You are here

«Амнистиясыз-ақ түрмедегілердің саны азайып келеді»

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Соңғы жылдары еліміздің Бас прокуратурасы мемлекеттік мүдде мен азаматтардың құқығын қорғауда бірқатар бастаманы жүзеге асырып, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Солардың ішінде түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің санын азайту бойынша жетістіктер көңіл қуантады. Атап айтқанда, түрме индексі бойынша Қазақстанның көрсеткіші тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда, екі есеге азайды. Сондай-ақ, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған тиісті міндеттерді жүзеге асыруда да аталған ведомствоның белсенділігі байқалады. Халықаралық құқықтық ынтымақтастық саласында да елеулі істер қолға алынды. Осыған орай біз Прокуратура күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Жақып Асановпен арнайы кездесіп, аталған жобалар жөнінде әңгімелескен едік.

– Жақып Қажманұлы, әңгімемізді бірден түрмедегілердің санын азайту мәселесінен бастасақ. Себебі, бұған Елбасының өзі ерекше мән беріп, тиісті орындарға нақты міндеттер жүктегені белгілі. Ендеше, алдымен осыған қатысты жұмыстардың тиімділігі мен нақты нәтижелеріне тоқталып өтсеңіз?

– Әуелі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның түрме индексі, яғни, 100 мың адамға шаққандағы қамауда отырғандардың саны бойынша әлемде 3-орында тұрғанын еске алайық. Себебі, ол кезде 100 мың қазақстандықтың 500-ден астамы түрмеде жазасын өтеп жатты. Біздің алдымызда АҚШ пен Ресей ғана болды. Бұл іргесін бекіткен жас мемлекет үшін өте жағымсыз фактор еді. Сондықтан, Қазақстан осы түйткілді шешудің әртүрлі жолдарын қарастырды.

Солардың бірі – Қылмыстық кодексті қайта қарау. Себебі, бұрынғысы өте қатаң болды. Тіпті, кейбір ұсақ қылмыс жасағандардың өзі бірнеше жылға қамалатын. Мәселен, 10 мың теңгенің затын ұрлаған қылмыскер 5 жылға сотталады. Кейін оны колонияда ұстауға мемлекеттік бюджеттен 3 миллион теңге бөлінеді. Бұл жерде бастысы қаржыда емес. Ең жаманы, сол жеңіл қылмыс жасаған адам үкім шыққаннан кейін нағыз қандықол қылмыскерлердің ортасына түсіп, одан сайын бұзылады. Ал кейбір дамыған елдерде мұндай жағдай өз шешімін тапқан. Өйткені, ол жақтарда сотталғандар қылмыс дәрежелеріне қарай бөлек камераларға қамалады. Олармен жеке профилактика жүргізу айтарлықтай жеңіл. Өкінішке қарай, бізде бір казармада 50-100 қылмыскер жатады. Бұл жағдайда бір рет ағаттық жасаған жан көбіне түзелмей, керісінше, қылмысқа одан әрі бейім болып шығады. Бүгінде осы мәселелер біртіндеп шешімін тауып жатыр.

Жалпы, осы бағытта қанша жұмыстар қолға алынғанымен, тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында біз үшін түрмедегілердің санын азайтатын негізгі тетік – амнистия туралы заңдар болғанын мойындауымыз керек. Себебі, тек осы уақыт аралығында аталған заңды 8 рет қабылдаппыз. Яғни, елімізде әр 2,5 жыл сайын амнистия жарияланған. Соңғы рет Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай қамауда отырғандарға рақымшылық жасалды.

Әрине, әрбір амнистиядан кейін көрсеткіштің едәуір жақсарғанын көруге болады. Алайда, көп ұзамай түрмелеріміз қайтадан тола бастайды. Оның басты себебі, заңның жаппай бәріне бірдей таратылуында. Соның салдарынан бізде «амнистия мемлекеттің жасауға тиіс бір міндеті» деген қате түсінік те қалыптасып үлгерді. Тіпті, түрмедегілер түзелудің орнына мейрамдарда рақымшылық күтіп жататын деңгейге жеттік. Ол аздай, «ақыры амнистия болады» деп әдейі қылмыс жасайтындар кездесе бастады. Сондықтан біздің алдымызда бұл көзқарасты өзгертіп, мәселені шешетін басқа тетіктерді қарастыру міндеті тұрды.

