жылдары ең алдымен есін жиып, еңсесін тіктеп, жаңа дәуір тынысын бірінші түсінген де осы әйелдер болды десек, оған ешкім дау айта қоймас деп ойлаймын. Сол кезде, тіпті, сонау Қытай асып, ала қап арқалап жүрген арулардың жанкешті тірлігі әлі көз алдымызда. Сөйтіп жүріп есеңгіреп қалған ерлеріне ес жиғызып, талай отбасын аман алып қалды олар. Халықтың бетін нарыққа бұрды.

Мұны тез аңғарған президенттік билік талпынған халыққа шағыннесие беруге кірісті. Бұл әлемдегі ешбір елде болмаған тәжірибе еді. Осы қаржыны нәсіп қылған талай қыз-келіншек өз жұмыстарын одан әрі өрбітіп, бүгінде шағын және орта кәсіпкерліктің негізін құрап отыр. Соңғы 10 жылдың өзінде шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі 52 пайызға артыпты. Ал ішкі жалпы өнімнің жартысына жуығы, яки 40 пайызы әйелдердің үлесінде.

Бүгінгі күні прокуратура органдары заңсыз тексерулерді болдырмау жөніндегі өз жұмысын ширата түсті. Тек екін­ші жартыжылдық басталғаннан бері ға­на шағын бизнеске қатысты заңсыз жос­парланған 300-ден астам тексерудің жолы кесілді.

Биылғы жылдың өткен мерзімі ішінде   2 473 тексеруді тіркеуден бас тартылса, оның 707-інің заңсыз тексеру екені анық­тал­ды.

Бас прокуратура Мемлекет басшысы белгілеген бағыт бойынша кәсіпкерлерді қорғау жөніндегі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Мемлекеттік органдар тарапынан бола­тын заңсыз тексерудің жолын кесуде бізде 2011 жылы енгізілген «Бизнес тірегі» жобасы тиімді рөл атқарып келеді. Егер осы жоба енгізілген 2011 жылы оған кәсіпкерлерден 2700 өтініш және 1100 СМС-хабарлама келіп түссе, бұл көрсеткіш бүгінгі күні сәйкесінше 20 802 және 2365-ке жетті.

Осы жылы келіп түскен хабар­ламалар­дың 70 пайызында заң бұзушылық фактілері расталып, прокурорлық ықпал ету шаралары қабылданды. Жыл басынан бері ғана прокурорлық қадағалау шараларының арқасында 11 мыңнан астам кәсіпкерлердің құқығы қорғалды.

Осы арада бүгін мен басқарып отырған комитеттің жұмысын қазіргі заман талабына сай осындай инновациялық жа­ңалықтармен толықтырып, үлкен биікке көтеріп кеткен Марат Мұратұлы Ахмет­жановтың еңбегі ерекше атап айтуға тұрарлық.

Дүниежүзілік экономикалық форумның сараптамалық тобының анықтауы бойынша Қазақстан мониторинг жасалынған 135 елдің ішінде 31 орынға шыққан. Сондай-ақ, еліміздің БҰҰ-ның Гендерлік теңдік және әйелдердің мүмкіншілігін кеңейту бойынша атқару кеңесіне мүше болып сайлануы да біздің республикамыздағы әйелдер мәселесінің жоғары деңгейде екендігін білдірсе керек.

Салыстырмалы түрде айта кетелік, бұл ретте біздің ел бүкіл шығыс Еуропа мен Закавказья елдерінен, сондай-ақ, 41-ші орындағы Франциядан, 61-ші орындағы Ресейден, 69-шы орындағы Қытай мен 105-ші орындағы Жапониядан алда тұр.

Еліміздің Тұңғыш Президентінің әйелдерге қатысты сара саясатының игі жемісі осындай.

Сөз соңында өзімді айрықша мақта­нышқа бөлеген бір оқиғаны айта кетейін.

Биылғы қыркүйек айында Бішкек қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің Бас прокурорлары Үйлестіру кеңесінің отырысы өтіп, онда біздің делегацияны еліміздің Бас прокуроры Асхат Дауылбаев бастап барды.

Жиналыста ТМД елдерінің ішіндегі озық құрылым ретінде біздің Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің инновациялық жобаларын таныстыру үшін маған да сөз берілді. Сондағы бұрын бір мемлекет болған елдердің өкілдерінің менің үстімдегі генерал формасына сұқтана қарап, айрықша қызығушылықпен, құрметпен көз тіккенін көрсеңіз. Арнайы келіп қолымды алғандар да аз болған жоқ. Еліме, сонау қиыр шеттегі Торғай даласында туып-өскен мен сияқты қарапайым қазақ қызын осындай дәрежеге жеткізген Елбасыма деген мақтаныш, риясыз ризашылық бүкіл тұла бойымды кернеп кетті сонда.

Халық күші қашанда десек те ерек,

Лайықты боп бір перзент өсер бөлек,

Қанша күшті, қанша ұлы болса-дағы

Әр халыққа кемеңгер көсем керек, – деп ақын апамыз Күләш Ахметова қалай тауып айтқан.

Бағымызға қарай тәңір бізге сондай көсемді берді. Ол – тағдыр бүгінгі күні бізге бірге өмір сүріп, бірге еңбек етуді жазған Қазақстанның Тұңғыш Президенті!

Сәуле АЙТПАЕВА,

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрайымы, 3-ші дәрежелі Мемлекеттік әділет кеңесшісі.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.