You are here

700 САЙТТЫҢ ӨНІМДЕРІН ЖАРИЯЛАУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Астананың Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер Бас прокурорлары үйлестіру кеңесінің 25-ші отырысы өтті. Көпжақты ынтымақтастықты толықтыра түсетін алқалы бас қосу бүгінде дүние жүзіне қауіпті түйткілді мәселелерді талқылап, оларды шешудің жолын айқындаудың тиімді мүмкіндігі болып отыр. Кешегі өткен жиын да әлемнің қауіпсіздігіне қатысты ой-толғам, пікір-ұсыныстың еркін де ықпалды алаңына айналды. Оған Шанхай ынтамақтастығы ұйымына біріккен алты мемлекет, яғни, Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан Тәжікстан елдерінің бас прокурорлары қатысты. Сонымен қатар, халықаралық отырыстың мәртебелі меймандары санатында бақылаушы мемлекеттер – Ауғанстан, Беларусь, Үндістан, Моңғолия, Иран және Пәкістанның да бас прокурорлары болды.

Қонақтар жер шары халқының жартысынан астамының өкілдері еді. Осы фактінің өзі отырысты ашып, ондағы негізгі баяндаманы жасаған Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың айтуынша бұл басқосудың, ондағы көтерілген тақырыптың дүниежүзі үшін айрықша маңыздылығын көрсетеді. Жиында талқыға ұсынылған мәселе жер шары үшін өзекті болып тұрған лаңкестік пен экстремизмге қарсы күрес, есірткі тасымалына, заңсыз миграцияға тосқауыл қою болды.

Өз кезегінде Дауылбаев мырза экстремизм мен лаңкестік бүгінгі күннің өзекті тақырыбы болып тұрғанын нақты дәлелдермен атап көрсетті. Бұл қылмыстың қатерлілігі оның шекарадан тыс болып тұрғандығымен айқындалады. Сондықтан да, экстремизм мен лаңкестік халықаралық сипатқа ие болып және әскери қуаты мен діни сеніміне қарамастан, барлық мемлекетті онымен күреске дайын болуы қажеттігін міндеттейді.

«Басқа азаматтар мен қоғамның мүддесіне көз жұмған радикалды көңіл күйдегі тұлғалар адами құндылықтарға шекесінен қарауда. Олар бұл жолда ештеңеден тайынбай отыр. Бұған белгілі деңгейде қоғамның да жаһандануы  әсер етіп жатыр. Соған сай тәсілдерін, қызметін өзгертіп жіберетін экстремистер мен лаңкестерге қарсы тұрып, олардың әрекеттеріне тосқауыл қою қиын. Және нысандары мен мақсаттарын айқындау да оңай емес. Мұның бәрінен айналып келгенде ғаламшардың бейбіт тұрғындары мен балалар зардап шегіп жатыр», – деді осы ретте Дауылбаев мырза. Оның айтуынша, Қазақстанда экстремистік және лаңкестік ретінде танылған 21 ұйым бар. Олардың жұмысына сот тәртібімен тыйым салынған. Және сот арқылы Сирия мен Ирактағы лаңкестердің қатарына қосылуға шақырған видеороликтер де заңсыз деп танылды.

Өз кезегінде экстремистік мазмұндағы материалдардың ғаламтор арқылы таралуына байланысты шамамен 660 ақпараттық материал мен 700 сайттың өнімдерін жариялауға және таратуға шек қойылды. Қазақстан үшін есірткінің жаңа түрлерінің пайда болуы өзекті мәселе болып отыр. Өйткені, оларды анықтау мамандардың тапшылығынан қиын. Мәселен, «спайс» сынды шылым қоспасы бар жаңа синтетикалық есірткілердің үлгілерін сараптап, анықтау үшін білікті сарапшыға ділгірлік бар. Мұндай тығырықты жағдайдан шығу үшін, Дауылбаев мырзаның айтуынша, есірткі тасымалы мен таралуына қарсы күресте ұйымға мүше елдер бірігуі қажет.

Бұл ретте ол БҰҰ Есірткінің заңсыз айналымы және қылмыспен күрес жөніндегі басқармасының Таиландта көрші елдермен бірлесіп, есірткінің жаңа түрлері туралы ақпараттандыру жүйесін енгізгенін мысалға келтірді. Есірткінің жаңа үлгілері аталған елдерде арнайы жабдықталған зертханада тексеріледі екен. Мұның тиімділігі сол – есірткінің жаңа түрлерін зерттеу уақыты мен шығындарын айтарлықтай қысқартады. Осы жайлы айта келіп, еліміздің бас прокуроры шетелдік әріптестеріне Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы аясында жаңа есірткі заттарының үлгілері жөнінде бірыңғай мәліметтер қорын құру туралы ұсыныс жасады. Оның айтуынша, бұл ретте БҰҰ ұйымының бүгінде жұмыс істеп тұрған арналарын пайдалану ұтымды болмақ.

Жиын қорытындысы бойынша халықаралық деңгейдегі өзекті қауіп-қатерлерге, олардың ішінде алдымен лаңкестік пен экстремизмге, есірткінің және қарудың заңсыз айналымы мен заңсыз миграцияға, трансшекаралық қылмыстың өзге де түрлерімен күрес жөнінде хаттама қабылданды.

А.ҚҰРМАНҒАЛИ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.