Сонымен қатар, осы саланы ұдайы назарда ұстайтын Елбасы түрме индексі бойынша 50 елдің қатарынан шығу тапсырмасын берген болатын. Соны орындау үшін және жоғарыда айтылған келеңсіз пікірді өзгерту мақсатында «Түрмедегілердің санын азайтудың 10 шарасы» деген жоба дайындадық. Бүгінде оны Жоғарғы Сотпен бірге жүзеге асырып жатырмыз. Нәтижесі көңіл қуантады. Атап айтқанда, бұл күндері түрме индексі бойынша көрсеткішіміз 233-ке түсіп, 1980-ші жылдармен салыстырғанда – үш есеге, ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы деңгейден екі есеге азайды. Соған сай әлемде 50 елдің қатарынан шықтық. Қазіргі таңда аталған көрсеткіш бойынша 54-орындамыз.

Осындай нәтижеге жетуімізге түрме реформасына арналған дәстүрлі форумды да айтуға болады. Себебі, алғашқы форумда жоғарыда айтылған түрмедегілердің санын азайту мәселесі қаралса, екіншісінде оларды жұмыспен қамту тетіктері сөз болды. Ал биыл үшінші рет ұйымдастырылатын шара сотталғандардың түзелуіне және қоғамға сіңісіп кетуіне арналады. Бұл форум 11 желтоқсанда өтеді.

– Жоғарыдағы «10 шара» туралы кеңінен айтып берсеңіз?

– Биыл жобаның жұмыс істеп жатқанына екі жыл болды. Оның негізгі шаралары туралы айтар болсам, ең бірінші жеке профилактика мәселесіне ерекше мән берілгеніне назар аударар едім. Егер түрмеде жазасын өтеушінің тәртібі дұрыс болса, ішкі режімді сақтаса, барлық шығын мен залалды толық өтесе, ол мерзімінен бұрын босайды. Өйткені, енді бұрынғыдай амнистия жарияланбайды. Соған сәйкес, сотталғанның мерзімінен бұрын және жалпы бостандыққа шығу-шықпауы тек оның өзіне байланысты.

Мысалы, ауырлығына қарай жазаның негізгі бөлігі – үштен бірін, немесе жартысын, не үштен екісін өтесе, сондай-ақ, режімді бұзбай, келтірген залалдың орнын толтырса, онда сотталушы уақытынан бұрын бостандыққа шыға алады. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату жеңілдігін алу үшін сот әрбір сотталғанның тәртібіне баға беріп, істерін жеке-жеке қарайды. Бұл жазасын өтеушінің не үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғанын жете түсінуі үшін керек. Биыл осындай жеңілдік пен жазаны жеңіл түрмен ауыстыру механизмі 9 мың адамға қолданылды. Бұл өткен жылға қарағанда, 2 есе көп. Сондықтан, жаппай рақымшылықтан бұл ұстаным әлдеқайда тиімді.

Екіншіден, соттың шешімі бойынша жазаны жеңіл түрмен ауыстыру мәселесі. Ол жаза бостандығын шектеу немесе айыппұл түрінде болуы мүмкін. Бірақ ол үшін де сотталғанның тәртібі жақсы және өтелмеген залалы болмауы тиіс.

Үшіншіден, шара шеңберінде қылмыстық заңымыз бен прокурорлық сот практикасы өзгерді. Соның негізінде көптеген қылмыс үшін жаза жеңілдеді. Бас бостандығынан айыру тек аса ауыр қылмыс жасағандар үшін сақталып қалды. Ал экономикалық қылмыстар бойынша аталған жаза мүлдем алынып тасталды. Нақты айтар болсақ, жемқорлық әрекетке барғандарға ірі көлемде айыппұл салынады. Осыған орай соттар айыппұл, қоғамдық жұмыс, бостандығын шектеу сияқты жазаларды көбірек тағайындауда.

Сонымен қатар, жоба аясында жұмысын бастаған бітімгершілік институтын айтуға болады. Мәселен, қылмыс ауыр болмаса, кінәлі өзінің дұрыс еместігін мойындаса, «шығын мен залалды толық өтеймін» десе және жәбірленуші оған келіссе, іс сотқа жіберілмей бітімгершілік жолмен шешіледі. Былтыр осы тәсілмен 46 мың іске нүкте қойылды. Бұл 2012 жылға қарағанда, 4 есе жақсы көрсеткіш.

