Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында елімізде алаяқтыққа қатысты деректердің күрт өскені байқалып отыр. Еліміздің Бас прокуратурасының ұсынып отырған мәліметтеріне сүйенсек, 2014 жылдың қаңтар-наурыз айларында 9 067 алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл дерек өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,4 пайызға артық. Деректер «Біреудің ала жібін аттама» дейтін қазақы тәрбиеміздің аяқасты болғанын аңғартып отыр.

Нарық кезеңінің заңдылығына қалыптаса алмай елдің еншісіне көз алартуға дайын тұратын масылдық психология елдегі осындай қылмыстардың өршуіне себепкер болып отыр. Республикадағы жұмыссыздар санының артуы мен ізгілендіру негізінде түрмелерден босатылып жатқан азаматтардың қайта қылмысқа барып, жеңіл табысқа оңай кенелудің жолдарын іздеуі  Бас прокуратура ұсынып отырған жоғарыдағы мәліметке негіз. Біреудің несібесіне ортақтасып, жолдан табыс табуды мақсат тұтатын алаяқтармен күрес қарқынды жүріп жатыр. Алайда, құқық қорғау жүйесіндегі бұл күрестің нәтижесі көңіл көншітпей тұр. Ендеше, алаяқтықпен күресудің өзге жолдары қайсы?

Былтырғы жылдың алғашқы үш айында 1403 адам алаяқтық ісімен ұсталса, биыл осы мерзімде 2177 алаяқ қолға түскен. Алайда, олардың басым бөлігі, яғни, 1180-і босатылған. Тек, 997 алаяқтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Прокурорлардың айтуынша, алаяқтар, көбінесе, ақшаға көз тігеді екен. Ал, олардың арбауына әйелдер жиі түсетін көрінеді. «Құрыққа түскен азаматтардың ортақ ерекшелігі – заңды білмеуі. Жалпы, мәселені талдау барысында алаяқтық қылмыстардың көп жағдайда, тиісті алдын алу шараларын дер кезінде қолға алмауынан болатынын көрсетті. Құқық қорғау және мемлекеттік органдар арасында нақты байланыс жоқ», – дейді құзырлы мекеме өкілдері. Азаматтар аңғалдықтарының арқасында ақша айырбастау, ұялы телефоннан хабарласу секілді өтініштерге сеніп, алаяқтарға алданып қалып жататын көрінеді. Сондай-ақ, соңғы кездері телефон арқылы хабарласып, «жақыныңыз келеңсіз жағдайға тап болды» деп үптеп кететіндер де жиі кездескен. Өзгенің жылжымайтын мүлкін, көлігін алаяқтықпен иеленіп кететіндердің де көбеюі өзекті мәселе болып отыр. Жұмысқа орналастыруға уәде бергіштер мен мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау жұмыстарына көмектесуге уәде ететін алаяқтар да көбейген. Демек, жалпы халыққа осындай жағдайларда абай болу керектігін алдын ала ескерту қажет. Құзырлы орын өкілдері қазақстандықтардың алаяқтықпен жиі айналыса бастауының сырын осыдан іздеп отыр. Ал, мамандар не дейді?

Лимана ҚОЙШИЕВА,

«Сенім» психологиялық көмек көрсету және алдау-арбау жағдайларының алдын алу орталығының жетекшісі, психолог:

«Бұл мәселеде жалғызбасты қарттарға көмек қажет»

– Алаяқтар, әдетте, адамдардың жеңіл пайда табу, бір нәрсеге оңай әрі тез қол жеткізу сияқты қасиеттерін ескеріп, өз ісіне оңтайлап алады. Олар, негізінен, әртістік дарыны бар, өтірікті шындай етіп жеткізетін айлакерлігі басым адамдар болып келеді. Сондай-ақ, таза әрі әдемі киінеді, асықпай сөйлеп, әзіл-қалжың айтады, адамның көзіне тура қарап, барынша сенім тудыруға тырысады. Алдау-арбау жолында жүрген жұбайлық жұптар да кездеседі. Олар тез әрекет етіп, басқадай ақпарат алуға мүмкіндік бермейді. «Тез шешім қабылда, әйтпесе, үлгермейсің» деп асықтырады, ойлануға уақыт қалдырмайды. Жылдам шешім қабылдау қажет болғандықтан, зардап шегуші оның ұсынысын қабылдауға мәжбүр болады. Жапа шеккен адамдар әдетте: «Не болғанын түсінбей қалдым», «Гипноз жасады ғой деймін», «Ол сондай сенімді сөйлегендіктен нанып қалдым», – дегенді жиі айтады. Алайда, адамдар алданбаймын деп тұрса да ондай жылпостардың айтқанын қалай істеп, жетегінде кеткенін білмей, сезбей де қалады. Әсіресе, бүгінде жалғызбасты қарттардың үйін тартып алып жатқан алаяқтар көп. Сондықтан, жылжымайтын мүлік алаяқтардың басты көздегені екенін ескере отырып, әлеуметтік қызметкерлер жалғызбасты қарттарға көмектесіп, олардан сақтандырса екен.

Марат БӘШІМОВ,

Еуропалық құқық пен адам құқығы сараптамалық институтының директоры:

«Ең бірінші себеп – әлеуметтік жағдайдың төмендігі»

 – Өз басым елімізде алаяқтардың көбеюінің себебін әлеуметтік жағдайдан іздеймін. Елімізде жұмыссыздық көп. Бәрі қымбат. Ақша керек. Еріксіз алаяқтық жолмен ақша тапқысы келеді. Сондықтан, алаяқтықтың көбеюінің ең бірінші себебі әлеуметік жағдай деп білемін. Екіншіден, халықтың құқықтық сауатының төмендігі. Сол себепті, халқымыздың құқықтық сауатын көтеру керек.

Ғабиден ЖАЙЛИН, заңгер:

«Халықпен бірлесе жұмыс жүргізу керек»

–  Алаяқтық – алдау немесе сенімге кіру арқылы бөтеннің мүлкіне қол сұғу, иә болмаса, бөтен мүліктің құқығына ие болу арқылы іске асатын қылмыс болып табылады. Алаяқтықтың негізгі принципі – өзі құрбан етіп отырған адамды алдау арқылы өзіне ақша, мүлік, басқадай нәрселердің құқын ерікті түрде бергізу. Көп жағдайда алданған адамдар өзінің алданғанын білсе де, құқық қорғау органдарына өтініш бермейді. Өйткені, оңай алданып қалғанына арланады, екіншіден, арыз түсіргенімен ештеңе өнбейді деп есептейді. Үшіншіден, мұндай қылмысты дәлелдеу өте қиын. Кейде олар топ болып әрекет етіп, өз құрбандарын алдын ала жоспарға сәйкес үгіттеп, алдайды. Олар адамның бір нәрсеге қызыға қарау, әуестік тәрізді психологиялық ерекшелігін ескеріп, соны пайдаланып кетеді. Осыған орай, алаяқтықтың алдын алу үшін құқық қорғау органдарына халықпен бірлесе жұмыс жүргізу керек.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ 

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.