Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақ даналығында «Тұлпардың да тұлпары бар, қазанаты бір бөлек, жігіттің де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген аталы сөз жайсаң азаматтарға, жақсы адамдарға қаратып айтылған ғой. Өмірдің әртүрлі ағыстары адамды шыңдап, алға жетелей түседі. Кеудесінде адамдық сезім, санасында сәуле қалыптасқан адамдардың абырой биігіне көтеріліп, елдің ықыласына, айналасының алғысына бөленетіні шындық. Сондай жаны жайсаң азаматтардың бірі деп Нұрмаханбет Исаевты айтуға болады.

Өмір бізді ертерек табыстырды. Арман қуып Алматы сияқты алып шаһардан білім іздедік. Болашақта жоғары білімді маман болып, елге пайда тигізуді ойладық. Мен Нұрмаханбет Молдалыұлымен алғаш рет 1974 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түскенде кездестім. Ол сол уақытта аталған университеттің екінші курс студенті екен. Оның алғырлығы, табандылығы бірден байқалды. Студенттік жылдардың өзінде өте белсенді болып, оқу озаты атанды.

Өмірдің ағысы адамды әр тарапқа тартады. Бірақ адамның сенімі мен ойына алған мұраты алға жетелей береді. Кейінгі жылдары мен Жамбыл облысындағы Жамбыл ауданы прокурорының көмекшісі қызметіне тағайындалдым. Мұнда тағдыр бізді тағы да тоғыстырды. Ол осы ауданда прокуратура тергеушісі қызметін атқарады екен. Қайта табысып, бірлесе еңбек еттік. Ол кісі қызметіне адал, қарапайым тұлға. Үнемі жас мамандарға жол сілтеп, ақыл-кеңесін айтқанын талай көрдім. Менің қызметтік жолымда да алатын орны бөлек.

Өмір бір орнында тұрмайды. Кейіннен Нұрмаханбет Молдалыұлы облыстық прокуратураға қызмет ауыстырды да, мен Жамбыл аудандық прокуратура тергеушісі қызметіне кірістім. Тағы да бір салада осылай қызмет еттік. Әрдайым қазақы қалпын сақтаған, ұлтымыздың ұлы құндылықтарын қадірлей білетін әділ, ақиқатшыл азаматтың әрбір жетістігі біз үшін үлкен мақтаныш. Қашанда абырой биігінен көрінген, тірлігіне тындырымды Нұрмаханбет Исаев кейіннен өзінің жан-жақты қарым-қабілеті мен біліктілігінің арқасында Меркі, Шу аудандарының прокуроры қызметтеріне тағайындалып, сол аудандарда да жемісті қызмет атқарып, биік белестерден көрінді.

Ерінбей еңбек етіп, қызметіне адал болған адамның шықпайтын биігі, аспайтын асуы болмайды. Өзінің осындай ерекше қабілеттерінің арқасында еліміздің өзге аймақтарында және еліміздің Бас прокуратурасының аппаратында лауазымды қызметтерде болды. Қандай қызметте жүрсін Нұрмаханбет Исаев елдік мүддені бірінші орынға қойған азамат. Ол кісінің еліміздің заң саласында атқарған еңбегі де ерен. Алматы қаласы прокурорының орынбасары, Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары, Павлодар облысының прокуроры, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау департаментінің басшысы қызметтерінде де еңбектің барлық сатысынан өтті. Өзінің білікті әрі тәжірибелі маман екенін көрсетті. Жас күнінде алған білім, қалыптасқан қажыр-қайрат пен ұлттық сезім оны биіктерге жетеледі.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары қызметін атқарып отырған Нұрмаханбет Исаев мемлекетіміздің қылмыстық жүйесіндегі реформаларға тікелей ықпал етті. Сонымен қатар, ол кісінің негізгі жетістігі тәуелсіз мемлекетіміздің игілігі мен тыныштығы үшін қызмет атқарып жүрген көптеген прокурорларды тәрбиеледі. Еңбегі ақталып, шәкірттері де абырой биігінен көрініп жүр.

Бірнеше күннен кейін асқаралы алпыс жасқа толайын деп отырған Нұрмаханбет Молдалыұлының өмірлік тәжірибесі мен қарым-қабілеті кейінгі жастарға үлкен үлгі. Егемен елімізге қызмет етуден артық абырой жоқ деп білген азаматтың абыройы асқақ, мәртебесі биік бола берсін.

Қыдырәлі ОСПАНОВ,

Әділет министрлігінің Алматы қаласындағы

есірткінің сот сараптамасы институтының директоры.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.