Тағы бір ескере кететін жайт, тергеу кезінде сотқа дейінгі қамауға алынғандар да түрмеде отырғандардың есебіне қосылады. Сондықтан ондайларды қылмысының деңгейіне байланысты қамамай, кепілдік төлету арқылы бостандыққа жіберген дұрыс. Мұндай тәжірибе екі жыл бұрын 10-ақ рет қолданылса, биыл 12 мыңға жетіп отыр.

Осы «10 шара» жобасы қолға алынған екі жылдың ішінде түрмедегілердің саны 23 пайызға азайып, 52 мыңнан 40 мыңға түсті. Ең бастысы, босап шыққандар амнистиямен мерзімінен бұрын еркіндікке жіберілгендер сияқты ауыр қылмыстарға көп барып жатқан жоқ. Соның нәтижесінде Елбасының түрме индексі бойынша қойған міндеті орындалып, бүгінде Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, Латвия сынды елдермен теңестік. Десек те, шараның негізгі мақсаты қоғам мен азаматтардың қауіпсіздігі болғандықтан, кісі өлтіру, денсаулыққа қатты зиян келтіру, қарақшылық, терроризм, зорлау сынды қылмыстарға барғандар міндетті түрде темір торға қамалады.

Әзірге осы жобаның арқасында рақымшылыққа ешқандай мұқтаждық болмай отыр. Әйтпесе, биыл оны жариялауға Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Конституциямыздың 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы сияқты себептер көп болды. Ал көршілес Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа елдер әлі де болса амнистия жариялауға мәжбүр.

– Сөзіңіздің арасында, бітімгершілік институты жайында айттыңыз. Жақында ғана Елбасы қол қойған Азаматтық-процессуалдық кодекстің негізгі міндеттерінің бірі де осы мәселе ғой…

– Иә, аталған кодекстің негізгі функциясының бірі – дауларды сотқа жеткізбей, өзара мәмілеге келу арқылы соттарға түсетін салмақты жеңілдету. Оны дайындау барысында біз тарихымыздағы билер соты мен озық шетелдік тәжірибелерге сүйендік. Сондықтан Азаматтық-процессуалдық кодекстің ең басты жетістігі – тараптардың сотта бітімге келуіне барынша жағдай жасап, қоғамдағы дауларды шешу мәдениетін арттыру деуге толық негіз бар.

Негізі кез келген қоғамда әртүрлі даулар болып жатады. Бірақ оның барлығын мемлекеттің қатысуымен сот арқылы шешу дұрыс емес. Ол мүмкін де емес. Ондай тәртіп бір де бір дамыған елде жоқ. Ал бізде керісінше, сотта қаралатын істердің саны жылдан-жылға көбеюде. Мысалы, соңғы 5 жылда азаматтық істердің саны 47 пайызға өскен. Одан бөлек, тек 2014 жылы отандық соттарда бір миллионға жуық іс қаралған екен. Әр іс бойынша кемінде екі тараптың болатынын ескерсек, қаншама адамның сотта сабылып жүретінін бағамдай беріңіз. Енді 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Азаматтық-процессуалдық кодекстің арқасында мұндай келеңсіздіктердің саны азаяды деп үміттенемін.

Жалпы, прокурор процессуалдық мүмкіндіктерін талап арыз беру, тұжырым шығару үшін сот отырысына қатысу, наразылық білдіру және қосымша тексерулер жүргізу сынды тәсілдермен жүзеге асырады. Соған қоса, жаңа кодексте мынадай міндетті категориялар белгіленген. Біріншіден, егер мемлекеттің мүдделері болса. Прокурорлардың сауатты әрі белсенді ұстанымдарының нәтижесінде 2014 жылы 42 миллиард теңге бюджет ақшасының жоғалып кетуіне жол берілмеді. Осылайша мемлекет қазынасының есебінен баюды көздегендердің жолы кесілді. Екінші категория – бұл құқығын өз бетінше қорғай алмайтын тұлғалардың істері. Үшіншісі қоғам мүддесі болса, төртінші категория – прокурор немесе соттың бастамасымен болатын істер.

– Жақып Қажманұлы, қазіргі кезде абайсызда және білместікпен тәртіп бұзып, жазаға тартылатындар өте көп. Олардың дені әкімшілік айыппұлмен шектеліп жатады. Ал сол айыппұлдарды өндіру мәселесі қаншалықты шешімін тапқан?

– Расымен, бүгінгі барлық жазаның 80 пайызы – әкімшілік айыппұл. Десек те, соны уақытында төлемей, мемлекетке зиянын тигізіп жүргендер бар. Сөзіміздің дәлелі ретінде, соңғы 5 жылда 201 миллиард теңге әкімшілік айыппұл өндірілмегенін айтсақ жеткілікті. Осындай олқылықты ескеріп, біз әкімшілік айыппұлдарды өндірудің «Жол картасын» дайындадық. Себебі, бүгін жауапкершіліктен қашып, заңды белден басқандарға қарсы шара қолданбасақ, ертең олар бұдан да ауыр қылмыстарға баруы әбден мүмкін. Президент айтқан «нөлдік төзімділік» қағидасына сай, дәрежесіне қарамастан кез келген қылмыстық факті бойынша кінәлі адам жауапқа тартылуы тиіс.

Елімізде жыл сайын 3,5 миллионға жуық айыппұл салынады. Оның бәріне бірдей бақылау жасап, қамтамасыз ету де оңай шаруа емес. Соған қарамастан, жоғарыда айтқан «Жол картасы» арқылы 2018 жылға дейін әкімшілік айыппұлдарды өндіруді кемінде 75 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Ол үшін ең алдымен барлық мемлекеттік органға ортақ «е-Штрафы» деген электронды жүйе құрылады. Ол жерде әрбір айыппұл төленгенше жіті бақылауға алынады. Егер уақытынан кешігіп жатса, борышкердің ұялы телефонына, электронды поштасына және басқа да байланыс құралына ақпараттар жіберу арқылы ескерту жасаймыз.

Бұл жүйені бүгінде Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитеті әзірлеп жатыр. Жоба келесі жылдың басында іске қосылмақ. Сол кезде азаматтардың заңды құрметтеуіне, құқық бұзушылықтың бұрынғыдан да азаюына және қоғамның қауіпсіздігіне айтарлықтай сеп болады деген сенімдемін.

– Әңгімемізге арқау болған бірқатар мәселе «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айқын көрініс тапқан. Осы ретте аталған Жоспардағы сіздің салаға қатысты басым бағыттарға тоқталып, солар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып берсеңіз?

– Біріншіден, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап берген басты бағдаршам деп айтар едім. Себебі, аталған құжатта барлық сала қамтылып, олардың алдағы уақыттағы міндеттері анық көрсетілген.

Бүгінде біз өзімізге тиісті қадамдарды іске асыруды қарқынды жүргізудеміз. Соның ішінде 16-қадам – азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландырудың маңызы зор. Бұл өзгеріс бойынша бұрынғы бес сатылы сот жүйесі үш сатыға азайтылды. Олар: аудандық соттар – бірінші инстанция, облыстық соттар – апелляция, Жоғарғы Сот – кассация. Соған сәйкес, енді облыстық соттарда кассациялық алқалар таратылады. Ал кассациялық тәртіпте күшіне енген сот актілерін тек Жоғарғы Сот қайта қарайтын болады. Жоғарыда айтқан жаңа Азаматтық-процессуалдық кодекстегі басты өзгерістердің бірі – осы.

Сондай-ақ, азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурорлардың қатысуын қысқарту жөніндегі 26-қадамды жүзеге асыру да өзекті болып саналады. Соның шеңберінде азаматтық істің төрт категориясы бойынша прокурордың қатысуы алынып тасталды. Нақты айтар болсақ, азаматты басқа тұрғын үй беру мүмкіндігінсіз баспанасынан шығару, еңбекақысын өндіріп алу, жұмысқа қайта тұру және өндірістегі жазатайым оқиғадан тыс зиянның орнын толтыру бойынша істер. Алайда, прокурордың қажет жағдайда кез келген сот үдерісіне қатыса алатынын айрықша атап өткен жөн.

Сонымен қатар, 32-қадамда «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» ұлттық ақпараттық жүйесі негізінде «қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» интернет-порталын құру қарастырылғаны белгілі. Қазіргі таңда осы мәселе бойынша да жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл портал арқылы кез келген азамат облыс орталықтарының карталарынан қылмыс болған жерді көре алады. Ол жерде көшесі мен үйі туралы мәліметтер де анық көрсетіледі. Бұл әсіресе, полиция қызметкерлеріне қылмыс жағдайын талдау үшін қолайлы. Бұдан бөлек, азаматтарға қылмыс жағдайы туралы мәлімет алуға, полиция қызметінің тиімділігіне бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.

– Ендігі кезекте әңгімемізді халықаралық ынтымақтастық тақырыбымен сабақтасақ. Себебі, уақыт өткен сайын қылмыстың түрлері мен жасалу әдістері көбейіп келеді. «Жалғыздың үні шықпас» демекші, кейде мұндай жағдайда олармен күресуге бір елдің күші жеткіліксіз болып жатады. Сондықтан мемлекеттер өзара көмек көрсету туралы келісімшарттар жасасып, бірлесіп әрекет етуде. Бұл ретте Қазақстанның жағдайы қандай?

– Елбасы осы мәселеге байланысты Бас прокуратураға мейлінше көп елмен, әсіресе, Еуропа және Америка елдерімен шартқа отыруды тапсырды. Соған орай біз басқа елдермен қылмыстық қудалау саласында үш түрлі шарт жасасуға мүдделіміз. Оның біріншісі, қылмыстық істер бойынша өзара көмек көрсету. Екіншісі, Қазақстанда қылмыс жасап, шетелде жасырынып жүргендерді жауапқа тарту үшін елге қайтару. Сондай-ақ, үшіншісі, шетелде сотталып, сонда түрмеде отырған өз азаматтарымыздың жазасының қалған мерзімін өтеуге елімізге әкелу.

Әрине, бұл жерде Жер бетіндегі әр мемлекетпен жеке-жеке шартқа отырмаймыз. Ол үшін көпжақты конвенцияларға қосылсақ жеткілікті. Сонда бір шарт арқылы бірнеше елмен қатынас орнатылады. Мысалы, ТМД конвенцияларына қол қою арқылы оған мүше 11 елмен келісімге келдік. Бүгінде Еуропа кеңесінің конвенцияларына қосылу үшін жұмыстар жүргізілуде. Талап бойынша ол жерде Кеңеске мүше 47 мемлекеттің барлығының қолдауы қажет. Қазіргі кезде осы үдеріске ерекше мән беріп отырмыз.

Одан бөлек, Қазақстан үшін маңызы бар кейбір елдермен жеке-жеке шарт жасасудамыз. Соңғы 4 жылда сондай 19 шартқа қол жеткіздік. Бұл осыған дейінгі 20 жылдық көрсеткішпен тең. Дәл қазіргі уақытта Ұлыбритания, Австрия, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері сынды 28 елмен келіссөздер жүргізілуде. Оның нәтижесінде тағы 41 шартқа қол қоямыз. Аталған шарттың көбеюі шет мемлекеттердің Қазақстанға деген сенімдерінің нығайып келе жатқанын білдіреді.

Осы жерде ерекше атап өтетін жайт, бастапқыда еуропалықтар бізбен келісімшарт жасасуға аса ынталы болмады. Тек 2012 жылы Елбасының өзі тікелей араласып, оның Испания басшысымен сыйластығының арқасында 3 шартқа қол қойдық. Сөйтіп, Еуропаға есік ашылды. Содан бергі үш жылдың ішінде Қазақстан, Италия, Болгария, Чехия, Румыния және Монако елдерімен 12 шарт жасасты. Одан бөлек, таяуда Ұлыбританиямен құқықтық көмек туралы келісімге қол қойылды. Жыл соңына дейін Сербиямен де осындай құжатқа қол қойылады. Сондай-ақ, Германия, Словакия, Македония сияқты кәрі құрлықтың 10 елімен осындай келісімдер әзірленуде.

Ал Америка елдеріне келер болсақ, олар мойындарына алған 30-ға жуық көпжақты конвенцияға қосылу жұмыстары басталып кетті. Келешекте бұл конвенцияларға қатысушы елдердің көбейе беретінін ескерсек, онда біз байланыс жасайтын мемлекеттердің қатары да арта түседі.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен Еламан ҚОҢЫР,

«Егемен Қазақстан».

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.